Шіркейлі

Халықаралық дәліз жолдың бойында орналасқан Шіркейлі даму тұрғысынан көп ауылдан алда келеді. Бірлігі бекем болған соң тірліктің де түзу болатыны анық.

 Қазір елдегілер құрылыс заттары үшін ат арытып қалаға бармайды. Өйткені, мұндағы «Мәді қажы» ЖШС үш жылдан бері құрылыс жұмыстарына қажетті бірқатар өнімді шығарып келеді. Ал облыс халқы сүйсіне ішіп жүрген түрік айранының Шіркейліден шығарылатынын біреу білсе, біреу білмес. Салық базасы да нығайып, өткен жылы шіркейліліктер межеден аса орындаған. Бұл да елдегі кәсіпкерліктің кеңге құлаш ұрып, өндірістің өркен жайғанын аңғартқандай.

– Экономика біздегі бар салаға байланысты. Егін егіп, мал ұстасаң, ол да – экономика. Өнім өндіріп, саудаға аралассаң, оның да бір ұшы осы салаға тіреліп жатады. Ендеше, экономика – біздің тіршілігіміздің айнасы. Менің түсінігімде солай. Ауылда мал шаруашылығына атсалысып, кәсібін бастап жатқандар да, тың идеямен іске кірісіп жатқандар да, қызмет көрсетуді қолға алып жатқандар да бар. Негізінен ауылдық жердің тіреуіші – шаруашылық. Сол арқылы біраз іс тындырамыз. Әкімшілік ғимаратында шаштараз жұмыс істейді. Маманның жалақысын «Мәді қажы» серіктестігі төлейді. Мектеп оқушылары мен зейнеткерлерге тегін. Ал орта жастағыларға ақылы. Олар төлейтін қаржы маманның өз қалтасына түседі. Бұл бір мысалы ғана. Қайырымдылық шараларына ел болып жұмылсақ, шаруашылық бір шетін көтеріп тұрады, – дейді ауыл әкімі Талғат Құламқадыров.


Шіркейліде жасалып, облысқа тарайды


Қайда жасал­ғаны айқын көрінетін бұл қапта кафель желімінен бастап, түрлі өнім бар. «Мәді қажы» серіктестігі егін егумен қатар құрылыс заттарын шығарумен де айналысады. Бұл қосымша істі үш жылдан бері қолға алған. Қазірде мұнда жиырма адам тұрақты жұмыс істейді.

– Қазір бізде сылақтың бірнеше түрі бар. Құйылмалы еден, жаңбырлы сылақ, кафель желімі, әмбебап сылақ, сонан соң эмульсияның  түр-түрі шығарылады. Халыққа қолжетімді бағада сатып жатырмыз. Қалай болғанда да, облыс орталығынан тасығаннан әлдеқайда арзан түседі. Елге қызмет еткен соң бірінші кезекте сапаға мән беріледі. Бір күнде кем дегенде 500, ең көп дегенде 1500 қапқа дейін сатамыз. Көрші ауылдардан да келіп алатындар бар. Сонан соң қаладағы базарға да өткіземіз. Қазір өнімді шалғайдағы ауыл­да шығарсаңыз да, табыс­тан құр қалмайсыз. Бастысы, бәсе­келестікке төтеп беру, – дейді өндіріс басшысы Нұрсұлтан Сайлаубек.

Мұнда құрылыс жүріп жатыр. Үлкен екі нысанды іске қоспақшы. Біріншісі, пескоблок шығаратын цех болса, екіншісі, құрылысқа арналған қара қағаз шығарады. Өнім өндіретін аппараттар дайын, тек ғимараттың толық бітуін күтіп отыр екен. Ауыл халқының еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында әлі талай жұмыс атқаруға болатынын келушілер қатары көптігінен де байқадық.

– Көктем шыға баспанамызды жөндеуден өткізуге қам­данамыз ғой. Өткен жылы қажеттінің көпшілігін осы жерден алғанмын. Биыл да келіп тұрмын. Бағасы – арзан, сапасы – жоғары. Өзіміздің ауылдан шығып жатқан соң кеу­демізді мақтаныш кернейді. Жі­гіттердің еңбегі ерен, – дейді ауыл тұрғыны Нұржамал Әб­діреева.

Ал Асанәлі Сейдалиев серік­тестіктің ауыл халқына жеңіл­діктерінің де жеткілікті екенін айтты.

– Мәселен, шаруашылықта жұмыс істесеңіз, төмен бағада әрі айлық жалақы есебінен ала аласыз. Елге жасалып жатқан жағдай мен үлкен көмектің бірі дер едім. Тұрғындардың басым көпшілігі шаруашылықта істейді, сол себепті жалпы ха­лыққа тиімді. Қытайдың затын алып тұтынғаннан өзіміздің жігіттердің өнімін алған әлдеқайда артық, – дейді ол.

Ауыл халқының әл-ау­қатын осыдан-ақ байқап кө­ріңіз. Өнімдері сұранысқа ие шаруа­шылықтың алға қойған мақсаты да айқын.

Алақандай ауылдан шы­ғып, аймаққа тарайтын өнім­дердің тағы бірі – түрік айраны. Алда-жалда облыс ор­талығындағы асханалар же­лісіне барсаңыз, кішкене құ­тыдағы түрік айранын кө­зіңіз шалары анық. Ол – шіркейлілік кәсіпкер Ақәділ Нұрмахановтың еңбе­гі­нің же­місі. Ауылдағы ағайын­нан сүт қабылдап, оны осылай айранға айналдырады. Кә­­сіпкер ерекше сусынды шы­ғаратын цехтың филиалын об­лыс ор­талығынан да ашып үл­герді. Бір күнде 1 тонна сүтті еш қиындықсыз өңдей алады.

– Бизнес – тек қалтаға ақша салу ғана емес, ол жұрттың проблемасын шешу. Менің ұғымымда солай. Бала кезден ауылда сиыр ұстайтын жандар сүтті арзанға өткізетін. Алушы жоқ әрі жол шығынын сылтау еткендер арзанға алып, қалаға қымбатқа өткі­зетін. Осыны көріп өстік. Ауыл­дағы шаруалардың еңбегі ақтал­­майтын. Есейе келе, бұл мәселенің шешімі өнім өндіру екенін түсініп, түрік тех­нология­сы бойынша айран шығара бастадым, – дейді А.Нұрмаханов.

Ақәділ кәсіп ашқалы сүтті қабылдау бағасын көтеріп, халықтың батасын алды. Қазір Шіркейлідегі пункт сүттің әр литріне 130 теңге береді. Күз түсе баға тағы да көтеріліп, 150 теңгеге жетеді. Мекеме қызметкерлері кәсіпкердің бас­­ты мақсаты өз қалтасын қа­лың­дату емес, біріншіден, жұртқа жұмыс беру болса, екін­шіден, елдің табиғи таза өнім тұтынуына септесу екенін алға тартады.

Осыдан төрт жылдай бұрын кәсіп бастарда ол 10 млн теңге несие алды. Бұл қаражатқа Түркиядан арнайы аппарат алып, жұмысын бастап кетті. Бүгінде қарамағында бес адам жұмыс істейді. Соның бірі – Нағима Жүзбенбетова.

– Тамақ өнеркәсібінде таза­лық басты орында тұру керек. Сосын технология. Уақыттан жаңылыспай, әрбір процесті дер кезінде орындаған ләзім. Барлық технология талаптарын ескере отырып, дайындаймыз. Бір қайнауы кем болса, дүкеннен қайта келер өнім де молаяды. Бұл біздің, яғни мекеменің қалтасын қағады, – дейді ол.

Шіркейліде өріс алған тың идеялар көп. Ауыл әкімі Т.Құ­ламқадыровтің айтуынша, мем­лекеттік бағдарламалар ха­лық­тың қолтығынан демеп тұр.

– Осы күні ауылда 97 кә­сіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 85-і тұрақты жұмыс істейді. Елдің тұрмысын жақ­сартып, қолын аузына жеткізуді мақсат еткен мемлекеттік бағ­дарламалардың да орындалу қарқыны жоғары. Ерінбей еңбек етіп, тіленбей тойып отырмыз. Кәсіпкерлердің қата­рына жаңадан қосылып жатқан азаматтар да бар. Ауылдық жер болған соң көпшілігі мал шаруашылығына бейім. Сон­дықтан аталған шаруа елде жақсы көрсеткішке ие. «Елде болса, ерінге тиеді» деп, ауыл­дағы шаруашылықтың да сеп­тігі тиіп жатыр. Жем-шөп­тен, анау айтқандай, мәселе бай­­қалмайды. Одан бөлек, тігін тігу, ағаш отырғызу, құры­­лыс заттары, визажист, шаш­тараз, кондитер цехы, құс шаруа­шылығы тәрізді жобалар да қолдау тапты. «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы төрт кәсіпкер мал басын көбейту мақсатында 10 млн теңге несие алды. «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы» ар­қылы «Еңбек» нәтижелі жұ­мыс­пен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасы аясында үш жоба ұсынылып, 7,5 млн теңге қаржы алынды. Мұндай жетістіктер жетіп артылады. Кәсіпкерлікке мән беру арқылы ұтатынымыз көп. Сондықтан, жерлесіміздің біреуі несие алса, бәріміз қуанатын болдық, – дейді ауыл әкімі. 

Осыдан он шақты жыл бұрын ыдыстарын арқалап авто­бусқа артынып-тартынып мінетін тұрғындарды жиі бай­қай­тынбыз. Қазір олардың бірі де көрінбейді. Өйткені, Ақәділ ауылдан сүт қабылдау пунктін ашқалы бері шикізат осында жиналады. Ал қаладағы филиалға арнайы көлік әке­тіп тұрады. Мұның бәрін бір жүйеге қойған кәсіпкер бола­шақта талай жобаларды қолға алатынын айтқан. Ауыл әкімі де мұндай игі қадамдарды қол­дайтынын жеткізді. 

– Түрік айранының шыға бастауы халықтың қуанышын еселеді. Тұрғындар сүтті арқа­ланып қалаға тасымайтын болды. Ауылдан қанша литр сүт шықса, сонша литрді қабылдап, ақысын лайықты ұсынып жатыр. Көзқарасы қалыптасып, кәсібін ел дамуына бағыттаған Ақәділ Нұрмахановтың ісі – көпке үлгі. Ел экономикасының дамуына тамшыдай болса да үлесін қосуға даяр осындай жандар жетерлік, – деді ауыл әкімі.    


Жұмабектің жұмысы


Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан қатардағы бірнеше ауыл­дағы Жұмабекті жақсы таниды. Тынбайтын еңбекқор. Бір қарасаң, жұмысымен қа­лада жүреді, енді бір қарасаң, ауылдағы желімдеу орта­лы­ғында халыққа қызмет көр­сетіп отырады. Орталық аялда­маның ар­тындағы бұл ғимарат бұрын қолданыста емес-тін. Жұпыны күйінде сатып алып, анау-мынау қажеттелігін жасады. Әйтеуір, жобаға келтіріп, ел сұранысына сай нысан қылды.

– Мемлекеттік бағдарла­малар жақсы болды. Әдепкіде бірнеше жыл қатарынан қайта­рымсыз грант жеңіп алдым. Алдыңғысына құрал-жабдық сатып алсам, кейінгісіне ғи­ма­ратты жобаға келтірдім. Әйтеуір, қарап жатпай жұмыс­ты бастадық. Жұмыс көктемде қызады, дегенмен, жыл бойы тоқтаған емес. Осы кезде шар­уашылық науқанға кірісе бастағанда қыстай тұрған кө­ліктердің доңғалақтарын рет­теймін. Көктемнен күзге дейін доңғалақ жамататындар жетеді. Қыста көлік жөндеумен айналысамын. Қоз­ғалтқышының ақа­уын тауып, кейбірін жа­ңадан жинап шы­ғамын. Ауызды берген Құдай несібесіз қалдырмайды. Ғимаратты да көріп тұрсыздар, қыста жылы, жазда салқын. Нағыз жұмыс істейтіндерге арналған, – дейді кәсіпкер Жұмабек Көпбергенов.

«Тэса» деп атайтын арнайы құрылғыны білерсіз. Кей құралдарды қысып, бұрап қоюға арналған. Қазір оны ауласында ұстайтындар ілуде біреу. Кейбірі тіпті таппай жүр. Ал Жұмекең жердің астындағыны тауып алады. Біз барғанда талай жыл қолданылмаған екі құралды майлап, бабын жасап отыр екен.

– Қазір базарда мыналардың кішкентайы – он мың теңге. Ал үлкені отыз-қырық мың тұрады. Біреуге керек болмаған шығар, темір ғып өткізіп жіберіпті. Екеуін бас-аяғы он мың теңгеге алдым. Ауылда қызметіңнің құнын аспандата алмайсың. Ел үшін еткен еңбектің бір қайыры болады деп, арзандатып істейсің. Сондықтан қымбат құралдарға қол жете бермейді. Ал мынау тамаша боп кетті, – дейді жерден жеті қоян тапқандай жүзі жайнап.

Жұмабекке жұрт риза. Қажыдым, шаршадым демейді. Түннің бір уағында үйінен оятып барып, дөңгелегін жамататындар қаншама. Жолда қалғанға ләм-мим демей, жұмысын істеп, көмегін беріп жатады. Міне, кәсіпкермін дегенді елге қызмет көрсетемін деп атайтын қарапайым ауыл адамының болмысы осындай.


Тәтті тоқаш


Алтынай Әлмаханқызы – ауылға белгілі кәсіпкер.  Бір­неше жылдан бері шағын дүкенімен халыққа қызмет көрсетіп келеді. Дүкен жанынан кондитерлік цех ашты. Бүгінде екі адамды жұмыспен қамтып отырған нысан.

– Осыдан үш жыл бұрын «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы» арқылы 2 млн теңге несие алдым. Соған құрал-жабдықтарымды алып жұмыс бастағанмын. Нан өнімдері, соның ішінде самса, бәліш, тоқаштың түр-түрін да­йындаймыз. Халыққа қолайлы бағада сатамыз. Дүкенге қойы­лады әрі тапсырыс та қабыл­даймыз, – дейді Алтынай Әлма­ханқызы.

Кәсіпкер болашақта кәсібін кеңейтуді жоспарлаған. Кондитер цехының ауқымын арт­тырмақшы. Десе де, бұған де­йінгі алынған несиесін жауып, тағы да мемлекеттік бағдар­ламаның игілігін көргісі келеді.


Ауылдағы студия


Бексұлтан Сайлаубековтің арманы – үлкен студия ашу. Теңіздің тамшыдан құралатыны тәрізді арман-мақсаттан, мақсат жоспардан тұрады. Өткен жы­лы жалынды жас өз арманына алғашқы қадамын бастады. Мемлекеттік бағдарламамен жастарды қолдау бағыты бо­йын­ша 505 мың теңге қайта­рымсыз грантқа қол жеткізді.

– Бұл қаржыға «BS Studia» атты фото-видео студияны аштым. Қазір бізде елге қа­жетті қызмет көрсететін бір­неше құрал бар. Кез келген бағытта фотоға түсіреміз, көне суреттерді жаңартамыз. ­Фото­ап­­­парат пен камераға тойы­ңызды түсіріп, қуаны­шы­ңызды бөлісеміз. Ыдыс-аяқ­тарға сурет жабыстырамыз. Ең тамашасы, бізде Қызыл­ордада жоқ жоба бар. Ол – шамға сурет жапсыру. Күндіз кәдімгі айна болып тұрады, түнде жарық түсіретін шамға айналады. Бұған тапсырыс көп. Өкінішке орай қа­зір шекара жабылған соң шикі­затты ала алмай отырмыз, – дейді ынталы жас.

Қазірдің өзінде жұрттың той-қуанышына арналған альбомдар мен видеолар әзірлеп жүрген жастар болашақта той­ға арналған безендіруді қолға алмақ. Шіркейлі ауылымен қа­тар, Бесарық, Қоғалыкөл, Н.Ілиясов және Шаған ауылдарына қыз­меттер ұсынып жүр.


Берік бастаған бизнес


Берік Еңсебаев – кәсіпкер. Алғашында жылқы малын бор­дақылап бастаған ол бертін келе тауық асырап, құс ша­руашылығына да мойын бұрды. Бүгінде жергілікті халықты жұмыртқамен, құс етімен қам­тамасыз етіп келеді. Оған қоса, қала дүкендеріне де өнімін сатып келеді.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарла­масының шеңберінде құс ша­руашылығымен айналысуға екі млн теңге несиеге үш жүз­дей тауық алдым. Тауықты содан бері асырап келемін. Жұмырт­қасын жұмыртқадай, етін еттей өткі­земін. Көбейтіп те жатырмын, – дейді Б.Еңсебаев.

Қорасына бес-алты бас жылқы алып, бордақымен де айналысатын кәсіпкер болашақта осы істі кеңейтпекші. Құс шаруашылығы бағытында ферма ашуды да жоспарлап отыр.

Ауыл әкімі Талғат Ізтай­ұлы халықтың бірауыздан құр­бандық шалып жатқанын айтты. Ол жерге тек қасапшы мен екі көмекші барып, етін тұрмысы төмен отбасыларға таратпақшы екен. Екінші дү­ние­жүзілік соғыста батыр­лығымен көзге түскен Ж.Нұр­сейі­товтің, Со­циа­листік Еңбек ері Б.Мұстафаеваның, қалам­герлер Қ.Мұхамеджанов пен Ә.Жә­мішевтің кіндік қаны тамған ауыл шуағын төгіп тұр. Қоғам және мемлекет қайраткері Жаңабай Азаматовты топқа қосқан туған жері. Елді біріктіріп, төрт колхоздан бір ауыл шығарған Азаматовтың азаматтығын ауыл әлі күнге жыр қылып айтады. Орталық алаңға есімін беріп, ескерткіш тақтасын да орнатқан.

Дәліз жолдың бойында бір ауыл жатыр. Халқының саны үш мыңға жетпесе де, тірлігі түзеліп, жолы арнаға түскен ауыл. Қайнаған тірліктің ортасында тіршілік тайқазанын оттан түсірмеген мекен. Бұл – Шіркейлі ауылы.


Дәулет Қырдан

Сырдария ауданы.

Суреттер автордыкі.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 сәуір 2020 г. 1 317 0