Сақтық шаралары күшейтілді

Әлемді алаңдатқан короновирус инфекциясын ДДСҰ «пандемия» деп жариялауына байланысты республика көлемінде індетке қарсы сақтық шаралары күшейтіліп, аурудың алдын алу бағытында  іс-қимыл жоспары жүзеге асырылуда. Осы орайда біздің өңірімізде де нақты шаралар қолға алынды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде  облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов, облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметов, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова және облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Бердәулетовтің қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Бүгінде әлемнің 118 елінде анықталған короновирус инфекциясы елімізде тіркелген жоқ. ДДСҰ аталған ауруды пандемия деп жариялауына байланысты Мемлекет басшысы сақтық шараларын күшейтуге нақты тапсырмалар берді. Осыған орай облысымызда аурудың таралуын болдырмау жөніндегі санитариялық эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды үйлестіру мақсатында комиссия құрылды. Сондай-ақ, ауырған немесе күдікті науқасты оқшаулау және аурудың таралуын болдырмауға бағытталған індетке қарсы шаралардың кешенді жоспары әзірленді, – деген облыс әкімінің орынбасары аурудың алдын алу мақсатында көптеген жергілікті шаралардың уақытша тоқтатылғанын жеткізді.
Әлемдік эпидемия болып жарияланғандықтан, біз де тиісті шараларды  жасауымыз қажет. Наурыз мерекесіне, атаулы күндерге арналған іс-шаралардың барлығы тоқтатылады. Тек ағайын-туыс ортасында ғана тойлауға болады. Сондай-ақ, отбасылық тойларға  шектеу қоя алмаймыз, бірақ, әр адам өзінің, айналасындағылардың  денсаулығына деген жауапкершілігі болуы керек деп ойлаймыз, – деді Н. Байқадамов.

Мұнан бөлек, сақтық шараларын күшейту мақсатында мектептердегі сабақ тоқтатылып, 16 наурыз бен 5 сәуір аралығында оқушыларға демалыс беріледі. Ал колледж бен ЖОО студенттері қашықтықтан, яғни, онлайн оқуға көшеді.

Мектеп оқушылары көктемгі демалысқа ертерек шығады.  Бірақ мұғалімдер жұмыс істей береді. Ал колледждер мен ЖОО студенттеріне онлайн дәріс жүргізіледі. Аймақтағы білім беру ошақтары, колледждер SMART NATION бірыңғай ақпараттық жүйесіне қосылған. Осы жүйе арқылы ұстаздар мен білім алушылар арасында байланыс орнатуға толық мүмкіндік бар. Сонымен бірге Назарбаев зияткерлік мектебіне қабылдау емтихандары да тоқтатылды. Аудандардағы орта арнаулы оқу орындары да осы жүйеге қосылған. Балабақшалар өз жұмысын жалғастыратын болады, – деді Бағдат Бердәулетов.

Тек наурыз мерекесін тойлау ғана емес, сонымен қатар адам көп шоғырланатын шаралардың бәріне тыйым салынды. Мәдени ошақтардағы спектакль, концерттік кештер де кейінге шегерілді.

Театрдағы қойылымдар әзірге көрсетілмейді. Бірақ артистер репертуарларына дайындық жұмыстарын жүргізе береді. Гострольдік сапарларға да тыйым салынды. Сол сияқты алдын ала билеті сатылып қойған концерттік бағдарламалар да шегірілді, – деп атап айтты Мира Әбуова.

Аймақ медицинасы сақтық шараларына дайын. Қазіргі кезде  43 млн теңгенің медициналық құрал-жабдықтарымен қамтылған. Препараттар қоры да жеткілікті. Инфекция анықталған жағдайда қарым-қатынаста болған адамдарды бақылап-қадағалау мақсатында обсервациялық стационарлар ашылды. Шиелі ауданаралық ауруханасы, облыстық фтизиологиялық орталығының Тереңөзек бөлімшесі, Қармақшы, Қазалы аудандық ауруханасында  қосымша 400 орындық провизорлық стационарлар ашылды, – деп атап өтті Жақсылық Абдусаметов.

Қоғамдық көліктер, базарлар, сауда, қоғамдық тамақтану орындары, коммуналдық шаруашылықтар жұмыстарын тоқтатпайды. Алайда санитарлық-дезинфекциялау жұмыстары күшейтіледі.

Денсаулық сақтау, ХҚКО, коммуналдық шаруашылықтар, қоғамдық көліктер, сауда, қоғамдық тамақтану орындары, қонақүйлер жұмыстарын жалғастыра береді. Бірақ санитарлық қадағалау күшейтіледі, – деді Әлия Әбдіқайымова.

Осы орайда мамандар, уайымға салынып, дүрбелең тудырудың еш қажеті жоқ екенін айтады. Тек «сақтықта қорлық жоқ» екенін ескеріп, әр адам өз денсаулығына, айналасындағы жақын-жуықтарының саулығына жауапкершілікпен қарап, қарапайым қағидаларға бағынудың, ең бастысы, жеке бас тазалығына мән берудің маңызы зор. Бұл орайда қолды әлсін-әлсін сабындап жуып, үй ішінде күн сәулесінің молынан түсуін, ауа алмасуын қадағаласа жеткілікті. Сондай-ақ, азық-түлікті қаптап алудың да қажеті жоқ екенін айтады мамандар. Өйткені,  өңірде азық-түлік қоры жеткілікті.

Айнұр БАТТАЛОВА.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 наурыз 2020 г. 2 760 0