Соңғы науқас сауыққанша үйге қайтпаймыз

 Өзімнің  медицина саласындағы 12 жылдық тәжірибемде дәл қазіргідей күрделі кезеңге куә болған емеспін. Әрине, инфек­ционист-дәрігер ретінде кейбір жұқпалы кеселдердің бас көтерер маусымында жұмысымыз біршама күрделенетіні белгілі. Бірақ, дәл қазіргідей қауіп-қатерге толы жағдаймен бірінші рет ұшырасып отырмыз. Сондықтан бұл менің әріптестерім үшін сын кезеңі деп ойлаймын.
Шетелдерде індет тарағаннан бастап, бізде де дайындық шаралары қолға алынды. Оқу-жаттығулар өткізіліп, медицина қызметкерлері арнайы дайындықтан өтті. Бүгінде қауіпті індеттің бетін қайтару үшін жұмыс жасап жатырмыз.  Аймақта індет жұқтырғандар енді анықтала бастаған кезде біздің ауданда бірінен соң бірі шығып, жағдай күрделі болды. Бүгінде ауданда індетке шалдыққандар саны 19- ды құрап отыр. Алғашқы науқас анықталған күннен бері үйімізге қайтпай еңбек етудеміз. Отбасымыздан жырақ жүргенімізге 17 күн болыпты. Әрине, бұған еш қынжылмаймын. Өйткені біздің міндетіміз – науқастарды дертінен тезірек айықтырып, аман-есен отбасыларына қайтару.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еңбегімізді ескеріп, айлығымызға қосымша төлемақы төлеуге шешім қабылдап, тиісті орындарға нақты тапсырма берді. Біз еткен еңбегімізді сатпаймыз, әрине. Қосымша ақша төленеді деп ойлаған да жоқпыз. Бірақ Мемлекет басшысының мұндай қолдауы әріптестеріме дем беріп, қанаттандырғаны анық. Сол үшін сала қызметкерлері атынан зор алғыс айтамыз. Мен наурыз айының жалақысына қосымша, жұқпалы аурулар бөлімінде  індет жұқтырған науқастарды емдеу­мен айналысқан 29-31 наурыз күндердегі жұмыстарым үшін 248 000 теңге үстеме төленгені туралы ұялы телефоныма хабарлама келгенде қатты қуандым.
Мен осы індетпен ауырған науқастардың ең соңғысы сауығып, үйіне қайтқанша жұмыста боламын. Біз үшін ең маңыздысы – қауіпті індеттің таралуына жол бермеу, індет жұқтырған науқастардың аман-есен сауығып кетуі. Біз бәрін де жеңеміз, елдің сенімін ақтаймыз!

Әсел СЕЙІЛОВА,
Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінің дәрігер-инфекционисі.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 сәуір 2020 г. 399 0