Президент тапсырмасы пәрменді түрде орындалуы тиіс

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасарлары, құқық қорғау органдары мен басқарма басшылары, сондай-ақ Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері бейнеконференция байланысы арқылы қатысты.

Жиында аймақ басшысы алдымен коронавируспен күресті күшейту, төтенше жағдай кезінде экономиканы тұрақтандыру және халықты әлеу­меттік қорғау шараларының маңыз­дылығына тоқталды деп хабар­лайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі төтенше жағдай режимін сәуір айының соңына дейін ұзарту жөнінде шешім қабылдады. Қазір біздің алдымызда шұғыл әрі нәтижелі шаралар арқылы індетті ауыздықтап, Президент берген тапсырмаларды уақытында әрі мүлтіксіз орындау міндеті тұр» деді облыс әкімі.

Облыс әкімінің орынбасары Н.Байқадамов коронавируспен күрес шараларының жүргізілу барысын баяндады. Оның айтуынша, аймақта 119 адам қауіпті індет жұқтырған. Вирус тасымалдаушы болуы мүмкін азаматтар бақылауға алынып жатыр.

Бұдан бөлек, жиында «Жұмыспен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында облыста 276 жобаның жүзеге асырылатыны айтылды. Сол арқылы 9 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Аймақ басшысы іске асырылатын жобаларға жергілікті құрылыс заттары қолданылып, қаражатты мақсатты игеруді тапсырды.

Аймақта табысынан айырылған және әлеуметтік осал топ өкілдеріне жа­татын 76 452 азаматқа 42 500 теңге ау­дарылды. Өтініш бергендердің жалпы саны 80 мыңнан астам. Сондай-ақ, «Біз біргеміз» акциясы аясында 6313 отбасына 50 мың теңгеден бе­рі­­летін қаражат «Қазпошта»  АҚ есеп­­­шотына түсті. Алдағы күндері мұқ­­таж азаматтардың бірінші то­бы қол жеткізеді. Тізім тағы да толықтырылады. 

Білім беру саласына байланысты, аймақта 30 колледж, 293 мектеп қашықтан оқыту жүйесіне көші­рілді. Бірақ, жүйеде әлі де олқы­лықтар кездеседі. Аймақ басшысы білім басқармасы мен қала және аудан әкімдеріне телеарна, интернет-платформалардың мүмкіндігін толық пайдаланып, оқыту процесін барынша тиімді ұйымдастыруды жүктеді.  

Ал коронавируспен күресте ал­дыңғы шепте жүрген медицина қыз­меткерлерін қолдау мақсатында өңірде 366 қызметкерге үстемақы төленді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, вируспен күреске жұмылдырылған медицина қызмет­керлеріне жан-жақты қолдау көрсету керек. Біркүндік мерзімде кімге қандай көмек қажеттігін анықтаңыздар. Бұған қоса, коронавирус инфекциясы тара­луының алдын алу және емдеу шараларына қажетті жабдықтарды жеткізіп беру керек» деді облыс әкімі.

Жиында аймақ басшысы Жаңа­қорған, Шиелі және Сырдария ауданында індетпен күрес жұмыстарының тиісті деңгейде жүргізілмегенін атап өтті. Осыған орай, әрбір аудан тиісті шешімдер қабылдап, қауіпсіздік шараларын толық бақылауға алуы тиіс. «Көпшілік шараларды өткізуге тағы бір мәрте жол берілсе, аудан әкімдеріне қатаң шара қабылдаймыз»,- деді аймақ басшысы.

Отырыс барысында, облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов өңірдің азық-түлік нарығындағы ахуал мен көктемгі дала жұмыстарының барысын баяндады. Оның айтуынша, өңірде 3 айлық азық-түлік қорын қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын негізсіз қымбаттатқан кәсіпкерлерге айыппұл салынады.

Сондай-ақ, биыл 183 мың гектар жерге дәнді дақылдар егіледі. Көктемгі дала жұмыстарына 14 мың тонна дизель отыны бөлінген. Жанармай арзандатылған бағада жеткізілуде. Күріш егу жұмыстары 20 сәуірден кейін басталады.

Гүлшара Әбдіқалықова облыста әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының қымбаттығын тілге тиек етті. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне бақылауды күшейтуді міндеттеді.

«Азық-түлік бойынша бізде бірнеше өнімнің бағасы көтерілді. Жұмыртқа, қарақұмық, ет. Осы мәселені қолға алу керек. Қаланың барлық жерін аралап, тексеру жүргізіңіздер. Сосын тұрақтандыру қорындағы өнімдер жеткілікті болуы тиіс. Қазір көктемгі егіс науқаны басталды. Бұл – біз үшін күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін шаралардың бірі. Бір жағынан вирусты жұқтырмау жағын қарап, жұмысты жалғастырыңыздар. Әсіресе, Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарындағы індеттің ошағы болған ауылдар көктемгі дала жұмыстарына қажетті шараларды дер кезінде қабылдауы қажет. Себебі, «Көктемнің бір күні жылға азық» деді өңір басшысы.

Жиын соңында аудандарға дәрігер­лердің жатын орындары мәселесін шешу тапсырылды. Олар вируспен бетпе-бет күресіп жүргендіктен, жайлы жағдай жасалуы тиіс. «Ал облыс орталығында сағат 21.00-ден кейін қозғалысқа мүлде жол берілмеуі қажет» деді облыс әкімі.

«СБ» ақпарат.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2020 г. 430 0