Н.Нәлібаев: "Қала тұрғындары жағымсыз иістен құтылады"

  Қызылордалықтар үшін кәріз жүйесінің қолқаны қабатын қолайсыз иісінен құтылатын күн алыс емес. Облыс орталығындағы қайта жаңғыртылып жатқан кәріз сорғы станцияларын аралаған қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев осылай мәлімдеді.
«Қызылорда су жүйесі» мекемесіне қарасты 62 станцияның 23-інде тиісті жұмыс атқарылуда. Жобаны жүзеге асыруға «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.
– Мұның тиімділігі көп. Біріншіден, тұрғындар жиі шағымданатын жағымсыз иіс мәселесі шешіледі. Екіншіден, КНС автоматты түрде қосылып-ажыратылады, сондықтан қосымша жұмыс күші қажет болмайды. Ең бастысы, адам өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Өйткені осындай орындарды жөндеу кезінде жұмысшылар қайтыс болғанын білесіздер. Міндеттеме бойынша мердігер 23 КНС-ті мамыр айына дейін іске қосуы тиіс, – деді қала әкімі.
Оларға Швецияда жасалған жарық үнемдегіш сорғылар мен қатты қалдықты ұнтайтын автоматты қондырғылар орнатылады. Ал желдеткіш сүзгі көміртек тотығы газын атмосфераға тазартып шығарады.
Қаладағы 62 КНС-тің 8-і ғана жаңа, қалғаны өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары салынған. Ағымдағы жөндеуден өткені болмаса, тозығы жетіп тұрған еді. Қолға алынған игі шараның келесі кезеңінде 31 станция қайта жаңғыртылады.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 наурыз 2020 г. 608 0