Достықтың туын жықпаған

Үлкен жолдың бойымен келе жатқан жолаушыға алыстан жылыұшырай  көрінетін бұл ауылдың тұтас ел үлгі тұтатын тарихы мен тағылымы бар.  Алқабында алтын дәні жайқалып, қоймасына ақ күріші әр беретін ІІІ Интернационал ауылы бұл. Қасиетті Қармақшы жеріндегі ауыл тұрғындары достық туын биік ұстап келеді. Бүгінде мұнда 11 ұлттың өкілі бар. Қиын-қыстау кезде осы жерден дәм бұйырған түрік, корей, орыс, әзербайжан ағайындардың ұрпақтары туған жерді түлетуге үлес қосуда.
Күні кеше газет тілшісі түсіністік пен ынтымағы жарасқан ауылға арнайы барып, ондағы жұртшылықтың тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
– Өткен жылы Жер-Ана несібесіз қалдырмады. Биыл жылдағы ізбен 2400 гектар күріш, 600 гектар жоңышқа, 250 гектар бидай, 65 гектар мақсары егеміз деген жоспар бар. Осы күні ауылды айналдыра дренаж қазып жатырмыз. Өйткені, кей жерлерді ыза су басып кетіп, халыққа зиянын тигізген. Біздікі елге сеп болса деген әрекет. Наурызбай каналын тазартып, кеңейттік. Кіші бизнеспен айналысқысы келетін азаматтарға біз де өз тарапымыздан көмек беру­деміз. Биыл қарттарға демалыс орнын дайындап жатырмыз. Онда ауылдың көне­көздері бос уақытын тиімді өт­кізіп, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойнайды. Мектеп оқушыларының білімін кө­теруде де кең ауқымды жоспар бар. Мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік аясында ауылдан спорт кешенін салу ойда жүр. Ал биыл шаруашылық есебінен шағын футбол ойнайтын жазғы алаң, мейрамхана, монша саламыз, – дейді «Достық – Жер МК» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев.
Шаруашылық мұнымен қатар ауыл тұрғындары үшін әдепкі 100 жоңышқа престі 100 теңгеден, кейінгісін 250 теңгеден сатады. Қазір де төменін 550 теңгеден әрең табатын шөптің мұндай бағасы халықтың қалтасына қолайлы болып тұр. Ал қамыс престі мұндағылар 60 теңгеден сатып алады. Бұл базар бағасынан бес еседей төмен.

ЫСТЫҚ НАН

Ауыл тұрғыны Алладин Гейдаров­тың үйіне қай кезде барсаңыз да, буы бұрқырап пештен жаңа шыққан ыстық наннан дәм татасыз. Ол – 1944 жылы елге келген түрік ағайындардың ұрпағы. Бүгінде шаңырағы шаттыққа толып, отбасында бақ пен берекенің бесігін тербетіп отыр. Отанасы Кабира Гейдарованы мұндағы жұрт жақсы біледі. 1997 жылдан бері наубайхана ісін жүргізіп, кәсіп қылған.
– Өзім қысқартуға ұшырадым. Жолдасым шаруашылықта жұмыс істеді. Үш баламыз бар. Ол уақытта шаруашылықта да жалақы болмады. Содан нан жаба бастадым, – дейді К.Гейдарова.
Аулаға үлкен пеш салдырып, бір уақытта 7-8 тіпті 10 шақты таба нан салды. Осылайша ауыл халқы Кабира апаның қолынан нан жеді. Былтыр жазда кәсіпкерлікке деген мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, жеңілдетілген несие алды. Бүгінде отбасылық бизнесті келіні Луиза Тұрсынова жүргізіп келеді.
– Отбасылық кәсіп болған соң бәріміз сонда тіркелгенбіз. Наубайханада піскен нанды дүкендерге өткіземіз. Қазір бұрынғыдай емес, газбен піседі. Әйтпесе, отын шақ келмейді ғой. Күл шығарып, от жақпаймыз. Десе де, бұрынғы пештің көңілге жылу сыйлайтыны ерекше, – дейді бүгін мен бұрынғыны салыстырған ана.
Екі қыз, бір ұл өсіп-өнген шаңырақта ұлы Сәлім отыр. Ол да шаруашылыққа еңбегі сіңген әкенің ізін жалғаған. Қорада мал ұстайды. Жем-шөбін дайындап, бірнеше ай баққан соң, оны бордақылайды.
– Мен осы елде туып-өстім. Азан шақырылып қойған атым Адалат болса да, ел мені Кабира деп біледі. Қазақ елінің қонақжайлылығын, дархан көңілін көрдік. Мейіріммен өстік. Осы елде тұрып адал еңбектің, маңдай тердің нанын жеп отырмыз, балам. Біздің тіршілік осындай. Қысылтаяң кезде құшағын ашқан дархан елге алғысымыз зор, – деді Кабира апай және бір сөзінде.
Ыстық нанымен ықыласының қандай екенін көрсеткен отбасына ілтипат көрсетіп, біз де жиналдық.

МАЛ ҰСТАҒАН ЖАҚСЫ. БІРАҚ...

Ауыл тұрғыны Кәрімжан Гейдаров осыдан екі жылдай бұрын мемлекеттің жеңілдігімен 3 млн теңге несие алды. Ауылдық жер болған соң таңсық емес шаруаның көзі – мал шаруашылығы. Осылайша ет және сүт бағытындағы ірі қара асырауды қолға алған.
– Әдепкіде қолға тиген қаржыға 10 бас сиыр алып келдік. Одан бері біртіндеп, көбейтіп жатырмыз. Етті келіп алып кететіндер бар, ауылда жілікке алатындар бар, әйтеуір, өткіземіз. Бірақ кейде алушы болмай қалса, бағаны жерге ұратындар да табылады. Бала-шағаның несібесі, маңдай тер еңбегі дегенді қайда қоясың, – дейді К.Гейдаров.
Жем-шөп мәселесі қиындау. Егер малмен айналысқың келсе, осы екеуінің біреуін өзің өндіруің керек. Жем шығару үшін зауыт, шөп шығу үшін жер керек. Оның бәрі қайдан болсын. Әйткенмен, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, отбасының нәпақасын тауып отыр.
– Осындағы әкімдіктегі жігіттерге рақмет. Өздері алғандай боп қуанып, қасымда жүріп, жолын көрсетті. Мал шаруашылығы да оңай емес қой. Күтім керек. Қазір мына өгізшелердің ішінде герринфорд, ангус, сементал, әулиекөл, қазақтың ақ бас сиыр тұқымдары бар. Олардың әрқайсысы бір-бірінен өзгеше. Ақтөбеден алып келдім, – дейді кәсіпкер.

АСЛАНҒА АСТАНАДАН ДА КЛИЕНТ КЕЛЕДІ

Аслан Ақылов көліктің кузов ақауларын қалыпқа келтіреді. Қасында екі көмекшісі бар азаматты ат арытып алыстан да іздеп келеді. Жастайынан техникаға құмар кісі шанақ жұмыстарын жөндеуді өзі үйреніп алыпты. Енді соңынан шәкірт тәрбиелеп жүр.
– Қыста, мұздақта көлігі бұзыл­ғандар көп келеді. Әсіресе, жастар. Ұрып-соғып алған көліктерді қайта қалыпқа келтіреміз. Кейде қосалқы бөлшектері таптырмайтын көліктер де болады. Жарамай қалған жерлерін басқа көліктерден алып, құрастырып жібереміз. Бұл жұмыс та сіздікі сияқты шығармашылықты керек етеді. Сондықтан шыдамдылық пен фантазия керек. Түптеп келгенде, өз ісіңді сүймесең, бәрі бекер, – дейді А.Ақылов.
Алты жылдан бері көлік жөндеумен айналысатын Аслан бұған дейін квадроцикл, үш доңғалақты велосипед тәрізді көліктерді қолдан істеген. Оның әрісі көрмеге де қатысып қайтыпты. Қазір ауылдас­тарына сатып жіберген. Елдегілер Асекеңнің қолынан шыққан көліктің рахатын көріп жүр.
Бәрекелді дестік.
Дәулет ҚЫРДАН.

Қармақшы ауданы.   
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 ақпан 2020 г. 1 009 0