Г.ӘБДІҚАЛЫҚОВА, облыс әкімі: «БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ ЕЛДІҢ МҮДДЕСІНЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУІ ТИІС»

 Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың жетекшілігімен төтенше жағдайға қатысты штаб отырысы өтті. Оған қала және аудан әкімдері видеоселекторлық байланыс арқылы қатысты.

Аймақ басшысы атап өткендей, бүгінгі күні әлемде және елімізде күрделі кезең қалыптасып отыр. Баршамызды коронавирустың таралуы алаңдатуда. Бұл жағдайды әлемдік экономикалық дағдарыс, доллар бағамының шарықтауы және азық-түлік бағасының тоқтаусыз өсуі секілді келеңсіз жайттар одан әрі күрделендіре түсуде. Айтылған қиындықтар біздің өңірді айналып өтпейтіні анық. Өкінішке орай, коронавирус дерті бойынша облыста бес жағдай тіркеліп, осыған байланысты барлық кешенді шаралар жүргізіліп жатыр. 

– Жағдайға байланысты алдағы міндеттерді айқындап, жасалатын жұмыстарды нақтылауымыз қажет. Бүгінгі күнге дейін атқарылған іс-әрекеттерге көңілім толмайды, – деді жиын басында аймақ басшысы.

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының тапсырмасына сәйкес, коронавирус індетінің алдын алу бойынша жедел штабты өзі басқаратынын айтқан Гүлшара Әбдіқалықова барлық жауапты қызметкерлерге дәл қазіргі жағдайда бейқам болмауды баса ескертті. 

– Облыс әкімінің аппараты, қала және аудан әкімдері, сіздерден төтенше жағдай мерзімінде тәулігіне 24 сағат жұмыс екендігін ескертемін. Телефон қосулы болып, жедел әрекетке дайын болыңыздар! Өткен аптада Президенттің төрағалығымен төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өткенін білесіздер. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметке, аймақтарға және жауапты ведомство басшыларына нақты тапсырмалар берді, – деді облыс басшысы. 

Айта кету керек, облыс әкімі айтып отырған жиында Мемлекет басшысы жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тартуға шақырған болатын.


Сондай-ақ, бұған дейін Президент қымбат көліктер мен жиһаздарды сатып алуға, түрлі форум, семинар, конференциялар өткізуге жұмсалатын шығындарға  ұзақ мерзімді мораторий жариялауды тапсырғанын баса айту керек. Қалыптасқан төтенше жағдай тұсында ысырапшылдыққа жол берілмей, бөлінген қаражат елдің мүддесіне қызмет етуі тиіс. Сонымен бірге, облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасы тапсырыс берушілердің мемлекеттік сатып алуды өткізуге қатысты өтінімдерін қарастыру кезінде осы тапсырманы басшылыққа алуы керек.

Аталған мәселелерді осылай нақтылай түскен облыс әкімі төтенше жағдай кезінде барынша дерттің алдын алу – басты мақсат екенін айрықша ескертіп, тапсырмалар берді.

– Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне коронавирус індетінің өңірімізде таралып жатқанын ескеріп, қажетті шаралар қабылдау үшін жедел штаб жұмыстарын дербес басқаруды жүктеймін. Айтыл­ған жауапты тұлғалармен қатар, облыстық денсаулық сақ­тау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапа­сы мен қауіпсіздігін бақы­лау департаменті ҚР Бас санитариялық дәрігерінің республика көлемінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы №27 және облыстың Бас санитариялық дәрігерінің №3 Қаулыларынан туындайтын талаптар қатаң сақталуы тиіс.

Тағы бір айта кететін жайт, қала әкімі Н.Нәлібаев, облыстық полиция департаменті, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық тауарлар мен көрсе­тілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаменті, 2020 жылғы 31 нау­рыз күні сағат 00.00-ден бастап Қызылорда қаласын карантинге жабу бойынша белгіленген жерлерде тосқауыл бекеттерін қою жұмыстарын ұйымдастыруы керек. Дәл осындай жұмыстарды барлық аудан әкімдері де қамтамасыз етуді қолға алсын, – деп жүктеді Г.Әбдіқалықова.  

Мұнан өзге аймақ басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, облыс­тық жұмылдыру дайындығы басқармасы қала аумағында залалсыздандыру жұмыстары мен коронавирусқа қарсы сани­тарлық-эпидемиологиялық шара­ларды ұйымдастыру мақса­тында әскери бөлімдер мен құқық қорғау органдарына қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдық, антисептиктерге керекті қаржы көлемін нақтылап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына осы жылдың 30 наурыз күнгі сағат 19:00-ге дейін  ұсынуы керек. Ұсынымға орай облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қаржы бөлу мүмкіндігін қарас­тырмақ. Бұған Қызылордада коронавирус инфекциясымен тіркел­ген науқастардың көбеюіне байланысты қала әкімдігіне 200 млн теңге көлемінде қаржы бөлуді қарастыру туралы да қосымша айтылды.

Штаб жиынында қала, аудан әкімдерімен бірлесіп қашықтықтан оқыту бойынша білім беру ұйымдары мен оқушылардың дайындығы, қалааралық, аудан, ауыларалық жолаушы тасымалдайтын автобус, такси қызметіне шектеу, аймақтағы ірі компаниялар барлық жұмысшыларын өз қаражаты есебінен вирус індетін анықтайтын тесттен өткізуіне ықпал жасау қажеттігі де айтылмай қалмады.

– Коронавирус індеті анық­талған жағдайда, жергілікті жер­дегі тұрғын үйлер мен аулаларда карантин ережелерін қатаң сақтап, полиция қызмет­керлерімен тәулік бойы кезек­шілік ұйымдастыруымыз қажет. Науқаспен қарым-қатынаста бол­ған азаматтар ереже бұзса, әкім­шілік немесе құқықтық жауап­кершілікке тартылатын болады. Тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында тіркелген деректерді БАҚ-та кеңінен жариялау керек. Сондай-ақ, қала, аудандардағы көшелерді белгіленген тәртіп бойынша дезинфекциялау жұмыстары тоқтамауы тиіс, – деп толықтырды облыс әкімі.

Аймақ басшысының пікірінше, коронавирус инфекциясының алдын алу шараларының ақпарат­тандырылуы өз деңгейінде емес. Себебі, облыстық ден­саулық сақтау басқармасы және облыстық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің арасында өзара байланыс жоқ.

– Оған дәлел, облыста тіркелген екінші науқас туралы ақпарат республикалық сайттарда 29 наурыз күні таңғы сағат 09.00-де жарық көрсе, облыстық өңірлік коммуникациялар қыз­метінің брифинг орталығынан тек 12.00-де ғана жарияланған. Тұрғындардың түрлі келеңсіз талқылауларынан кейін, журна­лис­тер нақты ақпаратты 3 сағат­тан кейін алуға мәжбүр болды.

Сондай-ақ, 30 наурыз күні облыстық тауарлар мен көр­сетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау де­партаментінің «Facebook» па­рақ­шасына облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулы­сын жариялаған.  Оның мәтіні түсі­ніксіз, қарапайым тұрғын­дардың оқуына өте ауыр. Құжатта қателіктер көп, – деді облыс басшысы. 

Жиында осы кемшіліктерді болдырмау үшін облыс әкімі өз орынбасары Н.Байқадамовқа нақты шаралар қабылдап, жұмысты үйлестіру жүктелді.

Күрделі мәселенің бірі – қиын уақытта жұмыс орындарын сақтап қалу. Осыған алаңдаған облыс әкімі түрлі қауесет пен арандатушылыққа жол бермей, жұмыс орындарын сақтауды сала басшыларына тапсырды. 

– Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасы қала және аудан әкімдерімен бірлесіп, өңірлердегі бос жұмыс орындарына күнделікті мониторинг жүргізуі тиіс. Жұмыспен қамту бойынша шара қабылдап, нақты цифрларды екі күн мерзім ішінде баяндасын. Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланыс­ты табысынан айырылғанды ай сайынғы төлемдер мен көпбалалы отбасыларды, мүгедектерді және халықтың әлеуметтік осал топтарын тегін азық-түлік-тұрмыстық жинақтармен қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды сапалы әрі уақытылы жүргізілуін қатаң ескертемін, – деді және жиында Гүлшара Наушақызы.

Аймақта азық-түлікпен қамтамасыз ету, оны жергілікті жерлерге жеткізу мәселесін реттеу, әлеуметтік маңызы бар тауар бағаларының шарықтауына жол бермеу жағдайы да пысықталды. Мәселеге жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына 1 сәуірге дейін облыстық тұрақтандыру қорын азық-түлік қорымен қамтамасыз ету тапсырылып, оған мониторинг жүргізу, нәтижесін күнделікті облыс әкіміне баяндау керектігі айтылды.

– Қала, аудан әкімдері, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік бағаларының өспеуін бақылауға алып, баға тұрақсыздығына жол бермеңіздер. Аудан орта­лығынан шалғай елді мекен­дердің тұрғындарына ауыл шаруа­шылығы өнімдері тұрақ­ты, уақытылы жетуін қатаң қадағалаңыздар. Келесі бір ескеретін маңызды мәселе, осы сын сағатта кәсіпкерлер халыққа қарайласып, жеке бас мүддесі үшін  алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеуі тиіс. Бұған да ерекше назар аударыңыздар. Бірінші кезекте, жұмыссыздықтың алдын алып, азық-түлік пен ең қажетті тауарлардың, медициналық зат­тардың тапшылығына жол бермей, қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтауымыз керек, – деді облыс әкімі.

Жиын барысында Қызылорда қаласының әкімі мен барлық аудан басшылары бейнебайланысқа шығып, атқарылып жатқан шараларға қысқаша хабарлама жасады. Әкімдердің сөзінше, сырт қалаларда және өзге шет мемлекеттерде оқитын студенттердің біршамасы елге оралған. Олар үнемі дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ, аудандарда жиын-той өткізу мәселесіндегі шектеулер мен бақылау ұдайы назарда. Карантиндік бақылауда жатқан тұрғындардың жағдайы қалыпты. Вирустық ауру біліне қалған жағдайда ауруханаларда арнайы орындар дайындалып, дәрігерлерге  жеке қорғаныш киімдері алынған.

Облыс әкімі Мемлекет басшысының вируспен күресіп жатқан медициналық қыз­мет­керлерге үстеме жалақы қосуға қатысты шешім қабылдағанын айта келіп, сала басшыларына аталған топқа жататын аймақтық дәрігерлердің тізімін жасақтау қажеттігін ескертті.

– Осы мәжілісті пайдаланып, барша облыс тұрғындарының назарына қазіргі қалыптасқан жағдай күрделі болғанымен, аса ауыр еместігін, Президентпен, Үкіметпен қолайсыз жағдайға дер кезінде дайындықтың бас­талғанын айтқым келеді. Індеттің алдын алу және әлеу­меттік жағдайды оңалту бо­йынша жеткілікті дәрежеде мүмкіндігіміз бар. 

Бұл – уақытша дүрбелең. Сондықтан біз әрқайсымыз өз міндеттерімізді үлкен жауап­кершілікпен орындасақ, қиын­дықтан тезірек шығамыз. Тек бірлесіп жұмыс жасау қажет. Қазіргі қалыптасқан жағдайларға байланысты талаптың да өте жоғары болатынын ескертемін, – деді жиын соңында облыс әкімі. 


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 наурыз 2020 г. 1 971 0