Тосқауыл тәртібіне түсіністік қажет

Облыс бойынша, яғни, аудан мен қалааралық үш санитарлық бақылау посты және 32 тосқауыл бекеті бар. Барлығы 35 бекетте арнайы мамандар тәулік бойы жұмыс істеуде. Төтенше жағдай кезінде тәртіпке бағынбай, елдегі ахуалға көз жұма қарайтындар да жоқ емес. Жоқ емес деп сыпайылап жеткіздік, әйтпесе үйде оқшауланбай, ел ішін қара жаяу кезіп не көлікпен жүйткіп, аталған дерттен сақтануды ұмытқандардың қарасы қалың. Ал аймақта коронавирус індетін жұқтырғандар күннен күнге артпаса, кемімеді. Өкініштісі осы.

Қызылорда қаласына кіре­беріс жолдар бойына бес тосқауыл бекеті орнағанын біз бұған дейін де хабарлағанбыз.  Олардың біріншісі – Президент саябағы тұсында, ал екінші бекет – «Эдельвейс» саяжайы маңына қойылған. «Қызылорда-Жалағаш» автожолы Қараөзек елді мекені тұсында 3-бекет жұмыс істесе, «Қызылорда-Жезқазған» автожолы бойын­дағы Абай ауылы тұсында 4-бекет орналасқан. Соңғы, бесінші тосқауыл бекеті «Шиелі-Қызылорда» автожолында екені әбден түсінікті.

Әр бекетте арнайы әскери бөлімнен 14 әскери қызметкер екі ауысыммен жұмыс істеуде. Арнайы техникадан бөлек, адам тасуға арналған көлік те бар. Шатыр да тігілген. Әскерилерге қосымша облыстық полиция департаментінен бір патрульді экипаж, 2 қызметкер бөлініпті. Бұған аймақтың денсаулық сақтау басқармасынан бір экипаж жедел жәрдем қызметін қосыңыз. Медқұрамда  2 фельд­шер, 1 жүргізуші бар. Бекет­тегі барлық қызметкерлер меди­циналық қорғаныс киімдерімен қамтылған.

Біз Президент саябағы тұсындағы тосқауыл бекетінде болдық. Қалаға жақын ауылдар, саяжай тұрғындары арнайы анықтама арқылы өтіп жатты. Құқық қорғау қызметкерлерінен бөлек, арнайы әскери жасақ қызметкерлері қатаң тексеріс пен көліктер қозғалысына жауапты. Медбикелер бекеттен өтуші әр жүргіншінің дене қызуын қадағалауда.

– Әр адамның қызуын өл­шеп, байқалса, тиісті мекен-жайы арқылы тіркеуде тұратын емханаларға жолдап отырмыз. Тағы бір айтатын жағдай, шет елден келген үлкен көлік жүргізетін азаматтар жергілікті жердің тұрғыны болса, оларды да тиісті емханаға хабарлап, бірден оқшаулаймыз. Тіпті дене қызуы болмаса да, – дейді медбике қыз.

Бекет басында кей-кейде түсінбеушілік болып, тұрғындар тарапынан реніш туып жатады. Карантин кезінде шектеу – дерттің алдын алудың бірден-бір кепілі екенін мұндағылар түсіндіріп әлек. 

– Қалаға кіру әлдеқайда күрделі. Жұмыс орным бер­ген анықтама арқылы ғана қатынаймын. Өйткені өзім орта­лықта жұмыс істеймін. Тәр­тіпке көнген барлығымызға да дұрыс. Жағдайдың тез түзелгені өзімізге жақсы ғой, –дейді «Эдельвейс» саяжайының тұр­ғыны Роза Дүйсенова.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің  7 сәуір күні  №7 қаулысы шыққанын баса айт­қан жөн. Онда көрсетілген тұр­ғындар мен көлік қозға­лы­сындағы шектеулерге аса қатты мән берілуде. Қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында қала ішіндегі тұрғындар мен көлік қозғалысын шектеуге 4 жерге 11 патрульдік полиция бақылау бекеті қойылды. «Сол­түстік темір жол» көпіріне (Гагарин шағын ауданы) үш, Қорқыт ата мен Жаппасбай батыр көшесіндегі қиылыста ор­на­ласқан өткел маңына орна­ласқан (жергілікті жұрт «Ком­мунизм» тесік көпірі деп атайды) екі патрульдік бекет болса, «Аспалы көпірге» төрт және Тасбөгет кентіне кіре­берісте екі патрульдік бекет орна­ластырылған. Мұн­дай шара­лар барлық аудан орта­лық­та­рында да қабылданды.

Қаулыға сәйкес, карантин кезінде ұжымдық, отбасылық жиындарға, көрші, туған-туыстарға баруға тыйым салынған. Тұрғындардың кешкі сағат 21:00-ден таңғы сағат 06:00-ге дейін жүруіне жол берілмейді. Ал күндіз сағат 06:00-ден 21:00-ге дейінгі аралықта тек жақын радиустағы дәріханалар мен азық-түлік орындарына 1 адамнан артық жүруге болмайды. Сондай-ақ, 55 жастан асқан азаматтар көшеге шықпағаны жөн.

Біз телефонмен тілдес­кен облыстық полиция депар­таментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бас­тығы Бауыржан Ибраев қала іші мен облыс орталығына кіреберіс бекеттер жайын айтып берді.

Оның айтуынша, бекет­тердегі қызметкерлердің то­лық­қанды жұмыс жасауына жағдай бар.  Ауа райы қолай­сыздық тудырғасын, шатырлар құрылып, жарық және байланыс құралдарын орнату жұмыстары жүргізілді. Мұндағы қызмет­керлерді ыстық тамақпен қам­тамасыз ету мәселесі шешілген.

– Карантинді түсінбейтін азаматтар бар. Біз әр тұрғынмен сөйлесу барысында ашық пікірлесіп, түсіндірме жасап келеміз. Жеке көлік иесі арнайы жұмыс орны ұсынған анықтамамен ғана жүре алады. Онда да жұмысқа қатынау үшін. Мысалы, сіз барған саябақ маңындағы бекеттен өтетін адамдар арасында  қалаға қатынап істейтін құқық қорғау қызметкері, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандары болады ғой. Оларды соған сәйкестігін анықтап қана қалаға кіргізе аламыз. Қала ішіндегі жеке көлігі бар азаматтар өзі тұратын шағын ауданынан тұ­рақты жұмысы болмаса да шығып жатыр. Түрлі сыл­тау айтып, азық-түлік не дәрі­ханаға баратынын айтады. Сол қажеттіліктер өзі тұратын жерде де бар емес пе?! Ретсіз қозғалып, талаптарды орын­дамаған тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тар­ты­латы­нын ескертеміз. Індет­тің таралуына жол бермеу мақсатында қолданылып жатқан шараларға түсіністік танытып, бізді де қолдап, үйлеріңізде болуларыңызды сұраймыз, – дейді полиция полковнигі Б.Ибраев.

Аймаққа кіру кезіндегі карантин тәртібі әдеттегіден де күшейген. Сонымен қатар, облыс шекарасында екі бағытта 3 санитарлық бақылау бекеті қойылған. Бірінші бағыт  – Арал ауданы «Шымкент-Самара» автожолында. Бұл бекетте полиция департаментінен 8 қызметкер мен 2 медициналық қызметкер және 2 санитарлық дәрігер жұмыс істеуде.

Екінші бағыт – Жаңақорған ауданы «Шымкент-Самара» автожолының Бірлік елді мекені тұсында орналасқан. Мұнда да 6 полиция, 2 медқызметкер, 2 санитарлық дәрігер бар. Үшіншісі де – осы Жаңақорған ауданында. «Көктөбе» елді мекені тұсында орналасқан санитарлық бекетте де, жоғарыда айтқандай, арнайы құрам өз қызметтерін атқарып отыр.

Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 сәуір 2020 г. 395 0