« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қ.Тоқаев осындай күрделі кезеңде Елбасымыз арнайы мақала жариялағанын, оның халқымыздың еңсесін көтеретін өте мазмұнды, маңызды үндеу болғанын атап өтті. Бүгінде еліміздегі уақытында жүзеге асқан шұғыл шаралардың індеттің кең таралуына жол бермегенін халықаралық қоғамдастық оң бағалап отыр. Президент тұрғындарға және бизнеске қолдау көрсету шараларын, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шекті баға белгіленгенін атап өтті.
Көктемгі егіс науқаны – Үкімет және әкімдіктер ерекше назарда ұстауы тиіс маңызды жұмыс.
– Тұтастай алғанда, жағдай бақылауда. Елорда мен Алматыдағы қазіргі жағдай тұрақты. Бірақ, Қарағанды, Ақмола, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарында ауруға шалдыққандардың саны күрт өсіп кетті. Бұл атқарылған жұмыстардың жеткіліксіздігін және қосымша шаралар қабылдау қажет екенін көрсетеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы оңтүстік халық тығыз орналасқан өңір болғандықтан, індеттің таралуы тоқтамаса, жағдай ушығып кетуі мүмкін екенін ескертті. Көктемгі егіс науқаны, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жобалар басталған сәтте елдегі эпидемиологиялық ахуалға айрықша назар аудару керек. Бұл – аса маңызды міндет. Мемлекеттік комиссия аймақтардағы карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуы тиіс. Полиция мен мемлекеттік органдардың іс-қимылдары тек қатаң шаралар түрінде емес, орынды әрі ақылға қонымды болуы қажет. Жөнсіз әрекеттерге жол берілмеуі тиіс.
Президент ел азаматтары бұрын-соңды карантин жағдайымен бетпе-бет келмегендіктен, ыңғайсыздықтар туындап жатқанына, алайда бұдан басқа жол жоқ екеніне тоқталды. Кеселмен күресте алғы шепте жүрген 30 мыңға жуық медицина қызметкерлері мен дәрігерлердің еңбегін тағы да атап өтіп, оларға жан-жақты көмекті дер кезінде көрсетуді, төлемдерді төлеуде ашықтық пен қатаң бақылау орнатуды тапсырды. Сондай-ақ аймақтар өз мүмкіндігі шегінде дәрігерлер мен медбикелерге қолдау көрсетуі керек.
Қ.Тоқаев медицина қызметкерлерінің ауру жұқтырғанына алаңдаушылық білдіріп, оған жеке қорғаныс құралдарының жетіспеушілігі және қауіпсіздік шараларының сақталмауы себеп болғанын айтты. Науқастарды емдейтін медицина қызметкерлерінің еңбек жағдайы ерекше бақылауға алынып, жеке қорғаныс құралдарымен толық қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл полиция қызметкерлері мен әскерилерге, мемлекеттік орган қызметкерлеріне де қатысты. Сондай-ақ волонтерлардың да қауіпсіздігін ойлау керек.
Президент алдағы уақытта тестілеу ауқымын кеңейтіп, вирустың таралу аумағы туралы толық түсінік болуын маңызды деп санайтынын айтты. Әзірге дәрімен емделмейтін кесел уақытылы анықталса, толық жазылып кетеді. Қиын кезеңнен өткен соң денсаулық сақтау саласының барлық мәселелерін қарап, уақыт шақыруларына жауап беретін шешімдер қабылдау керек.
Мемлекет Басшысы төтенше жағдай кезінде табысынан айырылған азаматтарды қолдау шараларына тоқталды. Әлеуметтік көмек көрсету тетіктерінің жеткіліксіз дайындығына, түсіндіру жұмыстарының әлсіздігінен жер-жерде түсініспеушіліктер орын алғанына тоқталып, Үкіметке үйден шықпай, мемлекеттен көмек алудың қадамдық механизмін жасап, оны барлық БАҚ-тар мен әлеуметтік желілерге жариялауды жүктеді. Төлем карталарын қашықтан алу мәселесін 3 күнде шешуді тапсырды.
Сондай-ақ, Президент қаржылық жағдайы күрделі азаматтарға берілетін ақшадан алып қалуды көздейтін табысы жеткілікті адамдардың жолын кесу туралы айтты. Интернет жүйесі қашықтан оқытуға жарамағандықтан, Білім және ғылым министрлігі телеарна арқылы сабақ беруге мәжбүр. E-gov-тан да іркіліс байқалды. Осыдан сабақ ала отырып, ІТ саланы жаңа сапалық деңгейге шығару үшін келесі жыл елімізді тиімді цифрландыру белгісімен өтуі тиіс. Сонымен бірге денсаулық сақтау, білім мен ғылым салаларында түбегейлі реформа жасалуы, ол қазірден бастап әзірленуі керек.
Бүгінде ел тұрғындарының 37 проценті түгелімен оқшауланған қалаларда тұратындықтан, оларды, әсіресе әлеуметтік аз қамтылған топтарды, қажеттіліктермен қамтамасыз ету мәселе туындатып отыр. Президент бұл жағдайды Үкімет пен әкімдіктерге тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Мемлекет басшысы қолайсыздықтар туындамас үшін азық-түлік бағасының қолжетімдігі мен оны жеткізуді қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына қатысты міндеттер жүктеп, коммуналдық қызмет ақысын төмендету туралы айтты. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», жергілікті тауарларды сатып алу, қызметтерді пайдалану жайын қозғады. Көптеген отандық тауарлар ішкі нарықтың сұранысын өтей алады.
Мемлекет басшысы отандық бизнесті, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне көмек көрсету туралы бірқатар тапсырмалар берді. Сондай-ақ, су тасқыны кезеңін тұрақты бақылауда ұстаған жөн. Әсіресе, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай қауіп бар. Әкімдер тиісті министрліктермен бірлесіп, ұдайы мониторинг жүргізуді және жедел әрекет етуді ұйымдастыруы тиіс.
– 15 сәуірде төтенше жағдай режимі туралы Жарлығымның мерзімі аяқталады. Төтенше жағдай режимін, кем дегенде, сәуірдің аяғына дейін созуға тура келетіні қазірдің өзінде түсінікті болып отыр. Біз коронавируспен аурудың шарықтау шегін әлі өткізген жоқпыз. Індетке қатысты жағдайды жеңілдетуге болмайды. Осы себепке байланысты карантин режимін елордада, Алматы мен Шымкентте және тиісті облыстарда сәуірдің аяғына дейін созуды тапсырамын. Мұның оңтайлы шешім емес екенін түсінемін. Өйткені халық көшеге шығып, қалыпты тұрмысын жалғастырғысы келеді. Бірақ карантин режимін сақтаудан, оқшауланудан басқа жол жоқ. Бұл отандық және халықаралық вирусолог мамандардың ұсынысы» – деп атап өтті Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Одан әрі Президент әкімдіктерге жұмыс орнында қатаң санитарлық-эпидемиологиялық бақылауды, әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ете алатын кәсіпорындардың тізімін дайындауды тапсырды. Аймақтардағы дағдарысқа қарсы штабтар мұндай жұмыс орындарын тексереді.
Қ.Тоқаев ел азаматтарына түсіністік танытқаны, мәдениет қайраткерлеріне «Карантиндегі жұлдыз» жалпыұлттық жобасына үлес қосқаны үшін алғыс білдірді.
– ...Пандемияға ешкім де дайын болған жоқ. Бұрын-соңды болмаған ауыр дағдарыстан біздің халқымыз ширап, жаңа кезеңге бейімделіп шығатынына сенімдімін. Қазақстан міндетті түрде осы қиындықты еңсеріп, тұрақты және сапалы өркендеу жолына түседі, – деді Мемлекет басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |