Той тойлайтын уақыт емес

А.Пушкиннің «Пир во время чумы» деп аталатын шағын пьесасы бар. Шығарманы автор холера эпидемиясы тараған кезде Болдин деген жерде карантинде жазған. Індеттің кесірінен жоспарлары жүзеге аспай қалған ақынның жан дүниесіндегі төңкерістен болар, туындының кейіпкерлеріне көп нәрсе айтқызған. Біз оның барлығын тізбелемейміз, әрине. Бірақ, кесел тарап жатқанда көшенің қақ ортасына дастархан жайып, шулаған топқа тоқтау айтқан дінбасыны тыңдамай, бет-бетіне әрекет еткендердің қылығы бүгінгі біздегі жағдайға ұқсай ма, қалай өзі? 

Коронавирус пандемия­сына бай­ла­нысты Президент елдің бүкіл ау­мағына төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Екі ірі мегаполиске карантин режимі енгізілді. Прокуратура уақытша шек­­теулерді, оларды орын­дамаған жағ­дайда қол­данылатын әкім­шілік жа­уаптылық туралы  күн құрғатпай түсіндіруде. Төтенше жағдай кезінде билік өкілінің заңды талабына бағынбағаны үшін қылмыстық жауаптылық көзделген.

Адамдар көп жиналатын орын­дар­дың қызметіне сағат 22.00-ден кейін шектеулер қойылды. Ойын-сауық, спорт­тық және басқа да бұқаралық iс-шараларды өткiзуге тыйым салынды. Төтенше жағдай уақытында тұрғындар тиісті талаптарды ескермей, үйлерінде той жасап, кафе, мейрамханалар және т.б. ойын-сауық орындары түнгі 22:00-ден кейін де қызметтерін жалғастыруда. Облыстық про­куратураның мәліметтеріне қа­ра­ғанда, осы әрекеттері үшін 49 адамға әкімшілік хаттама толтырылды. Оның 14-і соттың қаулысымен әкімшілік қамауға алынса, 23-не әкімшілік айып­пұл салынды. Қалған 12-сі соттың өндірісінде.

Мысалы, Қазалы аудан­дық соты­ның қаулысымен 1 тойхана иесі 7 тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынса, 1 тойхана иесіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айып­пұл салынды. Қызылорда қаласында да кафені сағат 22:00-ден кейін, базарды сағат 17:00-ден кейін жабу туралы талап­ты орындамағандарға ша­ра көрілді.

Талапты жеке тұл­ға­лардан бөлек, мемлекеттік қызметшілер, тіпті жер­гілікті әкімдер де сақтамай отыр. Шиелі ауданында той жасаған тұрғын 10 тәулікке қамалды. Той иесінің туысы – ауыл әкімі осындай кезде елді тәртіпке шақырудың орнына, келінді өзі әкеліп түсірген.

Облыстың бас имамы Болатбек Әбуовтің айтуынша, адам жинап, үйде ас берудің қаншалықты қауіпті екенін көпшілік әлі де ұғынбай отыр. Бас имам өткен айда бақилық болған әкесінің қырық күндік асын жасамаған. Шариғатта тәртіпке бағыну туралы айтылады. Осы сындарлы кезеңде ас берулер тоқтатылып, жаназаның өзін көп адам жинамай атқарған дұрыс. 

Түсіндірме жүргі­зіл­­­ге­­ніне қара­мастан, жал­­­ған ақпарат тарату де­рек­­тері орын алды. Атап айтқанда, Қызылорда қа­ласы, Жаңақорған және Арал аудандарында «COVID-19» диагнозымен емделіп жатқандар туралы шындыққа жанаспайтын ақпараттар «Whats-app» мес­сенджерінде желдей есті. Онсыз да көңілі алаң жұрт­ты дүрліктірген 7 факт анықталды. Бұл бо­йынша полиция органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеру ісін бастады. Төтенше жағдай кезінде көпе-көрінеу жалған хабар тарату ауырлатушы мән-жай ретінде қарастырылып, ауыр қыл­мыс ретінде сараланады.

Аталған қылмысты жасаған тұл­ғаларға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Сонымен қатар, «COVID-19» диагнозымен ауырған тұлғалар және олар­­мен байланыста болған адамдардың жеке өміріне қатысты мәліметтерді заң­сыз таратудың 2 дерегі анық­талды. Аталған деректер бойынша қыл­мыстық істер тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.

Мұндай әрекет үшін 7 жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы көз­делген.

Президент осындай қиын-қыстау шақта бел­гі­ленген нормалардан асып, өзімбілемдікке салын­ған­дарға қол­данылатын жазаны барынша қатаң­датуды тапсырды. Прокуратура өкіл­­дері дүркін-дүркін тү­сін­дірме жүр­гізіп, онлайн бри­фингтер өткізіп, талап­тар, оны орындамаудан туындайтын жазалар туралы айтуда. Қысқасы, ақпарат жеткілікті.

Сөз басында Пушкинді мысалға келтіріп едік. Шығармаға желі болған қауіпті кеселдің таралған кезеңі – өткен ғасырлар. Олармен салыстырғанда, біз ақпараты ашық, заңы белгіленген зайырлы қо­ғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба? Ендеше, тәр­тіпке бағынайық!

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА, 

«Сыр бойы».

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 сәуір 2020 г. 461 0