« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |
Көптен берi
Қызылорда қаласында ферроқорытпа зауыты салынатындығы жайлы айтылып жүр. Соңғы
уақытта бұл жаңалық нақтылана түсті.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев жақында болып өткен облыстық мәслихаттың
ХХІХ сессиясында Қызылордада салынатын ферроқорытпа зауытының стратегиялық
инвесторы белгіленгені туралы мәлім етті. Ол – қытайлық ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology
Industrial Development Co., Ltd» («ВАОТА») компаниясы. Бұл компанияның үлесі 33 пайызды немесе 80 млн. АҚШ долларын құрайды. Бұл ресурстар қоры қазірдің өзінде Қытайдың Сауда-өнеркәсіп банкінде сақтаулы тұр.
– Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындадық. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, жыл соңына дейін мемлекеттік сараптамадан өткізіп, құрылыс жұмыстары басталады деген үміттеміз. Бүгінде кәсіпорын құрылысы үшін бұрынғы ЦКЗ орнынан және Қызылорда ТЭЦ-не қарасты аймақтан (50 га) жер учаскесінің ресімделуі жүріп жатыр, – деді Қырымбек Көшербаев.
Сөз жоқ, бұл облыс халқы үшін өте жағымды жаңалық. Зауыт салынып, іске қосылған жағдайда мұнда 700-ге жуық адам жұмыс жасайтын болады. Иә, бұл облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып жатқан аймақ экономикасын әртараптандыру, оның ішінде металлургиялық кластерді қалыптастырудағы алғашқы ірі нәтижелердің бірі деп сеніммен айтуға болады.
Ал енді ферроқорытпа дегеніміз не, соған келейік. Ол бүгінгі таңда жоғары технологиялық болат өндірісінде қолданылады. Берік, сапалы болат алу үшін қолданылатын қоспа түрі. Оның да әр түрі болады. Қызылорда қаласында салынатын зауыт соның ішінде төмен алюминийлі ферросилиций өндіретін болады. Ферросилиций негізінен болаттың барлық қолайлы сорттарын байыту үшін, сонымен бірге трансформаторлық және конструкциялық болаттардың бірқатар белгілерін күшейту үшін қолданылып келеді. Ферросилиций стандарты қорытпадағы кремний құрамы бойынша белгіленеді. Нарықта ең жоғары сұраныстағы ферросилиций – құрамында 75 пайыз кремний бар ФС75 белгісі. Ал бізде салынатын зауытта алюминий құрамы 0,5-тен жоғары емес ФС75 төмен алюминийлі ферросилиций шығару жоспарлануда. Бұл қорытпаның кәдімгі ФС75 белгісіне қарағанда сұранысы жоғары.
Ресей сарапшыларының деректеріне сәйкес, әлемдік нарықта төмен алюминийлі ферросилицийға жыл сайынғы сұраныстың өсуі 300 мың тоннаны құрайды. Айта кету керек, соңғы он жылда ферросилицийға әлемдік сұраныс екі есеге көбейген. Қытайда 2000 жылы сұраныс 21 пайызға өссе, 2012 жылы бұл көрсеткіш 63 пайызға дейін көтерілген. Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қытайда 427,1 мың тонна ферросилиций шығарды. Ал 2014 жылдың алғашқы төрт айында Аспанасты елінде 1,7 млн. тонна ірі тоннажды ферроқорытпа өндірілді, бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 39,7 мың тоннаға немесе 2,36 пайызға артық. Басқа көпшілік елдерге қарағанда, болаттың тоннасына ферросилицийді тұтыну Қытайда 75 пайызға жоғары. Еуропада бұл көрсеткіш соңғы 10 жылда болаттың тоннасына 3,5-4,5 кг деңгейінде сақталуда. Еуропада ферросилицийге сұраныс болаттың негізгі сорттарына бейімделген: тот баспайтын болат, электр болат, балқыту. Бұл нарық толық қамтылмаған және сұраныс тұрақты өсу үстінде.
Ресейлік "МеталлТорг.ру” сауда жүйесінің 2014 жылғы маусым айындағы деректеріне сәйкес, кремний құрамы 75 пайыз болатын ферросилицийдің 1 тоннасының құны Еуроодақ нарығында – 1595, АҚШ нарығында – 2122, Ресей нарығында 1735 долларды құрады. Сонымен бірге, алюминий құрамы 0,5 пайыздан жоғары емес төмен алюминийлі ферросилицийдің 1 тоннасының құны Қытай порттарынан жеткізу 1500 долларды құрайды. Ал алюминий құрамы 0,1 пайыздан жоғары болмаса 1535 долларды құрайды. Ферросилицийдің әлемдік нарығына жүргізілген талдауға сәйкес, соңғы жылдары ферросилиций құнының тұрақты өсуі байқалуда. Жалпы әлемде сапалы болатқа сұраныс артуы себепті, оның өндіру көлемі де өсе бермек. Ал сапалы болат алу үшін ферроқорытпалар қосады. Ферроқорытпа қосылған кезде болатты балқыту әлдеқайда жеңілге түсіп, электр энергиясы үнемделеді.
Стратегиялық инвестор – Қытайдың ірі мұнай-химиялық «Ningxia Baota Petrochemical Technology Industrial Development Co., Ltd» ("BАОТА” компаниясы) машина жасау және мұнай өңдеу салаларында белсенді жұмыс жасайды. Компанияның жылдық айналымы шамамен 20 млрд. АҚШ долларын құрайды. Аталмыш компания 4 мұнай өңдеу зауыты мен 2 машина жасау зауытының иесі болып табылады.
Қызылорда облысының әкімдігі мен "ВАОТА” компаниясы арасындағы келісімге сәйкес жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қытайлық компания 1 млн., облыс әкімдігі 1 млн. доллар қаржы бөлді. Облыстық мәслихаттың сессиясында осы деректерді жеткізген "Байқоңыр” ӘКК” ҰК” АҚ-ның департамент директоры Ғалым Әлімбаев жобаның техникалық-экономикалық негіздемесінің басты көрсеткіштеріне тоқталып өткен еді.
"Ферроқорытпа зауытының құрылысы” жобасының болжамды құны 240 млн. доллар болса, құрылысқа салынатын инвестиция көлемі 211,5 млн. долларды құрамақ. Таза өнімді өткізу бағасы 1 тоннасына 1307 доллар. Жобаның өтелу мерзімі – 6 жыл. Технология бойынша бірінші кезеңде қытайлық инвестордың ұсынысымен 95 пайыздан кем емес кремнийі бар кварциттерді, кокс темір пайдалану технологиясы қарастырылуда. Шикізат жеткізудің болжамды схемалары белгіленіп, кварцит, кокс пен темірдің әлеуетті өнім жеткізушілері анықталды.
Кварциттерді Қарағанды облысындағы Тектұрмас кен орнынан жеткізу жоспарлануда. "Крамдс-Кварцит” ЖШС, кремний құрамы – 97 пайыз. Бір тоннасының бағасы шамамен 13,5 доллар, бір тоннаны Қызылорда қаласына жеткізу бағасы 25 доллар. Коксты Қытайдың "Куйшань” компаниясынан жеткізу жоспарлануда. Қызылорда қаласына жеткізу құнымен қоса есептегенде бір тоннасының орташа бағасы 230 долларды құрайды. Коксты сонымен қатар, Қарағанды облысынан да жеткізу мәселесі қарастырылуда. Темір жаңқасы Алматы мен Қарағанды облысындағы машина жасау кәсіпорындарынан алынатын болады. Екінші нұсқа бойынша брикет түрінде жеткізілетін "Бала сауысқандық” кен орнында ванадийлі тақта тастарды автоклавты әдіспен өндірілгеннен кейінгі флюсті қолданумен ферросилиций өндіру. Бұл шикізат зауыт жағдайында өндіріс тәжірибесі өткізілгеннен кейін енгізілетін болады. Зауытта әрқайсысы жылына 33 мың тонна ферросилиций шығаратын қуаттылығы 33 МВт-тық 6 пеш орнатылады. Жоспарланып отырған зауыт алдыңғы қатарлы жабдықтар мен жаңа технологиялар енгізілген әлемдегі заманауи зауыттардың бірі болады. Ферроқорытпа өндірісіндегі қытайлық әріптестермен әзірленген оннан астам патенттерді қолдану нәтижесінде жобаның электр энергиясын пайдалану шығыстары мен табиғат қорғау шаралары бойынша көрсеткіштері халықаралық стандарттардан жоғары болмақ. Аталған жобада ең жаңа энергия үнемдейтін жабдықтар қойылып, энергия үнемдейтін технологиялар қолданылады.
75 маркалы стандарттық ферросилиций өндірген кезде халықаралық стандарттар бойынша электр энергиясын пайдалану 10000 кВт/сағатқа дейін жетеді. Ал Қызылорда зауытында заманауи энергия үнемдейтін технологиялар қолданылып, 1 тонна ферросилицийге 7500-8500 кВт/сағ жұмсалады. Осы орайда:
– Ферроқорытпа зауытын бағасы 1 КВт/сағаты 6 теңгеден жоғары болмайтын 200 МВт көлеміндегі электр қуатпен қамту қажеттігін ескере отырып, ТЭЦ-ті жаңғырту жұмыстарын қамтамасыз ету қажет. Бұл да оңай шаруа емес, алайда оны тез арада шешуіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар, зауыт барлық экологиялық нормаларға сәйкес болады. Шаң ұстаудың тиімділігі 99 пайыздан жоғары. Айта кетерлік жайт, рудотермикалық пештен шығатын қоқыс шлакоцемент өндірісінің шикізаты болып табылады.
Зауыт іске қосылғанда шамамен 200 маман металлургтар мен технологтар керек болады. Бұл мәселе де алын ала ойластырылып, облыс әкімдігі ықпалымен Мәскеудің болат және қорытпалар институтына тау-кен, металлургия саласына мамандар даярлау үшін шамамен 70 адам оқуға жіберіліп отыр. Онан бөлек, Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде және басқа да оқу орындарында мамандар даярлау жоспарлануда.
Сөз жоқ, аталған жоба жүзеге асуымен аймақ экономикасына оң әсерін тигізеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, бюджетке салық түсімі артады, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер пайда болады.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
« Мамыр 2025 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | 4 | |||
5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 |
12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 | 25 |
26 | 27 | 28 | 29 | 30 | 31 |