Қызылордалық ғалымдар антисептик әзірлеуде

Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов облыстағы дәріхана иелері және жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлермен кездесті.
 Қазір бетперде және антисептик сынды медициналық бұйымдар тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Тапшылықты болдырмау мақсатында облыс әкімі ертеңнен бастап кәсіпкерлерге арзан бағада бетперде тігіп, оны дәріханалар арқылы халыққа ұсыну қажеттігін тапсырды.
Қазіргі таңда "Dalatex" тігін фабрикасы №50 дәріханамен келісім-шартқа отырып күніне 10 мың данадан аса бетперде ұсынады. Ал белгілі кәсіпкер Аида Керімқұлова күніне 1000-1500 дана тауарды "Аңсар" дәріханалар желісіне жеткізеді.
 Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушылары антисептиктердің тапшылығын ескеріп, арнайы құтыға құйылған залалсыздандыратын сұйықтық әзірлеуде. Аймақ басшысына антисептик шығаратын кәсіпкерлер өңірде этил спиртінің тапшылығы туындап отырғанын жеткізді. Осыған байланысты, Қуанышбек Ысқақов жауапты сала жетекшілеріне өнімді 2 күн ішінде өзге аймақтардан әкеліп беруді міндеттеді. Тек сатылымға шығарылатын тауар халыққа қолайлы бағада ұсынылуы тиістігін ескертті.
 "Осындай төтенше жағдай кезінде біз бірігуіміз қажет. Халық үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Маска мен антисептиктердің бағасын шарықтатып пайда көру деген болмасын. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүмкіндікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Оған біздің толық мүмкіншілігіміз бар. Әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек шығамыз",- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 24 наурыз 2020 г. 1 124 0