Қазаныңыз оттан түспесін!

Астында қызыл  жалын  ұрып тұрған қара қазан демін бір басар емес. Ішіндегі дәмнің де қайнауы бабына келген тәрізді. Сонадайдан екі «өкпесін» қолына алып ысылдап тұрған сары самаурын да ауылдың ажарын кіргізіп тұрғандай. Ақтөбелік ақ жаулықты ана Дәмелі Қолдасбаева қолда келін бар деп екі қолын бос қоймайды. Оның дайындаған қазанжаппайын жұртшылық сүйсіне жейді. Сағына іздеп келіп, дәмін татып кететін ағайыны бар апайдың үйінен кісі аяғы арылған емес. Сары майдың ыстық күлшеге дәмі сіңіп, еріген хош иісі мұрынды жарып барады. Әлсін-әлсін жұтынып біз тұрмыз.

«Етке қарап сілекейі шұ­быр­ған мысықтың әлде­қашан қасапшы болатын кезі болды ғой» дегенді естіп ем. Расымен, бас аспаздың бабына келсін, қоя тұр дегеніне қарағымыз кеп тұрғаны шамалы. Үш арсыздың бірі емес пе, тамаққа қолды тығып жіберсең, ә, шіркін?!

Шешемнің нағашылары осында қоныс тіккен. Сон­дық­тан өзімсінген түрім ғой, баяғы Чапайдың әрбір тұрғынының пейілі дархан көрінеді маған. Алыстан ат терлетіп келген құдайы қонаққа бір қазан нан ұсынса, мұндайды көрмегендер таңырқай қарары анық. Иә, Дәмелі апай осындай кісі екен.

– Қазір қазанжаппайды жеген­дерден гөрі, білетіндер аз шығар. Білсе де заманауи «мәнтәвәркіге» пісіреді. Мұнда қандай дәм болсын? Нағыз қазанжаппай далада, ошақтағы қазанда піседі. Бала күнімізде қарасуға иленген қамыр осыншалықты дәмді болады екен-ау деп ойлау­шы едік. Қазіргідей түрлі дәмдеуішсіз-ақ қайнаған жылы су мен бір шымшым тұз болса жетіп жатыр. Бастысы, шын ниетпен жасау керек, ықы­ласпен жасалғанның ырысы мол болады, – дейді Дәмелі Қолдасбаева. 

Ақ жаулықты ана өзі жасаған майы мен ыстық табананын екі қолына қыстыра ұстап, дастарқан жайып әлек. «Айналайын, ыстықтай жеңдер» деген жылы дауысы алыс жолдан келген біздің жанымызды елжіретіп жіберді. Қазанжаппай ортаға келгенде итальяндықтардың пиццасы мен түріктердің дөнері тіпті маңына жуымайтынын білдік. Дана халқымыздың ұлттық тағамдары нағыз отандық бренд болуға лайықты ғой.

– Бала күнімнен осы ауыл тіршілігіне араласа бастадым. Үлкендерден үйрендік. Қатарластарымызбен тәжірибе алмастық. Қазір қолым қалт етсе айран-құртымды әзірлеймін. Оның өзі немере-шөберелерімнен артылмайды. Жас келді. Қазанжаппай жасауға шамам келе бермейді. Денсаулық та сыр бергендей, – дейді 75-тен асқан әжей өткеніне көз жүгіртіп.

Еңбек майданында 20 жыл сауыншы болған ол жолдасы Серік Әлжановпен бірге 4 қыз, 3 ұл тәрбиелеген Батыр ана. Ұл-қыздары құтты орынға қонған. «Алтын алқа», «Озат сауыншы», «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Құрмет» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, сол кездері аудандық кеңестің депутаты болып сайланған Батыр ана облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер. Бүгінде ол немере-шөберелерінің ортасында бақытқа кенелуде.

– Қазіргі жастар білсе екен деймін. Не нәрсе болса да оңай жолмен келмейді. Тек еңбектену керек. Заман дамып жатыр дейміз ғой. Ендігі біз қартайған шақта оған ілесе де алмаймыз. Десе де қазіргі буын соны меңгере отырып, өткенін, тарихын ұмытпаса, – дейді Дәмелі әже.

Әжейдің бетіндегі әрбір әжімде қатпар-қатпар тарихтың жолы жатыр. Қартайған асыл ананың ақ шалған самайынан да көп нәрсе ұққандай болдық.

Біз кетіп барамыз. Қазан­жап­пайдың дәмі тілімізді үйіріп әкетті. Бір өкініштісі, осындай тамаша тағамдарды дайын­дайтын жандарды қазір шаммен іздеп кететін болдық. Ұлттық тағамдарымыз ұлы ұлттың жолында жалғасын таба берсе екен дейміз де...


Дәулет ҚЫРДАН,

«Сыр бойы».

Қармақшы ауданы.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 сәуір 2020 г. 555 0