Қызылордада жұмбақ жағдайда із-түссіз жоғалып кеткен 72 жастағы бизнесмен әлі табылмай жатыр, деп хабарлайды "
Astana" арнасы.
Он күннен бері жеке жиһаз компаниясы бар Тынымбай Баженов туралы ешқандай ақпарат жоқ. Ол күндегі әдеті бойынша таңғы сағат 5:00-де серуендеуге шыққан. Сол кездегі соңғы бейнесі Сырдария жағалауындағы бақылау камераларына тіркеген. Туған-туыстарының айтуынша, ақсақал әдетте маршруттан адаспай, үйден смартфонсыз шықпаған.
"Дәл сол күні ол құжаттарынсыз, телефонсыз, ақшасыз, қалтасында ештеңе жоқ күйде шыққан. Бұл ауданды полицияның көмегімен, әскери, кинолог, еріктілердің көмегімен түгел тінтідік. Біз сенімді ақпарат берген кез келген адамға сыйақыға кепілдік береміз", - дейді Баженовтың туысы Елтай Шілдебаев.
Баженовтың туыстары жоғалған азаматтың денсаулығында кінәрат болмағанын айтты. Тынымбай Баженов кәсібіндегі мәселелер мен қауіптер туралы да отбасына айтпаған.
"Оны көлік қағып кетіп, қаланың сыртына апарып тастауы мүмкін", деп болжайды оның жақындары. Іздестіру жұмыстарына туыстары, таныстары, еріктілер, полиция, құтқарушылар кірісті. Сүңгуірлер Сырдария түбін тексерді.
"12 сағат бойы Сырдария өзенінде, ХҚКО ауданында және Арай шағын ауданында су асты жұмыстары жүргізілді, бірақ суға батқан адамдарды таппадық. Іздеу-құтқару жұмыстары күн сайын Сырдария өзені бойымен Талсуат кентіне дейін жалғасып жатыр", - дейді облыстық ТЖД сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары Бақыт Ембергенов.