ҚҰРЫЛЫСТА ІРКІЛІС БОЛМАЙДЫ дегенде, сақтық қатаң бақылауда

Облыста соңғы 5 жылда барлығы 120-дан астам әлеуметтік нысанның құрылысы салыныпты. Бұл – тұрғын үйлерден бөлек көрсеткіш. Олардың қатарында білім саласы бойынша 60, денсаулық сақтау саласы бойынша 20 нысан бар. Бұған мәдениет мен спортты қоссаңыз, онда 28 ғимарат бой көтерген. Мемлекеттік органға қарасты 13 жаңа құрылыс тұрғызылып, арнайы мемлекеттік «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5 нысан пайдалануға берілген.

Биыл да аймақ бойынша мемле­кеттік бюджет есебінен 24 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жа­тыр. Оның ішінде жыл соңына дейін 11 ғимаратты пай­далануға беру жоспар­ланған. Бұның ішінде қаладағы теннис орта­лығы, темір жол тұйығының құ­ры­лысы, оқу-жаттығу полигоны, Жа­лағаштағы М.Шәменов атындағы 140 орындық мектеп, АралСода зауытына инфрақұрылым тарту, Айдарлы ауылындағы ескі ем­хананы балабақша етіп қайта жасақталады. Сондай-ақ, Қазалы және қаладағы сол жақ жа­ғалаудан әкім­шілік ғимараттарының құрылысы, Қармақшы, Шиелі ау­дандық және қалалық ішкі істер бө­лімінің әкімшілік ғимаратының (уақыт­ша ұстау бөлмелері үшін жапсаржай ор­на­ластыру үшін реконструкциялау) жұмыстары биыл бітеді. Қалған 13 құрылыс нысаны 2021 жылға өт­пелі болып отыр.


Тұрғын үй тұрғызу тоқтамайды


Бізде құрылыс саласында өзге облыстарға қарағанда алға ілгерілеудің нақты көрінісі бар. Ол – тұрғын үй салудағы көрсеткіштің артуы. Мем­лекеттік қолдаудың арқасында аймақта баспана құрылысы жылдан-жылға өсіп отыр.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының мәлі­ме­тіне сүйенсек, соңғы 5 жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші екі есеге артып, атап айтқанда, 2015 жылы 465,7 мың шаршы метрден бе­рілсе, былтыр бұл цифр 761,4 мың шаршы метрге артқан. Облыс орта­лығы – Қызылордада 14 шағын аудан бой көтерді. 8 мыңнан астам қы­зылордалық баспаналы болып, 3 млн шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілді.

– Өткен жылдың өзінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 49 көпқабатты тұрғын үй, барлығы 2092 пәтердің құрылысы аяқталды. Нәтижесінде 40 көпқабатты үй, 1738 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар, бағдарлама аясында соңғы 5 жыл ішінде облыс бойынша жаңа тұрғын үй аумақтарына 2580 шақырым инженерлік желілер тартылған. Одан бөлек, 28 мыңнан астам жеке тұрғын үй учаскесі инженерлік желілермен қамтамасыз етілді. Тағы қуанып айтар бір жаңалық, соңғы жылдары үйлері апатты деп танылып, кезекте тұрған  513 азаматтың барлығы жаңа тұрғын үймен қамтылды, – дейді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы  Ба­тырбек  Шаханов.

Батырбек Шахановтың айтуын­ша, облыста халықтың әлеуметтік жағы­нан осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету басты мақсат болып отыр. Ал олардың кезекке тіркел­ген­дерінің саны бүгінгі күнге 13 мыңнан асты.

Биыл да облыс көлемінде барлық қаржыландыру көздерінен ауда­ны 64,4 мың шаршы метрді құрайтын 961 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үй құрылыстары қай жерде десек, Сырдария өзенінің сол жағалауында 680 пәтерлі 14 үй, Шиелі ауданы Шиелі кентінде 90 пәтерлі 5 үй. Айт­пақшы, Шиелідегі осы 90 отбасыға арналған үйдің төртеуі 2021 жылға өтпелі құрылыс. Сонымен қатар, биыл қосымша аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған 287 пәтер сатып алу ме­желенсе, ҚР Ұлттық қорынан несиелік 625 пәтердің құрылысын жүргізу жос­парлануда.

Жалпы жыл соңына дейін барлығы 816 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру және бағдарлама аясында 190 шақырым инженерлік желілер жүргізілмек. Басқарма берген мәлімет осындай.

Айта кету керек, індет таралғалы елде көп тіршілікке іркіліс туды. Әсі­ресе, бұл маусымдық кезеңде қарқын­ды жұмыс істейтін құрылыс саласына да әсерін тигізбей қоймасы анық. Басқармадағы әкімшілік және құ­қықтық жұмыстар бөлімінің бас­шысы Батырбек Шаханов аймақ­та құрылыс жұмыстарының тоқтамай­тынын ай­тады.

– Бәріңізге белгілі, Мемлекет бас­шысы наурыз айының 31-дегі мә­лім­демесінде осыған қатысты нақты жо­балар жасауға тапсырма берді. Ен­ді жұмыс берушілермен бірлесе «Жұ­мыспен қамтудың жол картасы» бойынша өңірлерде жұмыссыздықтың алдын алуда бірқатар шаралар жасалып жатыр. Құрылыс нысандарындағы жұмыс тоқтамайды. Бірақ, күшейтілген режимде, індетке қатысты сақтандыру жұмыстары арқылы жүзеге асады. Өйткені, бұл жұмыссыздықты болдыр­мау мақсатында іске асырылып отыр, – деді ол.


Сол жағалаудың 

сәнін 

келтірген...


2016 жылы облыс әкімдігі Үкімет қаулысымен бекітілген Қызылорда қа­ласының Бас жоспарындағы жоба­ларды жүзеге асыру мақсатында  Сыр­дария өзенінің сол жағалауын кешенді түрде игеруді бастау жөнінде шешім қабылданды. Осыған орай, 2017 жы­лы бекітілген Бас жоспарға сәйкес, дарияның сол жағалауындағы аумақта жаңа қаланың құрылысы басталды. 

Сол жағалаудағы жаңа қаланың аумағы  1532 гектар. Оның ішінде 367 гектар жер телімі рекреациялық ай­мақтарға, 537 гектар тұрғын үй тұр­ғызуға, 190 гектар сауда орындары мен офистік ғимараттарға, 270 гектар әлеуметтік инфрақұрылымға арналған. 

Жаңа қалада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы, оның ішінде 1 млн шаршы метр тұрғын үйді 2025 жылға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Соның нәтижесінде 50 мыңға жуық адам жаңа пәтерлермен қамтамасыз етіледі. Егер жоба толық іске асса, 155 мыңнан астам адам үй-жайлы болмақ. Мұн­да жоба бойынша 16 жаңа мектеп, 12 балабақша, 4 денсаулық сақтау ме­ке­месі, сондай-ақ спорттық және әлеу­меттік-мәдени ғимараттар салу көзделген.

Қалалық магистральдық жолдар то­рабының жүктемесін азайту мақ­сатында 2016 жылы өзен үстіне көпір салынды. Көпір қаланың ескі бөлігін сол жағалаудағы жаңа аудандармен байланыстырып тұр. 

2017 жылы жаңа қала аумағын инженерлік инфрақұрылым – газ, электр, жылу, сумен жабдықтау, кәріз және көше-жол желісімен қамтамасыз етудің І кезеңіндегі жұмыстар қолға алынып, құрылысы 2018 жылдың екінші жарты жылдығында толықтай аяқталған еді. 

Бүгінде мұнда «Болашақ» универ­си­тетінің бас корпусы, Жастар ор­та­лығы, Қазақ Орталық атқару коми­тетінің мұражайы, 320 орындық ба­ла­бақша, 700 орындық жеке мектеп, 2234 пәтерді құрайтын 48 көпқабатты тұрғын үй бой көтеріп, бас шаһардың көркіне көрік қосып тұр.

Енді алда 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпсалалы аурухана (қосымша онкология бөлімі бар), Отбасылық медициналық орта­лық, 300 орындық жатақханасы бар физика-математика мектеп-интернаты, Салтанат сарайы, көгалды хоккей алаңы, облыстық қазақ музыкалық-драма театры,  Қан орталығы, әкімшілік ғимараттар, жанар-жағармай құю станциясы мен басқа нысандардың құры­лыстары жүргізілмек. Қала тұр­­ғындарының өмір сүру сапасын жақ­сартып, аймақ экономикасының түр­лі салаларын дамытуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға көптеп септі­гін тигізген сол жағалаудағы жұмыстар әлі де жанданатыны анық. 


Қарқын 

үдемесе, 

кемімейді


Сырдария ауданында соңғы жыл­дары жеке тұрғын үй секторында 337 жер учаскесі инженерлік инфра­құрылыммен қамтамасыз етілген. Бұл тұрғындарды өз баспанасын салуға ынталандыруда. Мысалы, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ау­дан­да халықтың өз есебінен салын­ған тұрғын үй көлемі 3%-ке өсіп отыр. 

2018 жылы Тереңөзек кентінде са­лын­ған 42 пәтерлі тұрғын үй ауданның баспана кезегінде тұрған отбасыларға пайдалануға берілген еді. Ал, биыл  құны 909,5 млн теңге 4 тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Осы жоба іске асса, кент бойынша үй кезегінде тұрған 475 отбасының 78-і баспаналы болады. 

– Көпбалалы ретінде кезекпен былтыр алдық. Баспаналы болу – үлкен қуаныш. Мемлекеттің қолдауы, жергілікті биліктің көмегі деп түсі­немін мұны. Мұндай көппәтерлі үй­лерді тұрғызып, жеңілдетілген не­сиемен халыққа берсе, тиімді болар еді. Жарық, ыстық, суық су – барлығы тартылған. Бұйырса, жақын арада Тереңөзекке газ келіп, өз үйіміз де соған қосылатынына сенімдімін, – дейді сырдариялық Шынар Бекетаева. 

Қазалыда да құрылыс қарқынды. Былтыр аудан көлемінде 13 нысан құрылысын жүргізуге бюджеттен 4397,3 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары атқа­­рылды. Оның ішінде аудандық әкімшілік ғимараты, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласынан салынатын үйлердің инфрақұрылымы, 2 ауылдық округтен типтік жобадағы мал қорымдары, ау­дан орталығынан салынатын 18 пә­терлік 6 жалдамалы көпқабатты тұр­ғын үй, кенттегі 600 орындық мәдениет үйі, Ақсуат ауылындағы 90 орындық балабақша құрылысы бар.

Қазалы қаласындағы тұрғын үйлер­ді инфрақұрылыммен қам­тамасыз ету, 18 пәтерлік 5 жал­дамалы көпқабатты тұрғын үй құ­рылысы,  мәдениет үйінің құрылысы, Ақсуаттағы балабақша құрылысы би­ыл жалғасын табатын болады. 

Жоғарыда айтып кеткен өтпелі құ­рылыстардан бөлек, мұнда 250 адамға арналған жаңа емхана, әкімшілік ғи­мараттары, сумен жабдықтаудың сырт­қы желілері, канализация, теле­фонизация, электрмен жабдықтау, газбен жабдықтау құрылыстары бар. Сондай-ақ, аудан тарапынан әлеумет­тік осал топтағы көп балалы отбасылар­ды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақ­сатында бастапқы нарықтан, 60 шаршы метрден кем болмайтын 3 бөлмелі 40 пәтер сатып алуға қаржы сұратылуда екен. Қаржы берілсе, әлеуметтік осал топтағы көпбалалы, отбасылар баспаналы болып, тұрмыс деңгейі жақсаратыны анық.

Жалағашта да әкімшілік ғимара­тының өтпелі құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан қыркүйек айында бітпекші. 2015 жылы кенттің «Дәуімбай» учас­кесінде жүргізілген инженерлік-ин­фра­құрылымға бір пәтерлі үш бөлмелі 30 жалдамалы тұрғын үй құрылысын орналастыру мақсатында жоба-сме­талық құжаттар дайындалып, сарап­тамадан өткізілген еді. Оны қаржы­ландыру үшін ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне құжаттары ұсы­нылған. 

Ауданда ауыз су жүйесін қайта жаңғырту, мал қорымдарының құры­лысы басталмақ. Сондай-ақ, 200 орын­дық оқушылар үйі мен 50 орындық өнер мектебінің құрылысына жоба-сметалық құжаттама әзірленіп, са­рап­тамадан өткізілді. Оны қаржы­лан­дыруға тиісті басқармаға бюджеттік өтінім де тапсырылды. М.Шәменов атындағы елді мекендегі 140 орындық №34 мектептің құрылысы биыл жал­ға­сатынын біз мақала басында айт­қанбыз. Маусым айында бітеді деген үміт бар. Жалағаш кентіндегі 100 төсектік орталық аурухана ғимараты құрылысы да жүріп жатыр. 

Теңіз төскейінде жатқан шеткі ауданда да тынымсыз тіршілік бар. Арал аудандық құрылыс, сәулет жә­не қала құрылысы бөлімі берген мәліметте «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін белгіленген аудандарды инже­нерлік инфрақұрылыммен қамту мақ­сатында бірқатар жұмыс атқа­рылып жатыр. Арал қаласындағы №1 мөлтек ауданын ауыз сумен қамту жұмыстарына биыл бюджеттен қаржы бөлінді. Мердігері анықталып, келісім-шарт жасалды. Жоспар бойынша құ­рылыстың қаржысы мамыр айына орналастырылған болатын. Құрылыс жұмыстары сол айда басталмақ. Ау­данда елді мекендерде ішкі су желісін кеңейту, Қаратерең, Жаңақұрылыс, Қызылжар, Райым, Бөген ауыл­дарында биотермиялық шұңқыр құры­лысы жүргізілмек. Бұл жұмыстар да мамыр айында басталады деп кү­тілуде. Шижаға елді мекенінен дә­рігерлік амбулатория құрылысын са­лу жоспарланған еді. Қазіргі таңда дәрігерлік амбулаторияның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. 

Айтпақшы, ауданда барлығы 1,9 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске асырылуда. Соның ішінде Арал қаласынан қатты тұрмыстық қал­дықта­рына арналған полигон, 250 орындық оқушылар үйі, Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана құрылысы бар. 

Ал Жаңақорған ауданында был­тыр «Саяжай» учаскесіндегі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуни­кация­лық инфрақұрылымы салынып, электрмен және жылумен жабдықтау құрылыс жұмыстары аяқталды. Су­нақата, Қаратөбе ауылдық окру­гін­дегі мал қорымы пайдалануға берілді. 

Кент орталығындағы Б.Байкен­жеев көшесінен салынатын 600 орын­­дық №169 мектепті салуға рес­публикалық бюджеттен бөлінген 500 млн теңге қаржыға құрылыс жұ­мыстары басталған еді. Оқу орнын биыл пайдалануға беру жос­парланған.

Жаңақорғандағы 18 пәтерлі екі көпқабатты тұрғын үйдің құрылы­сы­ның құжаттарын әзірлеуге, мемле­кеттік сатып алу конкурсының же­ңімпазы, жобалаушы мердігер «Рем­­­­строй­проект» ЖШС-мен 4060,641 мың теңге қаржыға келісім жасалып, жо­балау жұмыстары жүргізілуде. Бұ­ған қосымша екі пәтерлі 3 бөлмелі 10 тұрғын үй құрылысының жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге дәл осы «Ремстройпроект» ЖШС ара­сында 7009,537 мың теңге қаржыға келісім-шарт жасалған.

Шиелі кентіндегі «Шұғыла-2», «Шұ­ғыла-3» жəне «Шығыс-4» шағын аудан­дарының инженерлік-комму­ни­кация­лық инфрақұрылымын дамыту, тас жол­дардың құрылысына үлкен сомада қар­жы қаралып, құрылыс-монтаждау жұ­мыстары жүргізілуде. Нысанды ағымдағы жылы пайдалануға беру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы керек сияқты.

Мұндағы үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй құрылысын аяқтап, ны­санды халық игілігіне пайдалануға беру басты назарда болып отыр. Қо­сымша Тартоғай мен Сұлутөбе елді мекенін сумен қамту жүйелерінің және бас су қоймасының құрылысын толығымен аяқтап, халыққа таза ауыз су беру жұмысы да іске аспақ. Кенттегі қалған 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысына республикалық және облыстық бюджеттерден қаржы бөлуге жұмыс жасап, құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғаса беретін болады.

Қармақшыда көптеген мектептер, мысалы, №№27, 28, 29, 105, Төретам кентіндегі №85 білім ошақтары жы­лумен қайта жабдықталып, пайда­лануға берілген. Байқоңыр қаласын­дағы 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы аяқталды. Биыл Ақтөбе елді мекенінде жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын салу үшін сыртқы ин­женерлік инфрақұрылым, электр және сумен жабдықтау желілері тартылмақ. 

Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында аудандық К.Рүстембеков атындағы Жыраулар үйі шатырына жасалған күрделі жөндеу жұмыстары бітсе, балаларға арналған лагерьдің құрылысы әлі жалғасады. Бұдан өз­ге Жосалы кентінде газ құбырын тарту желілерін салу жұмыстары да басталған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2020 г. 641 0