Шу-Сарысу, Оңтүстік Торғай бассейндерін зерделеу басталды

Қазақстан Республикасы экономикасын тұтастай алғанда, соның ішінде өңірлердің дамуын айқындайтын факторлардың бірі тау-кен металлургия кешенінің жұмысы. Бұл ретте Қызылорда облысы мұнай, газ, полиметалл кендері мен уранды қоса алғанда, минералдық-шикізат ресурстарына бай.
"Өздеріңіз білетіндей, мұнай-газ саласын дамытудың осы проблемалық мәселелерін біз бірнеше жыл бойы, соның ішінде 2019 жылғы наурызда Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында баяндадық. Нәтижесінде, Үкімет Қаулысымен Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары бекітілді. Республикалық бюджет есебінен Шу-Сарысу, Сырдария, Оңтүстік-Торғай бассейндерін жалпы сомасы 11 млрд теңгеге геологиялық зерттеу шешімі қабылданды", - деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.
Айта кету керек, биылғы жылы Шу-Сарысу және Оңтүстік-Торғай бассейндері бойынша зерделеу жұмыстары басталды. Бұл үшін  ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 1,47 млрд теңге бөлінді. Сырдария бассейнін зерттеуге қаражат бөлу Үкімет деңгейінде қарастырылуда.
Қазіргі уақытта 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлаудың мемлекеттік бағдарламасы аясында Арал өңірі бассейнін зерделеу көзделеп отыр. Бұл зерделеу жұмыстарының негізі  Арал теңізінің бұрынғы түбін зерттеуге бағытталады.
"Қазіргі кен орындарының тау-кен бөліністерінің тереңдік шекаралары - 1500-2000 метр ал, іргетас тереңдігі - 3000 метр. Жоғарғы, орта, төменгі Юра және палеозой шөгінділері зерттелмеген. Осыған байланысты өндіру және барлау ұңғымаларының тереңдігін 3 000 метрден астам асыру мәселесі  өзекті болып отыр. Мысалы, "Қуатамлонмұнай" мұнай компаниясы 5000 метр тереңдікте тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау үшін өтінім берген болатын. Алайда, Энергетика министрлігі тарапынан қолдау көрсетілмеді. 5000 метр тереңдікте тірек-параметрлік ұңғыманы бұрғылау мәселесі оң шешілген жағдайда компания қызметкерлерінің жалақы мәселесі де шешімін табар еді. Сондықтан Ақбатыр Алуадинұлы, сізден осы мәселенің оң шешілуіне көмек көрсетуіңізді сұраймыз," - деді облыс әкімі Қуанышбек Досмайлұлы.
Естеріңізге сала кетейік, Қызылорда облысында қатты минералдық-шикізат ресурстарының болашағы зор. Мәселен,  қорғасын, мырыш, кадмий, германия, алтын, күміс, селен, темір, жанғыш тақтатастар, қоңыр темір, фосфориттер, молибден-ванадий және цирконий-титан кендерінің қорлары анықталды. Сонымен қатар, облыс аумағында темір, фосфориттер, жанғыш тақтатастар, тальк, мыс, алтын кен орындары да  бар.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 наурыз 2020 г. 442 0