Қуанышбек Ысқақов: "Індет - өтпелі құбылыс"

Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовтың төтенше жағдайға байланысты өткізген жедел штаб отырысындағы тапсырмалары

☑️Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаменті қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, провизорлық және карантиндік стационарларға қосымша төсек орындар қарастырсын;

☑️Республика көлемінде қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету туралы Қазақстан Республикасы Бас санитариялық дәрігерінің №26 Қаулысынан туындайтын талаптарды қатаң орындасын;

☑️Тұрғындар арасында санитариялық ағарту және ақпараттық түсіндірме жұмыстарын кеңінен жүргізсін.

☑️Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау департаменті, "Ұлттық сараптама Орталығының" филиалы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында әр 10 күн сайын бақылау нүктелерінен су сынамаларын алып, сапасына мониторинг жүргізсін;

☑️Зерттеу нәтижелерімен сәйкессіздіктер анықталса, жою шараларын қолға алып, қайта зертханалық тексерулер жүргізсін.
 
☑️Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы                     №66597 әскери бөлімімен бірлесіп, карантиндік шараларға қатысты дайындық жұмыстарын күшейтсін және көшелер мен нысандарды дезинфекциялауға әзір болсын;
 
☑️№66597 әскери бөлімі карантиндік шараларға қатысуға қажетті жеке қорғану құралдарының есебін нақтылап, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасына ұсынсын.  

☑️Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы                    коронавирусқа қарсы санитарлық-эпидемиологиялық шараларды ұйымдастыру мақсатында қала, аудан әкімдіктерінен, облыстық денсаулық сақтау, ішкі саясат, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларынан, облыстық іс басқармасынан, құқық қорғау органдарынан және әскери бөлімдерден қажетті бетперде, медициналық құрал-жабдықтар, антисептиктер және залалсыздандыру жұмыстарының көлемі бойынша мәліметті жинақтап, есебін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ұсынсын.
 
☑️Құқық бұзушылықтың көбеюіне, ең алдымен, ұрлыққа, тонауға, талан-таражға салуға, биліктің заңды талаптарына бағынбауға жол бермеу керек.  Осыған байланысты қоғамдық орындардың күзетін, оларды жарықтандыру және бейнебақылау камераларымен жабдықтау шаралары күшейтілсін. Бұған полицияның бүкіл құрамы жұмылдырылуы керек.
 
☑️Бүгінгі күні қала, аудандардағы қоғамдық орындарды әкімшілік қызметкерлер мен полиция өкілдері аралап, рейд жүргізуде. Әрине, барлық нысандарды аралау мүмкін емес, бірқатар қиыншылықтар тудыруда. Бұл шараға "Нұр Отан" партиясы, Үкіметтік емес ұйымдар, "Атамекен" Кәсіпкерлік палатасы өкілдері белсене атсалысуы тиіс.

☑️Кәсіпкерлік нысандардан бөлек, отбасылық шаралар әлі жалғасуда. Бұған волонтерлар, Қоғамдық кеңес пен ардагерлер ұйымдарының көмегі қажет.

☑️Облыстық кәсіпкерлік және туризм және индустриялық инновациялық басқармалары Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп, шұғыл түрде облыстағы кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, бетперделер мен антисептиктер шығаруды қамтамасыз етсін.
 
☑️Қызылорда облысы тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін қадағалау, полиция және төтенше жағдайлар департаменттері, облыстық ішкі саясат басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп аулаларда, көшелерде, қоғамдық орындарда арнайы жабдықталған автокөлікпен, дыбыс күшейткіш құралдармен тұрғындардың үйден шықпауларын, қоғамдық орындарға арнайы бетперделер тағып, санитарлық талаптар мен қоғамдық тәртіптін сақталуын хабарлауды ұйымдастырсын.

☑️Облыстық  ішкі саясат басқармасы, Қызылорда қаласы және аудан әкімдерімен бірлесіп қауесеттер мен арандатушылық ақпараттарға тосқауыл қою жұмыстарын ерекше бақылауға алсын. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері коронавирус инфекциясына байланысты қандай да бір ақпаратты тек қана облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінен кейін жариялауды қатаң тапсырамын.
 
☑️Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеуіміз қажет. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді  тапсырамын.
 
☑️Облыста азық-түлік және ең қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Қала және аудан әкімдері ең қажетті тауарлардың нақты есебін жүргізуді тапсырамын.
 
☑️"Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Оған біздің толық мүмкіншілігіміз бар. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз", - деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 наурыз 2020 г. 430 0