« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Дүниежүзін жайлаған коронавирус инфекциясымен күресте, ең алдымен, ақ халатты абзал жандарға үлкен күш түсіп, сенім артылып отырғаны белгілі. Мылтықсыз майданның алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлер қауымына деген жауапкершілік жүгі ауруға шалдыққандар саны артқан сайын еселеп ауырлай берді.
Жай күннің өзінде тұрғындар саулығы жолында қарбалас тірлік кешетін олар бүгінде тіпті күрделі жағдайда еңбек етуде. Өйткені бар үміт – дәрігерлерде. Осы орайда антына адал ақ халаттылар да уақытпен санаспай, үй бетін көрмей науқастарды аман алып қалу жолында жүр. Індет шарпыған елдердің барлығында, біздің елімізде де солай. Өңірімізде де ауру анықталған алғашқы күннен бері эпидемиолог, инфекционист мамандарымыз аяғынан тік тұрып қызмет етуде.
Қазір Жаңақорған ауданы дәрігерлерінің жұмысы да қауырт. Жағдайды білу мақсатында Жаңақорған ауданаралық ауруханасының жоғары санатты аға дәрігер-эпидемиологы Асқан Отарбековпен телефон арқылы байланысқан едік.
Бүгінде Жаңақорған ауданында 16 жағдай тіркелді. Қалыптасқан жағдайға байланысты медицина мамандары күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
– Ауру шыққан бойда дәрігерлер тұрғындарға сақтық шараларын айтып, қауіпті індет жөнінде қажетті ақпараттарды берді. Науқаспен қатынаста болғандарды мерзімінде оқшаулау шараларына жұмылдырылған жалпы тәжірибелік аймақ дәрігерлері барын салып уақытпен санаспай жұмыс істеуде. Кесел бақылауға алынған азаматтар ішінен шықты. Бұл – дер кезінде қабылданған шаралар мен тынымсыз атқарылған жұмыстардың, яғни дәрігерлер мен мейірбикелердің бала-шағасын тастап күндіз-түні дамыл таппай зыр жүгіріп үй аралап жүргендігінің нәтижесі. Сондықтан денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің қауіпті індетті анықтау, оның алдын алу барысында жасап жатқан еңбегі ұшан-теңіз, – деді ол.
Асқан Бердіұлының айтуынша, аудандық инфекциялық бөлімінде 25 қызметкер бар. Соның 10-ға жуығы қазіргі кезде науқастардың айығып кетуі үшін тынбай еңбек етуде.
– Бекітілген тәртіп бойынша медицина маманы науқас қашан айығып кеткенше үйіне жіберілмейді. Оларға науқастар жатқан ғимарат ішінен шығуға рұқсат жоқ. Мамандарымыздың барлығы арнайы костюммен қамтылған. Десе де, тәртіпке бағынуымыз қажет. Соңғы науқас жазылып шыққан соң ғана дәрігер үйіне бара алады. Бүгінде біздің мамандарымыз осы тәртіпке бағынып, жұмыстарын атқаруда. Менің өзім ауру анықталған алғашқы күннен бастап, яғни, 29 наурыздан бері үйіме барған жоқпын. Отбасыммен тек телефон арқылы ғана сөйлесемін. Мұның себебі де түсінікті болар, өйткені науқастардың жағдайының күрт төмендеп кетпеуіне, олардың дертінен айығып үйлеріне аман-есен оралуларына біз жауаптымыз, – дейді ол.
37 жылдық дәрігерлік еңбек жолында бірқатар қиындықтармен бетпе-бет келген дәрігер бұл жолғы індеттің қаупі бөлек екенін айтады.
– 1986 жылдары жас маман болып еңбекке араласқанымда іш сүзегі, сарыауру секілді сырқат түрлері көптеп кездескені есімде. Сондай-ақ, біздің аудан ауыл шаруашылығы, әсіресе, мал шаруашылығымен айналысатын аймақ болғандықтан, кенеден келетін кесел – Қырым қанды безгегі де жиі көрініп тұратыны бар. Сондай аурулар шыққан кезде де күшейтілген жұмыс режиміне көшетінбіз. Бірақ мына індет әлем бойынша ерекше жағдайда тарағандықтан, бұған аса сақ болуымыз қажет. Осы орайда тұрғындардан бір ғана өтінішіміз бар – егер аурудың таралуы ертерек тоқтасын десек, үйден шықпай, тәртіпке бағынайық! Әрбір науқастың өмірі үшін күн-түн демей, аяқтарынан тік тұрып, үй-жайларын көрмей жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге солай ғана көмектесе алатынымызды естен шығармасақ екен, – дейді дәрігер.
Айта кету керек, бүгінде ем алып жатқан науқастардың жағдайы қалыпты, асқынулар болып жатқан жоқ. Кесте бойынша дәрігерлер, орта буын медицина қызметкерлері жұмыстарын атқаруда.
Осы орайда облыс тұрғындарынан қалыптасқан жағдайға байланысты енгізілген карантин шараларына үлкен жауапкершілікпен қарап, тәртіпке бағынуларын біз де өтініп сұраймыз. Әр науқастың өмірі үшін күресіп жүрген бүгінгі күннің қаһармандары – ақ халатты абзал жандарға осылай қолдау білдірейік, ағайын!
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |