« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Жаһанды жайлаған індеттің қаупі жан-жақты түсіндіріліп, сақтану шаралары қарқынды жүргізіліп жатқанына қарамастан, жұмбақ дерт Сыр өңірінде де сындарлы күйде тұр. Наурыздың аяғына қарай бірлі-жарым бой көрсеткен вирус аз уақыттың ішінде белең алды. Бүгінде өңірде індет ілмегіне іліккендер саны күннен күнге көбейіп отыр. Соның ішінде Шиелі ауданынан 52 науқастың шығуы жағдайдың шын мәнінде күрделі екенін білдірсе керек.
Осы орайда облыс орталығы мен ауру көп тіркелген аудандарды карантинге алу жөнінде шешім қабылданды. Қазір инфекцияның таралу қаупін төмендету үшін Қызылорда қаласы, Жаңақорған кенті және Шиелі ауданына қарасты Ш. Қодаманов ауылы карантиндік режимге көшті. Жаңа науқастардың тіркелуіне байланысты Балаби ауылы карантинге жабылды.
Осы орайда ахуалды білу мақсатында Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиевамен телефон арқылы байланысқа шықтық. Белгілі болғанындай, індет жұқтырған 52 адамның 42-сі Ш.Қодаманов ауылының тұрғыны. Карантинге жатқызылғандардың 60 проценті де осы ауылдың азаматтары. Бүгінде науқастанғандардың 47-сі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалданып, ем алуда. Ал аудандық жұқпалы аурулар бөлімінде бес науқас жатыр. Оған қоса, провизорлық бөлімде 7 күдікті, карантиндік бөлімде 184, үй жағдайында 143 адам бақылауда.
Шиелі аудандық ауруханасында індет таралуының алдын алу бойынша бірқатар іс-шаралар қабылданды. Аурухананың ескі ғимаратынан 7 инфекциялық, 15 провизорлық және 100 карантиндік орын дайындалып, құрамында 6 қызметкер бар медициналық бекет жасақталды. Әр бекетке бір дәрігер, екі мейірбике, екі тазалықшы. Індеттің аудан ішінде тез таралып, жағдайдың күрделенуіне байланысты аудан әкімдігінің қолдауымен карантиндік орындар 200-ге дейін көбейтілді. Қажеттілікке байланысты аудандық агроколледж ғимараты қосымша пайдалануға берілді. Медициналық көмек көрсететін 60 қызметкер арнайы бұйрықпен бекітілген кезекшілік кестесі бойынша жұмыс істеуде. Олардың арасында екі инфекционист, екі эпидемиолог, бірнеше жалпы тәжірибелік дәрігер бар, – деді Бақтыгүл Сағидоллақызы.
Сондай-ақ, ол барлық мамандар бірреттік киімдермен, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етілгенін айтты. Ауданда жол қозғалысын бақылайтын 6 бекет ашылып, медициналық қызметкерлер, жүргізушілер үш ауысымда тәулік бойы жұмыс істеуде. Теміржол вокзалында да бекет ашылып, онда медицина мамандары екі ауысымда еңбек етуде.
Қалыптасқан эпидахуалға байланысты ауданның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Кенжебек Әбішевке хабарласқан едік. Ауданда жұмыс барысымен жүрген облыстың мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымованың өзі байланысқа шықты. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, ауданға қарасты Ш.Қодаманов елді мекенінде топтасқан жағдай тіркеліп отыр. Анығын айтқанда, 23 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан келген қыз бала 25 наурызда құрбыларымен басқосу жасайды. 27 наурыз күні келесі басқосу ұйымдастырылады. Осылайша үй ішіндегі бес адамнан бөлек басқосуға жиналған 30-дан аса жанмен қарым-қатынас орнатады. Осының негізінде вирус тізбектеліп жалғаса берген.
– Бүгінде елді мекен толықтай карантинге жабылды. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін Тараз қаласының 21/356 әскери шекара бөлімінен жауынгерлер көмекке келіп, жұмылдырылды. Одан басқа, орман шаруашылығы қызметкерлері де автокөліктерімен шашырату арқылы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, Жаңақорған аудандық ұлттық сараптама орталығы аудандық бөлімшесінің мамандары да көмекке келіп, індет ошақтарын залалсыздандырды, – деді Ә.Әбдіқайымова.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, қиын күндерде бір-бірімізге қолғабыс беріп, көмек көрсету ләзім. Әлия Мүтәліпқызының айтуынша, ауданға Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясынан жылжымалы автолаборатория шақыртылып, қондырғы орнатылды. Бұл – зерттеуді аз уақыт ішінде жүргізіп, ауруды ерте анықтау мақсатында жасалып отырған оңды қадам. Ол үшін Алматы қаласындағы Айқынбаев атындағы Қазақ зооноздық және карантиндік жұқпалы аурулар жөніндегі ғылыми институтынан арнайы маман шақыртылған.
Айтып өткеніміздей, анықталған науқастар негізінен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына тасымалдануда. Әйтсе де, аудан дәрігерлері облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы мамандарымен телемедицина арқылы байланысып, қажет кезде кеңес алуда.
Бүгінде Ш.Қодаманов ауылы қатаң карантинде. Ауылға ешкім кіріп-шыға алмайды. Азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді қажетті дүниелер блок-бекетке әкелініп, сол жерден ауылға қарай арнайы адам алып кіргізеді.
– Осындай шаралар арқылы індеттің жұғу тізбегін үзуді ойлап отырмыз. Тәжірибеден көріп отырғандай, бір адамның карантиндік талапқа бейқам қарауы бүкіл отбасының, дос-жаранның, ауылдың індетке шалдығуына себепкер болып отыр. Шиелі ауданында орын алған бұл ахуал әрқайсымызға сабақ болуы тиіс. Тұрғындардан карантин тәртібіне бағынып, өзін және өзгелерді қауіпті вирустан қорғауды сұраймыз, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Айнұр Батталова,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |