«Жолдасым екеуміз бас қосқанда бір ғана арман болды. Елге еңбегі сіңер ұрпақ тәрбиелесек, балаларымызды Ленинградта оқытсақ деп армандадық. Үш балам да Ленинградта оқыды. Елдің аузында жүрген Батырхандай ұл тәрбиеледім. Баламның аты аталмаған жер қалмады. Бірнеше өңірде көшеге есімі берілді. Иә... Мен – арманы орындалған анамын» деп бастады сөзін Диляра Ибрагимқызы.
Қазақтың біртуар перзенті, саксофоннан саз төккен, талай жанды ән бесігінде тербеткен Батырхан Шөкеновтің анасы. Өмір мектебінен алған тәлімі мол әрі оны өскелең ұрпаққа сіңіре алар қасиетке ие ізгі жан. Көңіл түкпіріндегі сағыныш отын маздатып, сонау жастық шағынан бастап, қызықты сәттерін баяндап берді.
Диляра Ибрагимқызының жолдасы ҚР еңбек сіңірген экономисі, елімізге белгілі қаржыгер Камал Шөкеновпен Ташкентте танысты. Сол жақта екеуі де қаржыгер мамандығында оқитын. Сырдың ұлы мен Арыстың қызы 1958 жылы шаңырақ көтерді. Содан бері Шөкеновтер әулетінің түтінін түтетіп отыр.
– Менен бір курс жоғары оқитын. Бізді мақта теруге апарады. Камал біздің мақтамызды өлшеп, ақшасын беріп тұратын. Сол жақта танысып, қос арманды бір арнаға тоғыстырып, осында келдік. Әлі күнге «ағаларың «бойында Арыстың, өзіңмен таныстым» деп Шәмшінің әнін айтып жүріп мені тауып алған ғой» деп айтамын. Камал консерваторияға түсе алмаған соң, қаржыгерлікке тапсырған. Әйтпесе бойында өнері бар. Мен де құр алақан емеспін. Шәмшінің ауылдасымын. Әндерін елден бұрын біз тыңдайтынбыз. Үш балам да өнерге жақын. Бауыржаным – Алматыда, Бақытжаным – осында, ал Батырханымды әлем біледі, – деді күлімсіреген ана.
Немере-шөбересін ізгілікке баулыған Диляра ана сексеннің үшеуін толтырды. Балаларға қайырымды болуды, дұрыс жолмен жүріп елге қызмет қылуды үйретіп келеді. Ол еңбегі де еш кетіп жатқан жоқ. Қазір де құдай берген жеті немере, 4 шөбере әжелеп мойынға асылғанда өзінен асқан бақытты жан жоқтай сезінеді. Адам баласының өмір жолындағы түгесілмес бақыты да сол емес пе?!
– Әйел болған соң кейде ананы-мынаны айтып қаласың. Сондайда Батырхан жүгіріп келіп, «олай айтуға болмайды» деп жататын. Талдықорғанға жиі баратын. Онда не істеп жүр екен деп ойланатынбыз. Бірақ өзі тіс жармады. Оны ақтық сапарға шығарып салғаннан кейін Талдықорғаннан бейтаныс кісі келді. Бір оқу орнының басшысы екен. Уақытылы келе алмағанына кешірім өтініп, Батырханның жеті бірдей жетім баланы қамқорлыққа алып, сол жақта оқытып жатқанын айтты. Жүрегім елжіреп кетті. Менің баламның осыншалықты қайырымды екеніне, соңында ізгі ісінің көптігіне қуандым, – деді Диляра Ибрагимқызы.
Ананың самайын шалған ақтың, бетіне түскен әжімнің әрбірінде өмірдің тарам-тарам жолдары жатыр. Отан Анасын әнмен тербеген Батырханның анасының әр сөзінен өнеге мен өсиет, тәлім мен тәрбие байқадық.
Бүгінде Америкада тұратын Мақсұт немересі мереке қарсаңында ақ әжесінің арайына шомылып келіп кетпекші екен. Иә, әжелер үшін мереке перзенттерінің жанында ғой...
Дәулет ҚЫРДАН.
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.