« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова өзінің Facebook парақшасында аймақ тұрғындарына үндеу жасады.
Құрметті Сыр жұрты!
Әлемді жайлаған коронавирус біздің өңірдің де түкпір-түкпіріне таралып үлгерді. Облыс бойынша 116 адам қатерлі індеттің құрығына ілікті.
Бұған проблеманың шын мәнінде алапат екенін әлі де болса түсіне алмауымыз себеп. Оның қаншама адам өмірін жалмап жатқанын естісек те, көрсек те, тиісті мән бермейміз. Індеттен қорғанбаймыз. Тек сақтансаң ғана сақтайтынын естен шығарғандаймыз. Міне, осындай көзқарас санамызда тұрақтап қалған.
Қазір көшеде жүрген адам да, көлік те көп. Тәртіп біркелкі орындалып жатқан жоқ. Кей мекемелердің, дүкендердің, дәріханалардың алды адам аяғынан арылмайды. Тосқауыл бекеттері ше? Сан түрлі айла-тәсілдерді ойлап тауып, айналып өтпек болғандар да бар. Таяуда карантинге қарамай, аң-балыққа шығудың арты апатқа ұласқанын да көріп-білдіңіздер. Ойланайық! Коронавирустың соңы өлімге әкеп соғуы әбден мүмкін. Осы күннің өзінде, 10 отандасымыз қауіпті кеселден көз жұмды.
Облыста тұрғындардың қауіпсіздігі үшін қатаң шаралар қабылданып жатыр. Бірақ, ереже орындалмаса, тәртіп сақталмаса, жұмыстың еш нәтиже бермейтінін түсінбек керек. Коронавируспен күресте алдыңғы шепте жүргендердің еңбегін қадірлеуіміз қажет. Олар шын мәнінде бейбіт күннің батырлары. Күні-түні адам өмірінің сақшысы болып жүрген дәрігер, тәулік бойы қоғамдық тәртіпті сақтайтын полицей, облыс орталығы мен ауыл-ауылды аралап, жұқпалы кесел ошағын залалсыздандырып жүрген әскерилер еңбегі ерен.
Аймақ бойынша бұл вируспен күреске медицина саласының 3 мыңға жуық қызметкері жұмылдырылған. Тосқауыл бекеттерінде 200 полицей мен 170 әскери қызметкер үздіксіз кезекшілік етіп тұр.
Енді қоғамның әрбір мүшесі жауапкершілікті түсінуі керек. Сыр халқы ғасырлар бойғы тарихында талай қиындықты еңсерген. Тағы бір сынақты артта қалдыратын кез келді. Мен сіздерден азаматтық жауапкершілік танытуды сұраймын. Ал ол дегеніміз – өз бетінше оқшаулану, үйден шықпау, жақындарыңызбен жүздесуден уақытша бас тарту. Тіпті көшеге шыққан көршіңізді осы тәртіпке бағындыру да сіздің қазіргі борышыңыз. Осының өзі – коронавируспен күреске қосқан үлкен үлес.
Менің парақшама көптеген маңызды әрі мазмұнды ұсыныстар келіп түсуде. Барлығын мұқият қарастырып жатырмыз. Әр қайсысы бойынша басқарма және бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берілген. Біз халықпен кері байланысты тұрақты түрде жалғастыратын боламыз. Әрбір пікір маңызды.
Біз үшін бұл – ең қиын кезең. Көзге көрінбейтін жаумен бетпе-бет келген кез. Біз мұны да жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Бастысы бізге бірлік керек.
Бір-бірімізге түсіністікпен қарап, қатаң тәртіп сақтайтынымызға сенімдімін. Қазір ешкімге де оңай тиіп жатқан жоқ. Сондықтан шыдамдылықтарыңызға шын разымын және әлде де шыдамды бола түсуді сұраймын. Ал еңбектері ерен дәрігер, полицей және әскерилерге барша Сыр халқының атынан бізді 21-ғасырдың ең қауіпті вирусынан қорғап жүргендері үшін алғыс айтамын!
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |