Аймақта ахуал тұрақты

Коронавирусқа байланысты аймақта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов мәлімдеді.

20 ақпаннан бері инфекция бойынша қолайсыз мемлекеттерден келген 151 адамның 47-сі провизорлық стационарда болып, ауру белгісі байқалмағандықтан өз елдеріне қайтты. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бақылауында болған 10 адамның 9-ын дәрігерлер денсаулығынан кінәрат таппаған соң үйлеріне жіберді.

– Ал Сербия азаматы ауруханада жатыр. Өйткені ол коронавирус анықталған азаматпен ұшақ бортында Германиядан бірге келген. Сәтін салып, тиісті зерттеу теріс нәтиже көрсетті. Сонда да талапқа сәйкес екі апта бойы біздің бақылауымызда болады, – деді Ж.Әбдусәметов.

Аймақ медицинасы бүгінде сақтық шараларын күшейтті. Ауру анықталған жағдайда науқасты емдеу, онымен қарым-қатынас жасаған адамдарды бақылау мақсатында қажетті орындар жабдықталды. Препарат, қорғаныш бұйымдары жеткілікті. Медициналық маска тапшылығының орнын толтыруға кіріскен жергілікті «DalaTex» тігін фабрикасы азғантай уақыт ішінде 10 мыңдай көпреттік қорғаныш құралын дәріханаларға өткізген.

– Ең бастысы, әр адам өзінің, отбасының денсаулығына жауапкершілікпен қарағаны жөн. Ауа арқылы тез таралатын аурудың алдын алу амалдарын орындауы тиіс. Олар – қолды әлсін-әлсін жуу, жеке бас гигиенасын сақтау, қоғамдық-көпшілік орындарға баруды қысқарту. Дертке негізінен иммунитеті төмен адамдар, оның ішінде балалар мен қарт кісілер жиі шалдығады, – деді басқарма басшысы.

Елде төтенше жағдай жарияланған соң халықтың өмір қауіпсіздігін сақтау мақса­тында жергілікті кәсіпкерлік объектілері, мәдениет және өнер, білім ұйымдарының жұмысына шектеу қойылды. Брифингте сала басшылары осы жөнінде айтып берді.

Аумағы 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда алаңдары халыққа таңғы сағат 10.00-ден кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана қызмет көрсетеді. Ал біздегі мұндай орындар саны 30-дан көп. Осы аралықта санитарлық қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуы тиіс. Сауда орталығының аумағындағы кинотеатр, балалар орталығы, ойын-сауық алаңдары жабық. Азық-түлік сататын дүкен, супермаркет, базарлар қалыпты режимде жұмыс істей береді. Тек санитарлық дезинфекциялық шаралар күшейтіледі.

– Кафелер үшін шекті уақыт түнгі сағат 10-ға дейін белгіленіп отыр, онда жиналатын адам саны 50-ден аспауы тиіс. Ал қазіргі күні өңірде 189 қоғамдық тамақтану орны бар. Той-томалақ өткізуге тыйым салынуына байланысты тойханалар жұмысына да шектеу қойылды, – деді облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Қауіпті індеттің кең таралуы салдарынан мәдениет және өнер үйлерінің де есіктеріне «қызмет көрсету уақытша тоқтатылды» деген белгі ілінді. Ал оқушылар кешеден бастап каникулға шығып, студенттер онлайн оқу жүйесіне көшті. Каникул уақыты аяқталған соң, яғни 5 сәуірден кейін оқушылар да қашықтықтан білім алуы мүмкін.

Балалары балабақшаға баратын ата-аналарды алаңдатқан мәселеге байланысты облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетов:

– Өңірдегі мектепке дейінгі 672 білім беру ұйымының 400-ден астамы – жекеменшік. Меншік нысанына қарамастан, келмеген балалардың орны сақталып, төлемақы шегеріледі, – деді.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 наурыз 2020 г. 386 0