« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Телевизия – «тірі организм» іспетті мың қатпарлы, ұңғыл-шұңғылы көп синтезді өнер. Әрбір туындысында қаншама адамның қолтаңбасы мен өлшеусіз еңбегі жатыр десеңізші! Грим салушы, декоратор, жарық қоюшы, оператор, жүргізуші, редактор, дыбыс пен музыка режиссері, оның ассистенті, монтаждаушы, әрлеуші...
Осылардың біреуі іске қосылмаса, жұмыс ақсайтындығын кәсіби мамандар жақсы түсінеді. Ал, осы тұтас организмнің күретамырын тап баса отырып, сауықтыру шараларын жүргізетін әрі оның қалыпты ырғағын бақылауында ұстайтын бас менеджердің жауапкершілігі тіпті ұшан-теңіз дер едім.
Осындай мықты менеджер – «Қазақстан РТРК АҚ» Қызылорда облыстық филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері, «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «Халықаралық телерадиокомпаниясының» академигі Жағыппар Қарабала. Сыр өңіріндегі «QYZYLORDA» телеарнасының жұмысын ұршықтай үйіріп отырған ұшқыр ойлы осы бір азаматпен 1993 жылдың күзінде таныстық. Танысып қана қоймай, әпке-іні болып бауырластық. Неге дейсіз ғой? Тағдырымыздың осыншалық ұқсастығын көрмейсіз бе? Ол да, мен де қарапайым шаруа отбасынан шығыппыз. Алматыдағы ҚазМУ-ды бітіріп, алғашқы қызметті де аудандық газеттен бастаппыз. Ол – өзі жолдамамен барған Жезқазған өңіріндегі Шет ауданында, мен – Сыр өңірінің Шиелі ауданында... Кейінірек Қазақ радиосында 25 жыл қызмет істеп елге оралдым. Ол да менен бір жыл бұрын сол тұстағы Қызылорда облыстық телеарнасының төрағасы Әбдіжәлел Бәкірдің орынбасарлық қызметке шақыруымен Қызылордаға қайтыпты. Оның үстіне балалығы өткен «қарашаңырақ» та – осы жерде. Бір қызығы, сол ағайынды 8 баланың үшеуі бірдей журналист боп шыққан. Әпкесі Бейсенкүл, інісі Айғали және өзі. Бұлайша бір әулеттен «журналистер шоғырының» шығуы сирек ұшырасатын құбылыс.
Міне, содан бері 27 жыл бойғы оның телеарнадағы еңбек жолы – менің көз алдымда. Облыс телевизиясының ашылуы мен қалыптасу кезеңдерінде білікті журналист қана емес, іскер ұйымдастырушы ретінде де оның шығармашылық бет-бейнесі мен бағыт-бағдары айқындалып, тұжырымдамасының жасалуына елеулі үлес қосты. Музыкалық контент қалыптастырып, жас таланттарды таныту мақсатында «Әнші балапан», «Таңшолпан», «Бозторғай», тағы да басқа телебайқаулар ұйымдастыруға атсалысты. Сөйтіп, үздік шыққан өрендердің шет елдерде өнер көрсетуіне жол салып берді. Осы кездері жарқырап шыққан жас таланттар Г.Оразымбетова, М.Сәдуақасова, А.Кішкенбаев, Г.Сіргебаева, Б.Жанұзақова, Т.Рахмет, Ө.Айниязов, тағы басқалар бүгінде «жұлдызға» айналып, оншақтысы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алып та үлгергені белгілі. Осының барлығы – Жағыппар Қарабаланың продюсерлік қызметінің жемісі. Бұнымен қатар, көптен бері тұрақты өткізіліп жүрген күллі түркітілдес халықтардың фольклорлық өнерін насихаттауға арналған «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалінің, сондай-ақ, өзі автор боп дүниеге келтірген «Сыр саңлақтары» тележобасының да продюсері болды. Бұл оның ауқымды тірліктерінің бір парасы ғана... Бұлардың барлығы бүгінде қазақ телевизиясының «алтын қорында» сақтаулы.
Төккен тер, еткен еңбектің өтеуі болады. Бүгінде өзі бас менеджерлік жасап отырған «QYZYLORDA» телеарнасының журналистері түрлі деңгейдегі шығармашылық додаларға қатысып, одан жүлделі оралып жүр. Әріге бармай-ақ бергі онжылдықты алсақ, «Қазақстан телерадиокорпорациясы» филиалдары арасындағы байқауларда жүзден жүйрік шығып, Қуат Шарабидинов (бүгінде «Сыр бойы» газетінің бас редакторы) және Айнұр Тұңғышбаева бас жүлдені иеленсе, жуырда ғана Толқын Қабылша «Қайырымдылық керуені» республикалық байқауынан бірінші орынды жеңіп алды. Телеарна арқылы пәтерге зәру бір жанұяның мәселесін көтеріп, нәтижесіне қол жеткізген сюжеті үшін. Толқын демекші, оның да соңынан жастық жігер, өзгеше реңк әкелген жаңа толқын қосылып, ұжым қатары толығуда. Ал, бұл ұжымнан осыған дейін қаншама жас темірқанаттанып ұшты десеңізші! Олардың ұшып шығып, қонған тұғырлары да осал емес. Осы күндері Мұрат Жетпісбаев «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі болса, қалғандары әртүрлі ақпарат құралдары мен мемлекеттік органдарда жауапты қызметте жүр. Осылардың көбісі оның төл шәкірттері. Жағыппардың шекпенінен шыққандар. Ол тәжірибесі мол ұстаз ғана емес, білікті менеджер де. Өзі басшылық жасаған 15 жыл ішінде телеарнаны бәсекеге қабілетті, қаржылық қауқары күшті, заманауи сипаттағы соңғы тенденцияларды батыл меңгерген, амбициясы жоғары телеарналар санатына қосты. Мемлекеттік ақпараттық тапсырмаларды жүзеге асырып, жергілікті билікпен әріптестік байланыс орнатуда. Тағы бір айтпағымыз, бұл ұжымда ұрпақтар сабақтастығының жарқын үрдісі қалыптасқан. «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – ертең жоқ» демекші, әртүрлі мерекелік шаралар үстінде көзі тірі өз ардагерлеріне құрмет көрсетіп ұлықтауы – осының бір дәлелі. Осыған қоса, телеарнаның іргетасын қаласқан Жақсылық Бекқожаев, Есенгелді Шілдебаев ағаларынан бастап қыршын жас Сахитжан Бермағанбетовке дейінгі марқұмдарды еске алу мақсатында әлденеше рет спорттық турнир ұйымдастырылғаны тағы бар. Соңынан ұжым атынан ас беріліп, аруақтарға құран бағышталғанына өзіміз де куә болдық. Міне, аға ұрпақты ұлықтаудың жөн-жосығын жақсы меңгерген кішіпейіл де елгезек Жағыппар «батаменен ер көгеретінін» әбден біледі.
Бұдан басқа тағы бір қайырлы ісі: «мықты кадр бізге әлі керек» деп, зейнеткерлікке шыққан «телевизия тарландарын» штаттан тыс қызметте ұстауы. Сөйтіп, бірер жыл бұлардың «ұстаханасынан» жастарды өткізіп алуы дер едік. Сол «корифейлердің» ішінде менің қаламдастарым Несібелі Рахмет пен Қаршыға Есімсейітова да бар. Бұдан басқа қайырлы істері де жетерлік. Қайсыбірін айтып тауысарсың? Осы жолдарды қаламымнан сорғалатып отырғанда ойыма оралғаны, бұдан бес жыл бұрын маған қоңыраулатып, сыр бөліскен едік. Сонда сөзден сөз шығып, өзінің бір құпиясын ашты: «Бұрын біздің телеарнаны бір жыл басқарып, қызметін Алматыға ауыстырып кеткен бір ініңіз бар еді ғой, апа... Амантай Шәріп дейтін... Соның жартығасырлық мерейтойына орай, дос-жарандары мен әріптестері бірлесе отырып, «тосын сый» әзірлеп жатырмыз». Мен де елең ете түстім. «Қандай сый сонда?» Арада аздап үнсіздік орнады. «Айтсам ба, айтпасам ба?» деп ойланған сыңайлы. Сосын барып айтқаны мынау болды: «Оның шығармашылық бейнесін төрт қырынан: журналист, ақын, ғалым, ұстаз ретінде ашып көрсетпекшіміз. Ғалым достары Дихан Қамзабекұлы, Бауыржан Омарұлынан бастап, журналист-әріптестері Шаһизада Әбдікәрімов, Нұрперзент Домбай, Қуат Бораш, тағы басқалардың (оның ішінде өзім де бармын) әртүрлі ақпарат құралдарында жарияланған дүниелерін құрастырып, «Төрт тоғыс» кітабына енгіземіз. Ал, басты кейіпкеріміздің өзі бұл шаруадан мүлдем хабарсыз. Ештеңе білмейді. «Тосын сый» деп аталуының себебі де сол ғой!» Осыны айтып, мәз болған бауырыма мен де қосыла күлдім. «Шынында да жақсы сыйлық!»
Көп ұзамай осы жинақ қолыма түскенде, бір деммен қызыға оқып шықтым. Сүйсіндім. Оның «тосын сый» екендігіне еш шүбәм жоқ. Айрықша әсермен оқып тәмамдаған кітаптың соңғы бетін жапқанымда барып, баспадан жарыққа шығуына демеушілік жасаған Жағыппар бауырым екендігін білдім. Шығарушылардың алғысы арқылы. Ал, өзі маған бұл жайлы жақ ашпаған. Міне, «тосын сый» деп осыны айт!
Енді бір сәт оның сонау балалық шағына қарай ойысайық. Қызылорда қаласының №212 мектебін алтын медальмен бітірер алдында өзінің тұңғыш сезімін оятқан сыныптасы – Күлпанды ойлап, бозөкпе жеткіншек:
«Сездіруге батпадым да бала махаббатымды, терезеңнің жақтауына ойып жаздым атыңды» деп талай рет шырқаған көрінеді. Ақыры жақтауды жаңқаламай-ақ, тура қыз жүрегіне жол тартыпты. Кейінірек бірі – Алматы, бірі – Қарағанды университетінде оқып жүріп, бес жыл бойы екі қаланың ортасын ұшақпен жалғаған қос жүрек ақыры қосылып тынсын. Содан бастап 28 жыл бойы бірге бақытты ғұмыр кешіп келеді. Бүгінде бұлар – ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, 5 немере сүйіп отырған бақытты отбасы. Тұңғыш һәм мәңгілік махаббатының музасы – Күлпанмен бірге жақында асқаралы 60-тың асуынан асып отырған Жағыппар Қарабалаға менің де «тосын сый» жасағым келеді-ақ! Бірақ «ойың жеткен жерлерге өзің жете алмайтын» сәттер аз ба? Бір кем дүние. Мынау жарық жалғанда маңдайың жарқырап аман-сау жүр, бауырым!
Қатира ЖӘЛЕНОВА,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |