Ардақты аналар, қадірлі қыз-келіншектер!
Сіздерді ерке көктемнің көркем мерекесі – Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әдеміліктің символы болған әйел-Ана – әлемнің тірегі.
«Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз бекерге айтылмаса керек.
Жер бетіндегі жақсылық, ізгілік, қайырымдылық атаулының бәрі де ананың ақ сүтінен тарайды. Расында, жер бетіндегі тіршілік атаулы Сіздерден бастау алып, отбасының берекесі, ұлт болашағы – ұрпақ тәрбиешісі болып отырсыздар.
Ел басқарған көсем де, сөз бастаған шешен де, қол бастаған батыр да Анадан туған. Ана – шексіз махаббат пен мейірімге, нәзіктік пен шапағатқа толы Біртұтас Алып Әлем.
Біздің аналар мен арулар – тек отбасының ұйытқысы ғана емес, олар бүкіл қоғамды алға сүйрейтін, елдің бірлігін күшейтетін, берекесін молайтатын аса қуатты қозғаушы күш. Сыр елінің сан салалы әлеуметтік-экономикалық өмірі мен мемлекеттік саясаттың барлық саласында белсенді қызмет етіп жүрген әйелдер – соның дәлелі.
Бүгінгі таңда біздің нәзікжандылар бесік тербетіп ғана қоймай, жаңалықтар ашып, ұрпақ тәрбиелеуге, қоғамдық жұмыс жүргізуге, бизнеспен айналысуға және кез келген салада көшбасшы болуға да үлгеріп жүр деп сеніммен айта аламыз. Бұған көптеген мысалдар бар.
Сондықтан да ардақты да аяулы жандарға деген құрметіміз шексіз бола бермек.
Шұғылалы көктемнің шуақты мерекесінде Сіздерге бақыт пен махаббат, еңбектеріңізге табыс, дендеріңізге саулық және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін.
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Құрметпен,
облыс әкімі Қ.Ысқақов.