« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов 25-26 ақпанда Хорезм облысы Үргеніш қаласында «Агроөнеркәсіптік кооперация, өнеркәсіп және туризм саласындағы аймақтық бизнестің ынтымақтастығы» тақырыбындағы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ІІ халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Форумға екі елдің аймақтарынан делегациялар қатысып, жан-жақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, форум аясында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Мамин, Өзбекстан Республикасының Премьер-Министрі А.Арипов және өңір басшыларының қатысуымен кездесу өтті.
Форум аясында панельдік сессиялар, бизнес өкілдерінің B2B кездесулері, кеңейтілген отырыс және екі мемлекеттің тауар өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды.
Кездесу барысында сауда-экономика, инвестиция, ауыл шаруашылығы, көлік, су-энергетика, тоқыма, машина жасау, туристік және экология салаларында, сондай-ақ, қаржы технологиялары мен аймақаралық ынтымақтастық саласындағы екіжақты келісімді әрі қарай дамыту мәселелері айтылды.
Ұлттық және аймақтық бағдарламалар шеңберінде іске асырылатын ірі жобалардың бірі – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасы. 2005 жылы САРАТС-тың бірінші фазасы шеңберінде үлкен және Кіші Аралдың арасында 13 шақырым Көкарал бөгетін салу оң нәтиже берді. Мәселен, 2006 жылдың наурыз айына қарай Кіші Аралдың деңгейі көтеріліп, теңіз деңгейінен 42 м белгіде тұрақтанды.
Кездесу барысында Қызылорда облысының әкімдігі мен Өзбекстан республикасы Хорезм облысының хокиматы арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Мұндағы мақсат – екі ел арасындағы достық қатынастарды нығайту, шаруашылық қызмет субъектілері бойынша тікелей байланыстар орнату және ұзақ мерзімді экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, іскерлік, сауда қатынастарын дамыту. Мұнан бөлек облыстан арнайы барған индустриялық-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшылары жергілікті кәсіпкерлермен, мемлекеттік орган өкілдерімен кездесіп, ортақ жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізді.
25 ақпанда басталған форум аясында өңір өнімдерінен арнайы көрме ұйымдастырылған болатын. Бұл шараға Қызылорда облысынан 5 тауар өндіруші – «Абзал и К», «Аралтұз» АҚ, «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы «ЖШС, «Смарт Раббер» ЖШС және «РЗА» АҚ өкілдері қатысты. Көрмеде күріш, азық-түлік, цемент өнімдері, тамшылатып суару құбырлары мен сүт өнімдері келушілер назарына ұсынылды.
Облыс әкімі Қ.Ысқақов Қызылорда өңірімен бірлесіп жұмыс істеуге мүдделі жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Олар Шиелі ауданында жеміс ағаштарын егіп, өсіруге ниетті. Сонымен қатар, минералды тыңайтқыштар шығаратын кәсіпорын өкілдері Сыр өңірінің ауыл шаруашылығына қажетті минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге қызығушылық танытып отыр.
Аймақ басшысы бірлесіп ортақ жобаларды жүзеге асыру үшін инвесторларға тиісті қолдау көрсетілетінін айтты.
«Біздің мақсатымыз – өңірге инвесторларды тарту. Бірлесіп жұмыс істеуге біз ниеттіміз. Сонымен қатар, Қызылорда облысына келіп, жаңа кәсіпорындар ашып, ауыл шаруашылығы саласында да жобаларды жүзеге асырамыз дейтін кәсіпкерлерге біз қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз», – деді облыс әкімі.
«СБ» ақпарат.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |