ҚАРАҚҰМДА АЛҒАШҚЫ СТАНСА САЛЫНУДА

ҚАРАҚҰМДА АЛҒАШҚЫ СТАНСА САЛЫНУДАТәуелсіздік алғаннан бері елімізде қаншама шақырым темір жол желісі салынды. Солардың ішінде құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының орны бөлек.

Нақты кезеңде «Жезқазған-Бейнеу» темір жолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Айта кетейік, аталған жол Қазақстанның орталығын еліміздің батыс бөлігімен, Ақтау айлағымен жалғастырады. Мамандардың айтуынша, Қытай –Ақтау порты – Баку – Грузия – Түркия – Еуропа мемлекеттері шекарасының транзиттік бір бөлігі болатын «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы құрылысы қолданысқа берілген кезде Қытайдан кәрі құрлықтағы порттарға жіберілетін жүк тасымалы 42 күннен 12 күнге дейін қысқарады. Ал, темір жол табаны елдің орталығынан оңтүстік батысқа қарай – Қарағанды, Қызылорда, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумағы арқылы өтіп, құлазыған далаға тіршілік енеді.

Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Біз ұзындығы 1200 шақырым болатын «Жезқазған-Шалқар-Бейнеу» жаңа темір жолын салып жатырмыз. Ол орталықтың көптеген аудандарына жан бітіріп, елдің шығысы мен батысын тікелей байланыстырады. Бұл магистраль Каспий мен Кавказ арқылы Еуропаға шығуға мүмкіндік береді» деген еді. Демек, бұл жоба толық жүзеге асқанда Еуропа мен Азия арасында алыс-беріс пен барыс-келіс ұлғайып, еліміздің экспорттық әлеуеті еселеп артады деген сөз.

Бір ғана «Сексеуіл-Жезқазған» темір жолының бойында барлығы 13 станция мен 30 жолайрық салынып, үш мыңнан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

ҚАРАҚҰМДА АЛҒАШҚЫ СТАНСА САЛЫНУДАҚарақұмды қақ жарған болат жолдың бойында бүгінде қайнаған еңбек. 2012 жылдың маусым айында өткен Индустриалдық форумда Елбасы жалпыұлттық телекөпір арқылы «Жезқазған – Бейнеу» темір жолын салуға старт берген кезде ел қуанышында шек болмаған еді. Бұған әсіресе, мал шаруашылығымен айналысқан Қарақұмның халқы айрықша қуанған. Қуанбағанда қайтсін, құм басқан сайын далаға шойын жол келеді, маңғаз дала тепловоз дүрсіліне бөленеді деп ойлап па?! Енді міне, құмды жарып темір жол тармағы төселіп, оның өн бойынан вокзал ғимараттары салынуда.

Аталған темір жол құрылысының бір сәтте екі бағыттан басталғаны белгілі. Орталық Қазақстанның Жезқазғанынан бастау алған жол Жезді, Қарсақбай кенттерін басып өтеді. Қазіргі күні жол салушылар «Қоскөл» станциясына жетіпті. Ал, біздің аймақта «Қарашеген», «Абай» станциясы арқылы жүретін темір жол құрылысы аяқталды. «Абай» станциясынан 60 шақырым жердегі «Құлжұмыр-Қасқатөбе» жанындағы №13 бекеттегі жол төсеу жұмыстары да аяқталуға жақын. Алдағы жылы Сексеуіл тораптық стансаға ауысып, қосымша қызметтер мен тасымалдауды үзбей жүргізу мақсатында инфрақұрылым қызметтері дамитын болады.

Иә, мұндағы темір жолдың бойында жол төсеумен бірге инфрақұрылым да жасақталуда. Бекеттер мен елді мекендер бой көтеріп, оларда түрлі әлеуметтік нысандар салынады. Сондай нысандардың бірі – Қарақұмдағы «Абай» станциясында салынып жатқан темір жол вокзалы. Вокзал құрылысын «Капитал Астана Маркет» ЖШС жүргізуде. Осы компанияның «Қарашеген-Абай» құрылыс учаскесінің бастығы Т.Махметов­тің айтуынша, мұндағы құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Құрылысқа тек отандық материалдар қолданылуда. Еңбек майданындағы 60-тан астам адам мен техниканың барлығы дерлік жергілікті жердікі. Нысан алдағы күзде қолданысқа берілмекші.

Сондай-ақ, Жезқазған стансасы да үлкен өзгерістер үстінде. Мұнда қазір 9 қосымша жол тармағы пайда болған. Сексеуіл тармағы тартылып бітісімен 12 жолаушылар пойызына жол ашылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, осы станса арқылы күніне бірнеше тауарлы құрамалар екі бағытқа керуен түзейді. Жалпы, бұл жолмен жылына 21 млн. тонна жүк тасымалданады.

Ұзақтығы мың шақырымнан асатын темір жол құрылысы аяқталып, ол іске қосылған кезде біздің облыстың дамуына серпінді күш беретіні анық. Біз ол кезде логистикалық жағынан тиімді орналасқан аймаққа айналып, еліміздің барлық облыс­тарына темір жол арқылы шыға алатын боламыз.

Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.


НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР / АҚПАРАТ 14 тамыз 2014 г. 1 673 0