Қазақстанның 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында төтенше жағдай режиміне көшуі халықтың өмір сүру тәртібін өзгертті.
Той-томалақ толастап, адам аяғы көп орындарда кісі қарасы азайды. Әсіресе, карантин жарияланған қос мегаполисте бұрынғыдай ерсілі-қарсылы жүріс жоқ. Жұрт үйден шықпауға да үйренгендей. Аурудан қорғанудың қарапайым амалы – жеке бастың тазалығын балаға дейін қатаң сақтау. Ең бастысы, өтпелі кезеңнің қиындығын жұдырықтай жұмыла көтере білетін бірлігіміз сол күйі екеніне көзіміз жетті. Тұңғыш Президент – Елбасы Үндеуінің төңірегіне топтасқан отандық бизнес өкілдері жақсылық жасауда аянып қалып жатқан жоқ. 23 наурыз күнгі мәлімет бойынша «Birgemiz» қоғамдық қорына олардың қолдауымен 41 миллион доллардан астам қаржы жиналды.
Әлемді әбігерге салған індет ел экономикасына да әсер етпей қоймады. Шағын және орта бизнестің шаруасы қиындап, біршама адам жұмыстан шығып қалды. Кейбір ата-аналар баламен үйде отыруға мәжбүр. Мекемелер мен кәсіпорындардың көбі, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жаппай қашықтан жұмыс істеуге, онлайн оқуға көшті. Дегенмен, Үкімет уақытша қаржылай қиындыққа тап болғандарды қолдауға дайын. «Біз экономикалық жағдайды басты назарда ұстаймыз. Мемлекет барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындайды», – деді Президент телевизиялық Үндеуінде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төтенше жағдай уақытында табысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындаудың жаңа тәртібін әзірледі. Бір жұмысшыға мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан берілетін әлеуметтік төлем мөлшері бір минималды айлық жалақыға немесе 42,5 мың теңгеге тең. Оған қол жеткізу үшін жұмысшының төтенше жағдай енгізілгенге дейін соңғы 12 айдың кем дегенде 3 айында қорда аударымы болуы керек. Әлеуметтік төлем орта, шағын және микробизнес жұмысшыларына ғана арналған.
Еліміздегі екінші деңгейлі банктер тұтынушыларға кешіріммен қарап отыр. Төтенше жағдай салдарынан несиесі бойынша міндетін өтемегендер жауапқа тартылмайды. Төлем мерзімі өткен жағдайда айыппұл мен өсімпұл есептемейді. Қаржы ұйымдары барлық іс-әрекетті автоматты түрде орындайды. Сондықтан ол үшін әдейілеп банкке барудың қажеті жоқ. Бірақ әр банктің төлем бойынша ұсынып отырған мерзімі әртүрлі. Мәселен, бірі қарызды өтеу уақытын тек 15 сәуірге дейін созса, енді бірі клиенттеріне 90 күнге дейін рақымшылық жасады.
Мұндай қолдау жеке кәсіпкерлер үшін де көрсетіліп, несие берешегін өтеу мерзімі 3 айға дейін шегерілді. Президент тапсырмасына сәйкес заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер бір жылға мүлік салығынан босатылды. Ұлттық банк қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. Бағдарлама аясында төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, жеке кәсіпкерлерге екінші деңгейлі банктер 12 айға дейінгі мерзімге жылына 8 проценттен аспайтын көрсеткішпен несие ұсынады. Бұл айналым қаражатын толықтыруға мүмкіндік береді. Қаржыны игеру мерзімі – 3 ай.
Оқушылар көктемгі каникулға шыққан 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында мектеп мұғалімдері қашықтан жұмыс істеп жатыр. Оларға еңбекақы толық төленуде. Ал 6 сәуірден бастап балалар «Балапан», «Ел арна» телеарналары арқылы білім алмақ. Білім және ғылым министрлігі хабарлағандай, сабақты Назарбаев зияткерлік мектептерінің, республикалық, халықаралық, жекеменшік оқу орындарының үздік мұғалімдері өткізеді. Ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленді. «Бұл формат біздің оқушылар мен ұстаздар үшін үйреншікті емес. Сондықтан педагогтардың жұмысына түсіністікпен және құрметпен қарауларыңызды сұраймын. Олар оқушыларын сағынды және мектепке келер сәтін асыға күтуде», – деді министр Асхат Аймағамбетов ата-аналарға жазған хатында.
Төтенше жағдай кезеңінде қошеметке лайық, еңбегі ерен өзге де мамандық иелері бар. Оларға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы алғыс білдірді. «Халықтың денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге, полиция қызметкерлері мен әскери қызметшілерге ризашылығымды білдіремін», – делінген жазбада.
Президент қазақстандықтарды сарыуайымға салынбай, карантин ережелерін қатаң сақтауға және сабырлыққа шақырды. «Көңіліміз көтеріңкі болып, жарқын болашаққа сенуіміз керек. Басты тойларымыз әлі алда. Коронавирусқа шалдыққандарға қажетті ем жасалады. Азаматтарға, бизнеске материалдық қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».