Қызылорда жабыла ма?

Қызылордадағы коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі бойынша науқас бүгін облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бокс бөліміне жатқызылды. Бұл туралы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова шұғыл брифингте мәлімдеді.
Сонымен қатар Әлия Әбдіқайымова осыған байланысты ватсап чаттарында фейк ақпараттар тым тез таралғанынан да хабардар екенін жеткізді.  
- Түрлі хабарламаларды таратуды тоқтатқан дұрыс. "Қызылорда жабылады" деп елден-елге тараған ақпар жалған. Сенімді дереккөздерге ғана сүйенулеріңізді сұраймыз, қысылтаяң шақта сақтық шараларын да қаперден шығармайық, -  деді Ә.Әбдіқайымова.
Жалған ақпарат таратқандарға жаза қатал. Бұған дейін желі арқылы негізсіз ақпарат таратқан 62 жастағы Қызылорда қаласының тұрғыны мен 32 жастағы Жаңақорған ауданының тұрғыны ұсталған болатын. Қазір қылмыстық кодекстің 274-бабы, 4-тармағына сәйкес (төтенше жағдай кезінде көрінеу жалған ақпарат тарату) сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл үшін үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылуы мүмкін.

М.СНАДИН.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 29 наурыз 2020 г. 1 838 0