« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қызық пен шыжық, балғын балалық шақ, сенім мен үміт, кіршіксіз көңіл мұның бәрі - ауылдың ажарын ашып тұратын сырлы сезімдер. Қой қуалап жүрген бала, мыңғырған мал, шулы өзен, нулы тоғай, ашық аспанда еркін самғаған түрлі құстар - бұл ауылдың ажарлы келген тұмса табиғаты. Шіркін, қандай керемет десеңші. Қымыз бен қымыран, шұбат пен айран қайран елдің, қаймағы бұзылмаған қазақтардың ұлттық тағам өнімдері. Осы қатарды толықтырып тұратын ауылда түрлі тамаша бұйымдар мен құралдар, ерекше естеліктер бар. Өкініштісі, соның көбі бүгінде ұмытылып бара жатыр. Құмға сіңген судай замана айдынынан жоғалу үстіндегі ауыл тұрғындарының көп пайдаланатын дүниелері жайында сыр шерткенді жөн санадық. Себебі, ұлттық құндылықтардың бірсыпырасы сол ауылдағы қарашаңырақтың төңірегінде топтасып жатыр.
ПЕШ КІРПІШ - "ЕСКЕРТКІШ"
Дамыған дәуір пеш кірпішті де қолданыстан ысырып бара жатқаны рас. Оған қоса жаңа технологиялар адам өмірін жеңілдете бастады. Бұрынғыдай отын тасып, қара күйе болып, көмір жағатындар азаюда. Айтып отырғанымыз, қаладағы қалыпты жағдай екені даусыз. Десек те әлі газ жетпеген ауылдарда пеш кірпіштің саудасы қызып тұр. Дәрмені жеткендер кірпішті өздері басса, құрығы ұзындар сатып ала салады. Сөйтіп, ошаққа от жағып, үй жылытады.
"Түтінің түзу ұшсын" деген сөз естілгенде бірден осы кірпіш есіме орала қалады. "Туған жердің түтіні де тәтті" демей ме дана халық. Осы мақалдардың барлығы пеш пайдаланған қазақтардан шыққаны айқын. "Қалыпқа түсті", "Қалыпқа келтірілді" деген сөз тіркестері де кірпіш басу үдерісімен ұштасады. Сондықтан ауыл баласы жақсы білетін, қалалықтарға таңсық дүниенің жасалу жолымен таныстырып өтейін.
Електен өткен шеге құмды балшық илейтін арнайы ыдысқа толтырып, оған қажетті мөлшерде су құяды. Аздап саз да салады. Сосын кетпенмен немесе күрек арқылы илеу басталады. Иіні қану үшін кей балалар аяқ күшін де қолданып жатады. Әбден иленген балшық қалыпқа салынып, төрт бұрышты пішінге келтіріледі. Күннің қызуы арқылы кептірілген пеш кірпіш сосын барып қолданысқа кетеді. Жасалу технологиясы тым қарапайым болғанмен сапасы жоғары. Әрі ұзаққа шыдас бере алады.
Ауыл-аймақта бота-тайлақты кәсіп етіп отырған адамдар пеш кірпіштің рақатын әлі күнге дейін көріп отыр. Қарт әжелердің арқасын сүйеп, ұршық иіріп отыратын көрінісі көз алдыңызға келсе, қабырғадағы пеш жылуын қабылдап отыр деп топшылай берсеңіз болады. Ауылда бүтін бір қабырғаны жылы етіп ұстап тұратын мұндай кірпіштер сондағы тұрғындар үшін жылулыққа қойылған ескерткіш іспетті.
ШОҚТЫҒЫ БИІК ШОМДАР
Отырықшылыққа бет бұра бастаған қазақ елі түрлі құрылыс заттарын ойлап тапты. Қазіргідей мұнай өнімдерінен жасалған бұйымдардың ол кезде ешбірі болмағаны белгілі. Сонықтан қолдағы дүниелерден жоқтан бар жасау керек болды.
Қызылордада қамыс көп. Шом осы қамыстан жасалынады. Үй тұрғызуға арналған құрылыс материалы. Ауылда қора-қопсы, шарбақ пен төңкерме төбесін жабу кезінде де көптеп пайдаланылады. Қазақстанның әр өңірінде мұның атауы басқаша болуы мүмкін. Қызылорда облысына қарасты аудандарда шом сөзі халыққа етене таныс.
Мұз бетінен орылып әкелінген сары қамыс - басты шикізат. Одан шом жасау үшін әуелі ағаштан екі жаққа аша жасалынады. Уыс-уыс қамыстарды ұзыннан айқастырыла орналастырылып, оны қысқыш құрал арқылы буып, ұстап тұрады. Қысылған қамыс тұсынан темір сыммен немесе жіппен байланады. Шом ұзындығына байланысты төрт-бес жерден буылуы мүмкін. Барлық жұмыстар тәмамдалған соң екі ұшы тегістеліп шабылып, бір жерге жиыстырылып қояды.
Шом өте көп басылады. Тұрғындар өздеріне керегінше тұтынады. Жоғарыда айтылғандай қора, үй қабырғасы секілді дүниелерге қолданыла береді. Сондықтан ауылда шомдардың шоқтығы биік.
ЗӘҢГІ МЕН ЛӘҢГІ
Бала кезімізде барлық дүниені ойыншық секілді елестететінбіз. Тіпті, зәңгі деген құрылыс барысында мініп түсуге арналған деп есептемеппіз де. Оны "өрісте қой келетін кезде жоғарыға көтеріліп, түлік түгендеу үшін жасалған" деп келіппіз. Ал, ләңгіні не үшін қатар атады десеңіз, айтайын. Ойын баласы болып жүріп атамыздан: "Ләңгі" сөзі мен "зәңгі" сөзі не үшін ұқсасып, ұйқасып келеді?" деп сұрап қалыппын. Сонда атамның: "Екеуі де аяққа арналған. Бұлшық еттерді жаттықтырады. Ләңгі тепкен кезде жоғары көтеріліп, төмен түседі. Зәңгі де сол секілді. Жоғары көтерілесің, сосын төмен түсесің" дегені есімде қалыпты.
Қалалықтар "зәңгі" деген не зат деуі заңды құбылыс. Бұл диалект. Оны жалпыхалықтық тілде "саты" деп атайды. Дегенмен ауылда, көк ағаштан, қоларамен қиылып жасалған зәңгілерге саты сөзі жараспайтын секілді. Ал, ләңгі - ауыл баласының сүйікті ойыны. Бұл ұлттық ойынның тамырына енді-енді қан жүгіріп келеді. Жандану үстінде. Ауыл азаматтары болса, бұл екі дүниені әлі күнге қолданыстан ысыра қоймаған.
ЖЕТІМІН ЖЫЛАТПАҒАН,
ОШАҒЫН ҚҰЛАТПАҒАН...
Күл тазалайтын қалақ, атөшкүр немесе шымшуыр, қысқыш, түрткіш, самаурын мен кернай, мосы, мұның бәрі - қазан-ошақтың айналасындағы ауылдағы ағайынның ерекше құралдары. Жергілікті диалектілерге байланысты атаулар әр түрлі болуы да мүмкін. "Отбасы - ошақ қасы" дейтін қазақ елі қазан қоюға арналған тұғырын да қасиетті санаған.
Ошақ жасалған материалдарына қарай темір ошақ, тас ошақ, жер ошақ, тоқал ошақ және қазандық болып бөлінеді. Темір ошақтың жерге тірелетін үш аяғы, қазан түбіне кигізілетін шеңбері болды. Ошақтың аяқтары шеңберіне шегемен бекітіліп, оның жерге тірелетін ұшы орнықты болуы үшін аздап сыртқа қарай иіледі. Тас ошақ болса негізінен, үш тастан жасалады. Қазанның түбі үш тастың арасына қойылғанда оның астында от жанатын бос орын қалуы керек. Жер ошақ сопақша етіп жерден қазылады. Оның бір басы от жағылуы үшін үлкендеу етіп жасалады, ал кішірек келген екінші басынан түтін шығады. Қазандық кесектен не тастан қаланып, оның үстіне қазан орнатылады. Оның от жағатын оттығы және түтін шығатын мойыны болады. Дәстүрлі қазақ қоғамында ошақ қасиетті де қастерлі дүние болып саналады. "Ошағы құлап, оты сөну" бір шаңырақтың тыныс-тіршілігі тоқтағандығын білдірген. Сондықтан болар ауылдағы адамдар ошақтағы күлге су тигізбейді. Ырымдап май салады.
Асыраушысынан айырылған әйелге жесір күйін кештірмеген, баласын жетімсіретпеген текті қазақ елі. Ғайыптан тайып, нәубет орнаған жағдайда "оты сөніп, ошағы құлады-ау" деп қамыққан. Сондықтан да болар ошақ дейтін киелі дүниеге қазірге дейін «күйе жұқпай» келеді.
Оймақтай ой.
Ырыс пен ынтымақтың қазанында қайнап жатқан ауыл дегеніміз алтын бесік емес пе? Оның шөбі де, шөңгесі де қадірлі. Сол себепті де ауыл өмірін айшықтап тұрған естеліктер мен елді еске салатын түрлі заттарды жаңғыртып отырмыз. Оқи жүріңіздер.
Айдар САЙЛАУОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |