Ақпараттық қауіпсіздікке қатаң бақылау қажет

 Қоғамда түрлі талқыға түсіп, ешкімді де бей жай қалдырмаған Қордайда орын алған қайғылы оқиғаларға қатысты Президент тарапынан тиісті тез арада шешімдер қабылданды, оқиға салдарын жою мақсатында үкіметтік комиссия құрылып, зардаптарды қалпына келтіруге көмек көрсетілуде. Біз мұны толық қолдаймыз. 

Айта кетуіміз керек, пост­кеңестік көптеген елдерге қа­ра­ғанда елімізде ұзақ жылдар бойы ірі этносаралық қақ­ты­ғыстарға жол бермей кел­дік. Өйткені отыз жылға жуық бойы тәуелсіздігіміздің ең бір басты ұстанымы да мемлекет құру­шы ұлт пен өзге этностардың татулығы мен бірлігі болды. 

Оның үстіне Қазақстанда этни­калық аз топтарға барлық жағдай жасалған. Дегенмен де, кез келген полиэтникалық мемлекетте этносаралық қақтығыстар болып тұратыны өкінішті-ақ. Этнос­аралық қатынас – өте нәзік дүние, оны бүлдіру оңай, қалыпқа келтіру қиын. Мемлекеттің басты байлығы – онда тұрып жатқан халықтың бірлігі мен татулығы. Егер татулық болмаса ең алдымен зардап шегетін осы мемлекетті құрушы ұлты. 

Елімізді алаңдатқан Қордай­дағы оқиғалар әлі де болса ше­шімін таппай келе жатқан өте күрделі мәселелердің жылдар бойы қордаланып қалғанын айтуы­мыз керек. Ешбір жанжал мен қақтығыстар аяқ астынан пайда болмайтыны анық. Әуелі олардың белгілі бір индикаторлары қалыптасады. Сондықтан да оның алдын ала көре біліп, оған жол бермеудің әрекеті жасалуы керек еді. Олардың ең негізгісі ауыл-аймақтардағы жастар арасындағы жұмыссыздық, әлеуметтік тең­сіз­­діктердің кедейшілікке, ал олар­­дың өз кезегінде төзбеу­шілік, кінәмшілдік, ретсіз айып­тауына, психологиясына, этни­калық топтар арасындағы би­лік­ке негізделген әлеуметтік қайшы­лықтарға алып келетіні сөзсіз. Қоғамдағы ауыр тұрмыс­тан қажыған, әлеуметтік тұр­мыстарына ашынған азаматтар кейбір әділетсіздік, жауапсыздық, заңдық шешімдерін таппай жүр­ген мәселелер, құқық қор­ғау органдарына, билікке деген халықтың бір тобының сенім­сіздігі, жемқорлықтың кесірінен  пайда болатын реніш, ашу-ызалар, Қордай оқиғасынан анық көрініс берді. Бізде осы кезге дейін ішкі саяси қатынастар мен тұрақтылықты қамтамасыз ету және этностармен талдау өз дәрежесінде жүргізілген жоқ. Этникалық қатынастар, этносаралық түсіністік пен достық шынайы сезімдерден гөрі кешегі Кеңес дәуірінен мұра болып қалған құрғақ насихаттаушылық пен жалаң ұрандардан құрылған. 

Сонымен қатар елдегі этностарды біріктіру арқылы қазақ­стандық бірегейлік қалыптастыру мақсатына жете алмадық. Анклав ретінде өмір сүріп келе жат­қан этностардың тұрмыс-тіршілігі, таным-түсінігі, тарихқа, мемлекетке көзқарасы әртүрлі болғандықтан, олардың жас ұр­пақтары қазақ қоғамының құн­дылықтарына толыққанды бейім­деліп кете алмауда. Алайда олар­дың барлығы – қазақ елінің азаматтары. 

Тәуелсіз еліміздің либералды ұлттық, көп этносты шиеленіссіз қоғам ретінде дамыту үшін елде өмір сүріп жатқан түрлі этникалық топтардың интеграциясы мен олардың біртұтас мемлекет құрушы ұлттың айналасына жұмылуына бағытталған саясат жүргізудің кешенді іс-шаралары қабылдануы керек деп есептейміз. Оның ішінде этникалық топтардың қоныстық, социомәдени, ағартушылық, оқшаулануына жол бермейтіндей сипатта ұйымдастыру, түрлі этникалық топтың өкілдері арасынан халық саны көп аймақтардан тұрғындары аз өңірлерге қоныс аудару бағдарламасына, еңбек көші-қонына қатысушыларды ынталандыру да қарастырылуы керек. «Серпін» бағдарламасын да тиімді пайдаланған жөн. Сонымен бірге этностар тұратын жерлерге мемлекет әрдайым мониторинг жасап, ондағы ономастика, тіл және т.б. қордаланған дүниелерді бақылап, сараптап отыру қажет. 

Қордай оқиғасы елімізде мемлекеттік тіл мәселесінің өзекті екенін тағы бір көрсетті. Елімізде 2011-2020 жылдарға арналған тілдерді дамыту бағдарламасы бойынша 2020 жылы мемлекеттік тілді Қазақстан халықтарының 95 пайызы еркін меңгеру керек еді, өкінішке орай миллиардтаған қаржы бөлінген осы бағдарлама өз нәтижесін бермеді. Бұған кім жауап береді? Қалыптасқан демографиялық жағдайға байланысты қазақ тілі тек мемлекеттік қана емес, ұлтаралық тілге айналатын кезеңге жеткенін барлығымыз көріп отырмыз. Қазақстан 130-дан астам ұлт пен этностарға ортақ мекен бола алғанымен, қазақ тілі осы кезге дейін олар үшін ортақ тіл бола алмағаны аса өкінішті. Мемлекет, тарих, тіл – тұтас ұғымдар. Бізде мемлекет тарихын, тілін білмейтін, қазақ мәдениеті мен оның ұлттық құндылықтарына құлықсыз қа­райтын этнос өкілдерінің кейбір буындары өсіп келе жатқандығы байқалады. Сондықтан мемлекет тұтастығы мен бірлігі үшін ортақ құндылықтар қалыптастырып, ұлттық рухани бағдарламаларды түрлі диаспоралар арасында кеңінен насихаттап отыру қажет. 

Үкімет тарапынан қабыл­данып жатқан әлеуметтік-эконо­ми­калық іс-шаралар бұқара халықтың жағдайын жақсартуға әлі де жеткіліксіз. Халық өз тұрмыстарының нақты түзелгенін толыққанды сезінді деп айта алмаймыз. Еліміздегі ең төменгі жалақы мен ең төменгі күнкөріс деңгейін арттырудың тетіктері жасалуы керек. 

Әлеуметтік желі – қоғамдағы әрбір адамның ешбір ерекшелігіне қарамастан өз ойын білдіретін ашық алаңға айналды. Өтірік пен шынайы ақпаратты ажырату үлкен мәселе болып тұр. Қарапайым адами құндылықтар, мейірімділік пен жанашырлық, ар-намыстың орнына қатыгездік, жек көрушілік, шыдамсыздық, қорлаушылық сияқты адамзат баласының ең жаман қасиеттері алға шыққаны өкінішті. Алайда еркіндік бар да, есіріктік бар. Әлеуметтік желілер мен мессенжерлерде, бейне және аудиоматериалдарда еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығына қауіп төндіретін және ұлттық араздық пен алауыз­дықты қоздыратын аран­датушылық материалдар, елдің билік органдарының қадір-қасиетін түсіретін лақап айыптаулар мен өсек-аяндар, бейпіл сөздер мен көріністер етек алып бара жатыр. 

Сондықтан да Үкімет еліміздің ақпараттық қауіпсіздігіне барынша назар аударып, қасақана жалған ақпарат таратып, халықты тәртіпсіздікке шақыратын кез келген арандатушылыққа құқықтық негізде қатаң жаза қолдануды қатайту керек деп есептеймін.  


Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ, 

Сенатор.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 наурыз 2020 г. 495 0