Қызылордадағы “Достық үйінде” Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Жасампаз 25 жыл» атты салтанатты шара болды. Сыр жұртшылығын айтулы мерекемен облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов құттықтады.
Ел тіршілігінің бейбіт, тынысының еркін болуында Елбасы бастамасымен құрылған қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз етуші бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызы ерекше. Тәуелсіздіктің 25 жылында ол барша саяси күшпен, бүкіл аймақпен байланыс орната білді. Ізгі қадамдардың бел ортасында жүрген іргелі ұйым елмен бірге өсіп, кемелденіп, конституциялық органға, ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды.
– Ассамблея тарихы – соңғы жиырма бес жылдағы тәуелсіз Қазақстанның тарихы. Қазақстан халқы Ассамблеясының дербес институт ретіндегі жолы, жетістіктері мен шыққан биігі еліміздің даму даңғылындағы айтулы оқиғалармен тығыз астасып жатыр. Ең бастысы, біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге, келісім мен бейбітшілікке негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді уақыттың өзі дәлелдеп берді, – деді аймақ басшысы.
Қазіргі күні облыста отыздан астам этнос өкілдері берекелі тіршілік кешуде. 2015 жылы ашылған Достық үйі қоғамдық келісім мен татулықтың темірқазығына айналды. Онда әртүрлі этнос өкілдерінің тілін, мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамытуға барлық жағдай жасалған.
– Қазақы қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің мызғымас бірлігі мен әрбір азаматтың Отанға деген мәңгілік сүйіспеншілігін одан әрі ұлықтай түсуіміз қажет. Өйткені тату елде ғана тыныштық орнайды, бейбіт елде ғана береке болады, – деді облыс әкімі.
Жиынға Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин, Ресей Федерациясының Алматыдағы бас консулдығының өкілі Ольга Мощеева құрметті қонақ ретінде қатысты. К.Бусыгин жұлдызды қалашық тұрғындарының атынан Сыр жұртшылығына кең құшағы мен дархан пейілі үшін алғыс білдірді. Жиналған көпшілік Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған жерлесіміз, Парламент Мәжілісінің депутаты Наталья Жұмаділдаеваның, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ресей, Өзбекстан, Шешенстан, Оңтүстік Корея мемлекеттері өкілдерінің ыстық ықыласқа толы бейнеқұттықтауларын қабыл алды.
Бірегей экспонаттар, этностардың ұлттық киімдері мен тұрмыстық заттары қойылған көрме, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихынан сыр шертетін фотогалерея мерекелік шараның мазмұнын байыта түсті. Қонақтар ұлттық аспаптар оркестрі мен этномәдени бірлестік өкілдерінің өнеріне риза болды.
Назерке САНИЯЗОВА.