Облыс әкімі Қ.Ысқақов Қармақшы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Аймақ басшысы алдымен аудан аумағында орналасқан «Құрайлы» каналының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Осы күнге дейін «Құрайлы» каналын қайыр басуына байланысты, ауданның егістік жерлеріне су жеткізу мәселесі қиындық тудыратын. Бүгінгі таңда құны 168 млн. теңгені құрайтын жоба сметалық құжаттары әзірленіп, «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы каналға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізуде. Жоба бойынша 22 шақырым механикалық қазу жұмыстарын жүргізіп, 150 мың текше топырақ шығару көзделген.
Аймақ басшысы каналдың жөндеу жұмыстарын сапалы және шаруа қожалықтарымен бірігіп жүргізуді тапсырды.
«Құрайлы» каналының механикалық тазалау жұмыстарынан кейін су өткізу қабілеті артып, аудан орталығындағы аяқ су мәселесін шешуге ықпалын тигізетін болады. Каналдың бойында 7,1 мың га егістік жерлер бар, оның ішінде күріш егісінің көлемі 6,4 мың га құрайды. Сол себепті тазалау жұмыстарына шаруа қожалықтарды да тарту керек. Бөлінген қаражат каналды толығымен тазартуға жетпеуі мүмкін. Бірігіп жұмыс жасалуын қадағалаңыздар», - деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Мұнан кейін Қуанышбек Досмайылұлы аудан орталығында орналасқан кварталішілік газ тарту жұмыстарының барысымен танысты.Жосалы кентінде
«Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралдық газ құбырынан 14,8 шақырым газ құбыры мен АГТС (автоматтандырылған газ тарату стансасы) 2017-2018 жылдары орнатылған болатын. 2019 жылдан бастап Жосалыда жалпы ұзындығы 160 шақырым құрайтын ішкі газдандыру жұмыстарының құрылысы жүргізілуде. Жоба 2020 жылдың қазан айында аяқталады деп жоспарлануда. Жобаның жалпы құны: 3 292,2 млн.теңгені құрайды.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин аудандағы газ жүргізу бойынша жұмыс барысын таныстырды.
«Жалпы 160 км газ құбырын жүргізу керекпіз. Қазір біз бірінші, екінші, үшінші ГРП-ларды орнатып қойдық. 2019 жылы республикалық бюджеттен 872 млн.тенге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда қаржы толық игеріліп, 87км газ құбыры жүргізілді. Көктемнің уақытында су көлемі көбейетін болғасын бірінші ГРП жанынан 10 км.газ құбырын жүргіздік. Биылғы жылға республикалық бюджеттен қаржы қаралып тұр. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасын табады», - деді М.Усаин.
Облыс әкімі «КазТрансГаз» АҚ аймақтық филиалымен келісіп, мамыр айында газ тарту жұмыстары аяқталған аудан бөлігіне көгілдір отын беруді тапсырды.
«Мамыр айындағы атаулы мерекелер қарсаңында Қармақшы және Сырдария ауданы тұрғындарының бір бөлігіне газ беру мәселелсін шешіңіздер. Жалпы жоспарланған үш ауданға көгілдір отын күзге дейін толық берілуі керек.», - деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Қ.Ысқақов Қармақшы аудандық электр тарату торабының және Қармақшы аудандық аграрлы-техникалық колледжінің жұмысымен танысты.
Айта кетейік, «Жосалы 220/35/10 кВ» қосалқы стансасын реконструкциялау жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Бүгінгі күні суға арналған резервуар, ашық тарату құрылғының ғимараты салынды. 2020 жылға қуаты 25 МВА 220/35/10 кВ трансформатор, 6,3 МВА 35/10 кВ трансформатор орнатылып, 220 кВ, 35 кВ тарату құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Жалпы электр тарату торабының жөндеу жұмыстары 2020 жылдың 2 тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.
Сондай-ақ, өткен жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 429,7 млн. теңге бөлініп, «Қармақшы аграрлық-техникалық колледжі» ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі күні оқу процесі үздіксіз жүргізілуде.
Мұнан бөлек, аймақ басшысы ІІІ Интернационал ауылындағы "Абай-Дәулет" ЖШС қарасты егіс алқабында болды. Онда қазір бидай егу жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов шаруашылық иелерінің жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, әрқашан қолдау көрсетуге дайын екенін айтты.