42500 теңге: Кімге? Қалай? Қашан?

 Қысылтаяң шақта жұмыстан шығып қалған, табысынан айырылған 3 миллиондай адамға Үкімет қарасып отыр. Президент тапсырмасымен оларға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 42500 теңгеден беріледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов орталық коммуникациялар қызметінің онлайн брифингінде әлеуметтік төлем алу тәртібін егжей-тегжей түсіндірді.
Оған кімдер қол жеткізе алады?
– Біріншісі – жалдамалы қызмет­керлер, яғни шағын және орта кәсіп­орындарда ақысыз демалысқа жі­беріл­ген жұмысшылар. Карантин жария­ланған қалаларда бұл санатқа ірі кәсіпорындар да жатады. Екіншісі – жеке тұлғалар, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар. Олардың арасында жеке кәсіпкерлер бар – 1,5 миллион адам. Жеке практикамен айналысатын (жеке адвокат, сот орындаушы, нотариустар) 2 мыңнан астам адам, 180 мың фрилансер бар. Олар да табысынан айырылды. Соңғы 12 айда бірыңғай жиынтық көлемін төлеген 316 мың адам бар, – деді ол.
Еңбек шартынсыз, еш жерге тір­келместен тіршілік етіп, салық төлемей күнелтіп жүргендер, Президент айтқандай, рәсімделсе жетіп жатыр. Ол үшін бірыңғай жиынтық төлемін төлеуі тиіс: қалада – 2651, ауылда – 1325 теңгеден. Рәсімделу екі түрлі жолмен жүзеге асырылады. Бірі – екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасындағы арнайы қызмет, екіншісі – телефоннан SMS жіберу арқылы.
– Телефоннан 5505 нөміріне SMS хабарлама жолдайсыз. Ол жерге қала­ның тұрғыны болсаңыз, латын әріп­терімен «GOROD ESP», қасына жеке сәйкестендіру нөмірін жазасыз. Ауыл тұрғыны «SELO ESP» деп, ЖСН белгілейді. Осыны жібергеннен кейін төлем есептеліп, үш күн ішінде есепшотыңызға түседі, – деді Б.Нұрымбетов.
Ақшаны алудың еш қиындығы жоқ. Бұрынғыдай табаныңыздан тозып құжат жинап әуре болмайсыз. Азаматтар небәрі eGov порталы, Telegram-бот пен арнайы сайт арқылы аты-жөнін, жеке сәйкестендіру нөмірін, карточкасының есепшотын енгізеді. Оны электронды қолтаңбасымен немесе SMS арқылы кілтсөзбен растайды.
Бейсенбі күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ облыс бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев Facebook әлеуметтік желісін­дегі жеке парақшасында қызылор­да­лықтардың шотына ақша түсе бастағанын жеткізді.
– Төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған бірыңғай жиынтық төлем төлеуші 3075 адамға әлеуметтік көмек аударылды. Оны тағайындау проактивті форматта, яғни азаматтардың өтінішінсіз жүзеге асырылды. Төлемді соңғы 12 айда кемінде бір рет БЖТ төлегендер алды, – деді А.Қайруллаев.
Осы ретте «Азаматтарға арналған үкімет» жеке деректерді бейтаныс адамдарға беруге болмайтынын ес­кер­тіп отыр. Өйткені «мемлекеттің қаржылай қолдауын алуға көмектесем» деушілер әлеуметтік желіде қаптап кетті. ЖСН, ЭЦҚ, банк картасының нөмірін, тіпті пин-кодына дейін сұрап алғасын сізді тығырыққа тіреуі әбден мүмкін. Алаяқтар үшін осыдан кейін egov.kz порталындағы сіз туралы жеке мәліметке қол жеткізу оп-оңай. Жалған келісімшарт жасау үшін атыңыздан кәсіпкерлік ашып, баспанаңызға бейтаныс адамдарды тіркеп, көлігіңізді басқа біреудің атына аудара алады. Банк картасының ПИН-кодын білсе, шотыңыздағы қаржыдан да қағыласыз.
– ЭЦҚ, жаңа әлеуметтік төлем түрі туралы 1414 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, ақпарат алуға болады. Facebook әлеуметтік желісінде «eGov помощь» тобы құрылды. Онда мемлекеттік қызмет түрлерін, электронды үкімет порталының мүм­кіндігін қалай қолдану керектігін үйретуге дайынбыз, – деп бөлісті мем­лекеттік корпорациядан.
«Азаматтарға арналған үкімет» ес­кертуге қарамастан, күмәнді «көмек­шілердің» ақылы қызметін пайдаланып, оларға жеке мәлімет беріп үлгергендерге ЭЦҚ-ның құпия сөзін pki.gov.kz-тегі жеке кабинеті арқылы өзгертуді немесе кілттердің күшін жоюды ұсынады.
Ал кеше көмекке өте мұқтаж қазақстандықтарға «Birgemiz» қоғамдық қорынан 50 мың теңгеден берілетіні белгілі болды. Әйтсе де, оған үміт артқандар саны күн санап өсіп келеді. Материалдық көмек азаматтардың екінші деңгейлі банктердегі шотына аударылады.
– Ешқайда барудың, өтініш жазудың қажеті жоқ. Таяу күндері өңірлік қорларға қаржы аударылып, иелерінің есепшотына түседі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көмек алушылардың 7 санатын бекітті. Олар: мұқтаж мүгедектер, АӘК алмайтын тұрмысы төмен көпбалалы, мүгедек бала тәрбиелеуші отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын, халықтың әлеуметтік әлсіз тобындағы зейнеткерлер, жетім (тұл жетім, асыраушысының бірінен айырылған) балалар, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілгендер, тыл еңбеккерлері. Көмек облыс орталықтары мен аурудың таралу қаупі жоғары ірі қалалардың тұрғындарына көрсетіледі, – деді қордың қамқоршылық кеңес отырысында қор төрағасы Руслан Сәкеев.
Қазіргі кезде қаржылай көмекті аудару кезінде банк комиссиясын, кредиті барлардың берешегін шегеріп қалмау мәселесі пысықталып жатыр.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 сәуір 2020 г. 552 0