« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сырдария ауданына қарағанмен Қоғалыкөлдің тіршілік тіні облыс орталығымен тығыз байланысты. Қызылордадан отыз бес шақырым жерде қоныс тепкен ауыл негізінен егін және мал шаруашылығымен күнелтіп отыр.
Атакәсіпті түлеткен елдің бүгінгі әлеуметтік-экономикалық жағдайы сыртқы көрінісінен-ақ көрініп тұр. Елді мекенге кіреберістен жаңа ауылдың жарқын болашаққа бетбұрысы айқын аңғарылады. Алақандай ауылдың салық түсімі өткен жылы 8 млн 961 мың теңгеге жетіп, 160 процентке орындалды.
Тарихы – терең,
өмірі – өлең
Жағасына жасыл құрақ біткен Қоғалыкөл атты алып көлді айнала орналасқан ауылдан талай алыптар шыққан. Қазақ театрының анасына айналған Сәбира Майқанова, атақты Қожықовтар мен Лапиндер шыққан өткені – өнеге, бүгіні баянды ауыл. Тәңір сыйлаған тектілікпен елді өрге сүйреген Құлболды ишанның кіндік қаны тамып, жамбасы жерге тиген жер. Елден ұлан боп шығып, сұлтан боп оралған талай Алаш азаматтары туған жерім деп басын иген жер. Әскербек Рахымбекұлы мен Қайырбек Мырзахметұлының қаламына қуат берген қасиетті мекен.
– Ауыл ортағасырлық үлкен қаланың үстінде орналасқан. Ұлы Жібек жолының бойында. Тарихта Баршынкент, ел аузында Қышқала атанған бұл жерде тоғыз ұңғымалы үлкен пеш табылды. Профессор Мадияр Елеуовтің басшылығымен «Тұран» экспедициясы биыл үшінші рет зерттемек. Мұнда терракота деп аталатын қыш түрі көптеп кездеседі. Яғни, ою-өрнектермен безендірілген қыш. Бұл VІІІ-ХІІІ ғасырларда Қазақстанға ислам дінінің келуімен тұстасатын қала. Ал асыл дініміз келгелі сәулет өнері де жаңаша серпін алған. Кесене, медреселер, шығыс моншалары осының айғағы. Керек десеңіз, Қожа Ахмет Иасауи кесенесінің материалдарымен бірдей. Ал сегізбұрышты дизайн бұл Қазақстанда табылған алғашқы үлгі. Бұрын-соңды мұндай ерекшелік кездеспеген, – дейді ауыл тарихшысы Үлпат Қожаназарова.
Қойнауы тарихқа тұнған ауылдағы бұл нысанда арнайы кәріз жүйесі де бар. Демек, құрылысы әлдеқашан өркениетке бет алған бұл мекенде қолөнер шеберлері мен құрыш қолды құрылысшылар, қолөнер шеберлері, темірден түйін түйген ұсталар мен ауқатты жандар мекен еткен. Бұл дәстүр әлі де жалғасып келеді. Атақты Тілеу ұста, Ыбырай ұсталар өткен мұнда. Ізін жалғаған Исабек, Талғаттай шеберлер ел игілігіне еңбек етіп келеді.
Қоғалыкөл аумағында әлі де зерттеуді қажет ететін Қарашеңгел, Тастөбе мекендері мен Құлболды ишан мазарының жанындағы медресе де бар.
Қоғалыкөлге
бастар жол
Облыс орталығына беттеген даңғыл жол өткен жылы күрделі жөндеуден өте бастаған. Бұрын ойдым-ойдым жолдан талай көліктің доңғалағы жарылып тұратын. Халықтың «әттегенайы» көкейінде жүрді. Былтыр жазда жыры бітпеген жамау жолды алып тастап, орнына жаңа асфальт төсеуге қаржы бөлінген. Басым көпшілігі облыс орталығынан қатынап жұмыс істейтін жұртшылық үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Бүгінде жаңа жолмен зырлаған көліктер инфрақұрылымның жаңа бағытқа бет алғанын байқатады.
– Өткен жылы жолдың басым көпшілігі жаңартылды. Биыл бұл жұмыс жалғаспақ. Облыстық маңыздағы жол болғандықтан біздікі тек септесу ғана. Әйткенмен, ел үшін жасалған игі іс болған соң, басы-қасында жүру – азаматтық парыз. Жол мәселесіне келгенде ауылда әжептәуір жұмыс істелді. Ауыл ішіндегі көптен жөндеу көрмеген, тіпті бұрын-соңды асфальт төселмеген көшелерді қалыпқа келтірдік. Биылға біз Ы.Алтынсарин, Тілеу ұста, Қ.Сәтбаев көшелерін асфальттау үшін 85 млн теңгеге қаржыландыруға аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсындық. Бірқатар көшені түнгі жарықтандырумен қамтамасыз еттік. Мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр. Ауылда жауын жауса толарсақтан саз кешіп жүрген осы үш көшені реттесек, басқалары жаңарып қалды. Бұл үш көшенің біреуін жарықтандырдық. Қалған екеуін салықтық түсімдер есебінен жарықтандырсақ деп отырмыз. Бастысы, елдің игілік көруінде, – дейді ауыл әкімі Бақытжан Рахымбеков.
Сонау Шіркейлі ауылына «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» күре жолынан түсетін жол Қоғалыкөлге, сонан соң Бесарық, Ж.Маханбетов ауылдарының кіреберістерінің алдымен өтіп, әуежай жолына қосылады. Бүгінде Ж.Маханбетов ауылының тұсына дейінгісі күрделі жөндеуден өткен. Әуежай жолына дейін де тақтайдай тегіс асфальт түсетіні өткен жылдан айтылып жүрген. Ал ауыл-ауылдың үстін аттап, облыс орталығына баратын қоғалыкөлдіктер үшін бұл төте жол болмақ. Жұртшылық осы игі істің басталғанын көрді, енді тәмамдалғанын да тағатсыз тосып отыр.
Кәсіптен
тапқан береке
Мемлекет қамқорлығынан қолдау тауып, хоббиін кәсіпке айналдырып, оны кеңейткендер де аз емес. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес төрт азамат оқуын бітірген. Ал екінші бағыт бойынша 19 азамат 25 млн 92 мың 500 теңге несие алып, несібесін молайтты. Бұдан бөлек, «Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығы», «Ауыл шаруашылық қаржылай қолдау қоры» тәрізді ұйымдардан жобаларын қаржыландырғандар да біршама.
– Алдыңғы жылы ауданда бағдарламаны пайдаланып, кәсіпкер атанған жандардың саны жағынан көш бастадық. Былтырғы жетістігіміз де көңіл қуантарлықтай. Жаңа бизнес идеяларын ұсынып, «Мен осындай нысан ашқым келеді» деген жанның қолтығынан демеп, жобасын бірге дайындап жүрміз. Өйткені, кәсіпкерліктің маңызы жоғары. Бір кәсіпкер артық тіркелсе, салық түсіміміз де артады, жұмыссыздық көрсеткішіміз де кемиді. Ал жұмысы бар, табысы тұрақты жанның қоғамдық саяси ахуалға да оң әсерін тигізетінін жақсы білесіз. Түптеп келгенде, өңір экономикасын дамытудың маңызды тетігі жергілікті кәсіпкерлерді қолдаудан тұратынын ойдан шығармауымыз керек. Сыртта жүрген жерлестеріміздің де бұл орайда көп көмегі тиеді. Әрбіріміз туған жерге парызды санамызға сіңірсек, ел дамымағанда, кім дамиды?! Салық түсімі қаншалықты артса, мына жолымыз, жарықтандыруымыз, абаттандыруымыздың бәрі соншалықты жақсарады, – дейді Бақытжан Рахымбеков бізбен әңгімесінде.
Бүгінде елді мекенде 148 кәсіпкерлік нысаны болса, оның 142-сі тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл санның 89-ы жеке кәсіпкер, 38-і шаруа қожалық, 10-ы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болса, қалған 7-еуі ауылшаруашылық өндірістік кооперативі. Ал осы кәсіпкерлердің 10 процентінің жылдық айналымы 2 млн теңгеден асады.
Ауылда кәсіп ашқандардың дені мал шаруашылығын қолға алған. Бірі мал басын көбейтсе, екіншісі бордақылау ісімен айналысады. Жас кәсіпкер Абай Спанов қорасында он бас жылқы малын бағып отыр. Мектеп бітірісімен газэлектрмен пісіруші мамандығында оқыған ол бірнеше жыл осы салада еңбек етті. Дегенде, бұрын-соңды қорада мал ұстаған ауыл баласы өзіне таңсық емес кәсіптің тұтқасын ұстаған жөн деп санады.
– Рас, әдепкіде қорқыныш болады. «Тақиялы періште» көркем фильмін көріп пе едіңіз?! Сонда «жүз сом аз ақша емес, бірақ денсаулық та керек» деген жері бар. Тура сол сияқты, үш млн теңге дегеніңіз ойнайтын сома емес. Бірақ кәсіп те керек. Осылай кірісіп кеттік. Қазір жылқының бірнеше легін жібердік. Түсетін табысы өзіңнің икеміңе байланысты. Жылқыны уақытылы жем-шөбін беріп, дұрыс жайғамасаң, семірмейді. Ауылдағыларға таза әрі табиғи тағам болған соң өтімді, – дейді ол.
«Қызылорда өңірлік инвестициялар орталығынан» 3 млн теңге несие алған Абай Болатұлы алдағы уақытта кәсібін кеңейтуді мақсат етіпті. Болашақта ет өнімдерін өндіретін арнайы цех ашуды жоспарлап отыр. Шикізат өзінен болса, өткізер жер іздеп әуре болмайсыз. Жақсысы, халыққа дайын өнімді ұсынасыз.
– Болашақта белгілі кәсіпкер болғым келеді. Еңбек Ері Абзал Ералиев те біз сияқты бастаған шығар?! Неге сондай деңгейге талпынбасқа?! Таяуда Жақсылық Үшкемпіровтің Елбасы-ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевпен сөйлескенін әрі Қазақстандағы бес мың ауылды көтеретін бес мың жігіт болса ғой дегенін көріп ойға қалдым. Неге мен мықты кәсіпкер болып, ауылымды түлете алмаймын. Ондай нәрсе талпынсақ, бәріміздің қолымыздан келеді, – дейді жалынды жас.
Қоғалыкөлдік кәсіпкерлер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы да кәсіп бастап жатыр. Солардың бірі – Мұхтар Бегенов. Ол бірнеше жылдан бері айналысып келе жатқан тәжірибелі кәсіпкер. Айтуынша, тың кәсіптің көзін іздеп жүр.
– Бес-алты жылдың көлемінде мал бордақылаймын. Пайда бірде мол болса, бірде аз болып жатады. Бұл да бір лоторея тәрізді. Мал базарда бірде семіз мал қымбат, бірде арық-тұрықтың бағасы да шарықтап кетеді. Бірнеше ай бағып-қаққан малыңның ақысына кейде арық мал алып қайтасың. Бірақ, бағаны базар айтатыны баяғыдан белгілі ғой. Оған күйініп жатқан біз жоқ. Пендесін жаратқан Құдай несібесіз қалдырмайды ғой, – дейді ол күліп.
Осы кәсіпті алдына бағыт еткен Серікбай Таңқыбаев та жыл басында бірнеше жылқы алыпты. Ал жас кәсіпкер Шыңғыс Әби бал арасын асырап, қосымша мал басын арттырып келеді.
Құла таңнан
тер төккен
Таң бозарып атып келеді. Шешем сауын шелегін қолына ұстап қораға беттеген. Көне самаурын ентігін баса алмай бұрқылдап тұр. Ішіндегі сексеуілдің шоғы қойсын ба?! Шоқ табадан шыққан ыстық нан тәбетіңді ашып тұр. Балалар да бірінен соң бірі ұйқыдан тұрып, қол жуғышқа кезекке тұрды. Көшеден даусы гүрілдеген ЗИЛ өтті. Иә, ауылда ерте тұратын бірнеше санатты адамдар бар. Сиырын сауып, өріске айдайтын келіндер мен аналар. Сосын құдды бір жұмыстан қалатын қызметкердей ерте тұрып алатын балапандар. Ең маңыздысы, жерге дән сеуіп, оны күтіп баптайтын шаруашылық жұмысшылары. Әлгі ЗИЛ-дың шопыры қасында сағаттап тұрсаң да ішің пыспайтын Қамбар деген азамат. Алған жары тарихшы болған соң, өзінің де білетіні көп.
Иә, Қоғалыкөлдің диқандары жұмысқа қызу кіріскен. Осы күнге дейін қораны жөндеп, 140 гектар жерге жоңышқа мен бидай егіп үлгерді. Ең үлкен екі шаруашылық, яғни «Жер-Су Агро» мен «Жамбыл-2030» серіктестіктері мың гектарға күріш екпекші. Қалған ұсақ шаруашылықтардың да үлесінде біраз көлем бар.
– Біз көктем келмей жатып, қада шауып, қораның құлаған жерлерін қалыпқа келтіреміз. Жұмыс содан қыза түседі. Гаражда көліктерді дайындаймыз. Көктемгі науқанда да, күзгі науқанда да еңбегіміздің нәтижелі болуы техниканың уақытылы тоқтаусыз жүріп тұруына байланысты. Әрбір қызметкер мойнындағы жауапкершілік жүгін жете түсініп, жұмыс істейді. Өйткені, ел осы шаруашылықтың аузына қарап отыр. Ала жаздай еккен күрішіміз – тұрғындарға азық. Жоңышқамыз – малға азық. Ал әлеуметтік жағдайы төмен жандарға да көмек қолұшын созып тұратынымыз бар. Қыстай халыққа қоймадан көмір таратамыз. Әрбір тұрғын біздің мұндай көмегімізден тыс қалмайды, – дейді шаруашылық төрағасы Берік Әлекеев.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме?! Берік Жағыпарұлы ауылдың кіреберіс төлқұжатынан бастап, талай нәрсенің көріктенуіне үлес қосып келеді. Азаматына қарап, ауылын танитын елміз ғой. Бастағы береке мен бақтың тұрақты болуы осындайдан. Таяуда ғана баспаға дайындалып жатқан Жұмабай Байзақұлының «Қоғалыкөл қаһармандары» атты соғыс жылдарында ерлік көрсеткен бабалар туралы кітапқа да демеушілік жасады. Талай істің басында атымтай жомарттығын көрсетіп жүрген оны ел сыйлайды. Міне, ауылдың ажары да осы емес пе?!
Судың көзі ашылды,
алқапқа дән шашылды
Ауылда тірліктің көзі толып тұр. Тек білек сыбансаң болғаны. Ауылдың шетіндегі Ы.Алтынсарин көшесі биікте орналасқан. Содан болса керек, аяқсу да жарытып бара қоймайтын. Ауылдың шығыс жағынан келген су батысқа қарай ойланып барады. Бұл мәселені көптен бері ойға алған ауыл әкімі Бақытжан Рахымбеков таяуда көміліп қалған арықтарды тазарттырып, аяқсуға жол ашты. Талай жылдан бері су көрмей, кенезесі кепкен ағаштар да жақында су ішетін болады.
– Мұнда кім әкім болмай жатыр. Ауылдың төл перзенті келгелі біраз іс өрге бастады. Қуанатынымыз сол. Аяқсуға қолымыз жетсе, ауламызды көгертер едік. Жасыл желек ауамызды тазартады әрі әсемдік сыйлайды. Сондықтан бұл жақсы бір жұмыс болды. Аудан, ауыл әкімдеріне ризамыз. Асылы, қай басшы болса да жаны ашып істеген істің берекесі болмақ. Арықты қазу арқылы алынған таза әрі құнарлы топырақты тұзданып кеткен жерлерге апарып жатыр. Бір істің бір іске пайдасы осылай тиеді, – дейді ауыл ақсақалы Зейнолла Рүстемов.
Ақсақалдар белсенділігі жоғары. Жастарға ақылын айтып, өмірден алған тәжірибесімен бөлісіп келеді. Көше-көшенің ауызбіршілігін арттырып, кейінгі толқынды баулуда. Міне, ағеден ауылдың көрінісі деген осы.
– Ақсақалдармен әркез ақылдасып отырамын. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деген бар. Бастаманы бастарда қалай дұрыс екенін сұрап аламыз. Алда жоспар жетерлік. Бастысы, кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындарды жұмыспен қамтып, жұмыссыздықты азайту. Қоғамдық-саяси ахуал да әрдайым назарда. Мұның барлығына ауылдың үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсететін қасиеті мен перзентін қолдайтын туған елдің ерекшелігі сеп болады, – дейді Бақытжан Жұмабекұлы.
Қауіпті вирус ауылдағы шаруашылық құрылымдардан өзгелерінің қызметіне саябыр әкелгені рас. Әйтпесе, әрбір күні мәдениет үйінде әуезді ән шырқалып, көз тартар билер көрермен көзайымына айналып жататын. Ауылды аралаған жедел жәрдем көлігі тұрғындарды қауіпсіздік шарасын қатаң сақтауға шақырып жүр.
Бұл – өтпелі қиындық.
Ал, Қоғалыкөлдің шаруа берекесі арта беретініне сенім зор.
Дәулет ҚЫРДАН.
Сырдария ауданы.
Суреттер автордыкі.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |