Облыс әкімінің үндеуі

Құрметті қызылордалықтар!

Қадірлі жерлестер!

«Коронавирус» індеті әлем елдеріне қауіп төндіруде. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдан шыққан жаңа коронавирустың өршуін халық­аралық маңыздағы төтенше жағдай деп танып, коронавирус инфекциясы пандемия деп жарияланды.

Пандемия – бір елдің тұтас аума­ғын, іргелес мемлекеттерді, кейде тіпті дүниежүзінің көп елін қамтитын айрықша күшті инфек­цияның таралуы болып табылады.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі барлық қоғамдық шараларды тоқтату туралы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Сондықтан, республика көле­мінде барлық қоғамдық-саяси маңызы бар шаралар, жиындар, конференциялар мен мерекелік шаралар тоқтатылды. 

Денсаулығымыздың қауіпсіздігі үшін жеке азаматтардың да ас беру, той өткізу мен қоғамдық орындарда өтетін діни жоралғыларға да шектеу жасаған дұрыс деп санаймын.

Бұның барлығы Сыр жұртшы­лығының жеке бас қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шаралар. Сондықтан, түсіністікпен қабылдау­ларыңызды сұраймын.

Сондай-ақ, төл Жаңа жылымыз – Наурыз мейрамын отбасылық мереке ретінде атап өтуді ұсынып отырмыз. Мерекені жақын-жуықтың арасында қарсы алудың да мәні зор.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі таңда, біздің облыс көлемінде коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар қабылданған. Күнделікті арнайы штаб жұмыс жасауда. Бүгінгі күнге облыста қауіпті індетті жұқтырған азаматтар тіркелген жоқ.

Алдын алу шараларын кү­шей­ту мақсатында қала және ау­дан әкімдіктеріне, облыстық білім, денсаулық сақтау, ішкі сая­­сат, кәсіпкерлік және туризм бас­қарма­ларына, полиция депар­таментіне, «Атамекен» кәсіп­керлерді қолдау палатасына (келісім бойынша) арнайы тапсырмалар бердім.

Облыста барлық медициналық ұйымдар үздіксіз қызмет көрсетуде. Сауда орындары мен базарларда азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті. Барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындау тоқта­тылмайды.

«Далатекс» тігін цехы бетпердені өз облысымыздан  шығаруды қолға алды. Дегенмен, әрбір адам жеке бас саулығына өзі жауапты екенін естен шығармаса екен. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен гигиеналық шараларды мүлтіксіз сақтауға тырысыңыздар.

Сонымен бірге, осы инфекцияға қатысты ел арасында және әлеуметтік желілерде жарияланған түрлі ресми емес ақпараттарға бой алдырмай, ресми органдардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметтеріне сүйену қажет екендігін назарларыңызға саламын.

Тиісті ақпаратты Қазақстан Рес­публи­касының Денсаулық сақтау ми­нистр­лігінің 1406 call орталығы арқылы алуға болатындығын жеткіземін.

Құрметті жерлестер!

Сыр елі қашанда сындарлы сәттерде сыр бермей, талай кезеңді басынан өткізді.

Бұл қатерлі індетті жеңуде біз тағы  да елдің ауызбірлігін көрсетуіміз қажет. Мемлекет тарапынан жасалуы қажет шараларды облыс әкімдігі толығымен атқарады және бұл шаралар менің жеке бақылауымда болатындығын жеткіземін.

Өздеріңізге мықты денсаулық, отбас­тарыңызға береке-бірлік, жа­қын­­дарыңызға амандық тілеймін!

Еліміз еңселі, халқымыздың ауыз­­бірлігі болаттай бекем, Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2020 г. 1 871 0