183,1 мың гектар жерге егін егіледі

Сырбойылық еңбеккерлер биыл 183,1 мың гектар жерге егiс егуді жоспарлап отыр. Оның 88,2 мың гектары күріш алқабына тиесілі.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, дәндi дақылдар үлесі 97,8 мың, майлы дақылдар – 6 мың, малазықтық дақылдар – 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша дақылдары 17,7 мың гектарды құрайды. Шаруашылылық құрылымдары өткен жылы күзде 4 412 гектарға бидай егіп, 65,1 мың гектар сүдігер жыртты.

Мамандардың есебінше, кезекті егістікке 22,1 мың тонна жоғары репродукциялы күріш, 656 тонна жаздық бидай, 90,2 тонна арпа, 12,5 тонна жүгері, 10,1 тонна тары, 225,7 тонна жоңышқа және 112,8 тонна мақсары тұқымы қажет. Қазір бұлар қамдалып жатыр, егіс нау­қанына дейін дайын болады. Соны­мен қатар, 59,2 мың тонна минерал­ды тыңайтқыш пен 72,9 мың литр гербицид сатып алу шаралары атқарылуда.

Қолда бар техниканың, атап айтқанда, трактордың 82,5 про­центі, соқаның 87,1 проценті, тұқым сепкіштің 90,1 проценті, жүк көлігінің 88,6 проценті, трактор тіркемесінің 92,3 проценті жөндеуден өтті. Көктемгі егіс және дала жұмысын жүргізу үшін 14 мың тонна дизель отыны бөлінді. Өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеңілдетілген дизель отыны үшін квота бөліне бас­тады. Сондай-ақ, төмен бағамен сұйық отын сатып алу шаралары автоматтандырылған ақпараттық жүйе арқылы іске асырылып келеді. Ағымдағы жылы тиісті құрылымдар «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 2 млрд теңгеге 70 техниканы лизингке алуға ынталы.

Мамандар жоспарлы егін алқабын тұрақты суаруға 4,2 млрд текше метр су қажет екенін есептеп шығарды. Бұл бағыттағы жұмыс аудандар мен облыс орталығындағы су шаруашылығы нысандарын дайындау арқылы жүзеге асырылады. Қажетті қаражатты шаруа­шы­лықтардан, инвесторлар мен басқа да көздерден тарту қарастырылған. Аталған іске «Агрохолдинг Қы­зылорда» серіктестігі мен «Аграрлық несие корпорациясы» компаниясы да атсалыспақ.

Назерке Саниязова.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 03 наурыз 2020 г. 378 0