«8 наурыз мерекесін америкалықтар атап өтпейді». «Болашақ» бағдарламасымен халықаралық коммуникация және стратегиялық халықпен байланыс мамандығы бойынша George Washington университетінде оқып жүрген жерлесіміз Жанар Көбекбай осылай дейді.
Атаулы күннің шығу тарихына қатысты болжамдардың бірі Америкаға тікелей қатысты. 1857 жылы 8 наурызда Нью-Йоркте тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шарасын өткізді. Күніне екі есе жұмыс істеп, азғантай айлық алатын олар басшылықтан құқықтарының ер азаматтардікімен бірдей болуын талап етті. Кіл қыз-келіншектен құралған кәсіподақ осы күні өмірге келген еді. Сөйткен Америкада арнайы мейрамның жоқтығы қызық...
– Ер азаматтар ана, әпке-қарындастарына, жарына әдейілеп сыйлық іздеп, оларды мейрамханаға апарып, әбігерге түспейді. Өзім жұмыс істейтін Дүниежүзілік банкте де солай, – дейді Жанар.
Жанар отбасымен бірге армандар мекеніне 2016 жылдың тамызында барған. Лос-Анджелесте екі жылдай ағылшын тілін тереңдете меңгеріп, қазақстандық жастарға қанат бітірген халықаралық бағдарлама бойынша сондағы беделді университетке оқуға түсті. Сәтін салса, мамыр айында магистратураны бітіретін ол PR немесе қоғаммен байланыс саласында тер төгуге мүдделі. Айта кетейік, Жанар оған дейін отандық журналистикада он жылдан астам жұмыс істеген. «Qyzylorda» (ол кезде «Қазақстан-Қызылорда») телеарнасында басталған еңбек жолы БАҚ-тың басқа да бағыттарында жалғасты.
Әріптесіміз – «Ана бақыты немесе жүкті әйелдерге арналған күнделік» атты қазақ тіліндегі тұңғыш еңбектің авторы. Жолдасы Сапарбек екеуі Адия, Зере есімді егіздерді тәрбиелеп отыр.
– Бақыттың кілті ерлі-зайыптылардың бір жоспармен бір бағытта дамуында болса керек. Өзім секілді үнемі ізденіс үстінде жүретін серігімді жолықтырғаныма қуанам. Ол да АҚШ-та магистратураны аяқтап, қазіргі күні жергілікті ІT компанияда қызмет етуде. Аллаға шүкір, тәп-тәтті қыздарымыз өсіп келеді. Екеуінің қылықтарына қарап көңіліміз тояды, – дейді кейіпкеріміз.
Жанардан «балалар жат жерде елін, ана тілін жатсынып кетеді деп қорықпайсың ба?» деп сұрадық. Бірақ ол мұның үй ішіндегі тәрбие-өнегеге тікелей байланысты екенін жеткізді.
– АҚШ-та ұзақ жылдан бері тұратын отбасылармен араласамын. Олардың арасында ұлттық дәстүрге ұйығандар аз емес. Мысалы, бата бергенде қол жайып, үлкенге ізет көрсету әдебін жақсы біледі.
«Сендер америкалық емес, қазақсыңдар» дегенді балалардың құлағына құйып отырамыз. Қазір біз Наурыз мерекесіне дайындалып жатырмыз. Екеуіне күйдің ырғағымен «Аққу» биін билеуді ұсынып ем, күйді тыңдап, көздері жайнап кетті. Адия мен Зере былтыр мектеп сахнасында ұлттық би биледі. Бауырсақтан бастап жент, құрт секілді тағамдарды дастарқанға қойып, достары мен мұғалімдеріне олардың жасалу тәсілін түсіндірді. Сондықтан ата-анасы дұрыс бағдар беріп отырса, бала шыққан тегін ұмытпайды, – дейді Жанар.
Ал егіздердің анасына арнаған ең үлкен сыйлығы – қағаздан жасаған дүниелері.
– Оқу мен жұмыстан кеш шығып, үйге келген күндері қыздарым ұйықтап қалады. Сондайда қағаздарды біріктіріп, оған әңгіме жазып, үстелдің үстіне дайындап қояды. Бала қиялы шексіз ғой, олардың «ертегі кітаптарын» оқып күліп алам. Біз бір-бірімізге махаббат, жылу мен мейірім сыйлаудан жалыққан емеспіз және жалықпаймыз. Мен оларға үнемі өзімнің бақытты әрі жолы болған ана екенімді айтып отырамын, – дейді кейіпкеріміз.
Назерке САНИЯЗОВА.