Бүгіннен бастап Қызылордада қоғамдық көлік жүрмейді

Қызылордада 14 сәуірден бастап қоғамдық көлік қозғалысына толық тыйым салынады.
 Бұл шара облыс орталығындағы эпидемиологиялық ахуалдың күрделі болуына байланысты қабылданып отыр. Қазір Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған 119 науқас бар. Оның ішінде 12 адам облыс орталығында тұрады.
 «Аталған мақсатта арнайы қабылданған қаулы бар. Соған сәйкес тиісті шешім қабылданды. Енді 14 сәуірден бастап қоғамдық көлік қозғалысына толық тыйым салып отырмыз. Қаулыда мемлекеттік ұйымдар, барлық мекемелер және кәсіпкерлік орындары қашықтан жұмыс істеу жүйесінде қызмет атқару қажеттігі көрсетілген. Ол мекемелер орналасқан ғимаратта қызмет жасайтын мамандар саны қысқарады. Сондықтан барлық жұмыс беруші өз қызметкерлерін мекеме көлігімен тасымалдауға мән бергені жөн», - деді Қызылорда қалалық бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жанар Жетілгенова. 
Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридинов бұл шешім азаматтардың қауіпсіздігі үшін қолға алынып отырғанын жеткізді.
«Аталған шешімді тектен текке қабылдап отырған жоқпыз. Қауіпті дерттің әрі қарай тарамауына тосқауыл қою мақсатында қолға алынды. Облыс орталығында адамдардың жүріп-тұруын азайту арқылы дерттің бетін қайтаруға әбден болады», - деді Б.Нұридинов. 

Әділжан ҮМБЕТ.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 сәуір 2020 г. 480 0