« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қазіргі таңда әлемдегі бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылуға бет бұрған Қазақстан үшін шағын және орта кәсіпкерлік саласын дамыту – өзекті мәселе. Шын мәнінде, бұл сала – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі.
2017 жылы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаев елімізде жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті, оның ішінде отбасылық кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе ауылдық елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына басымдық беруді міндеттеді. Бұл бағытта 2017 жылы елімізде «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды.
Жол басы
Елбасының кәсіпкерлік саласында ұстанған саясатын жүзеге асыру мақсатында өңірлік деңгейде облыс әкімдігінің, облыстық мәслихаттың, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының, қоғамдық кеңес және өңірлік кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы» жарияланды.
Үкіметтік және өңірлік бағдарламаларды біріктіріп, оны тиімді пайдалану және бағдарламалар шеңберіндегі қаражаттарды ауылдық елді мекендердің азаматтарына қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында Жол карталары әзірленіп, әртүрлі көздерден 2018 жылы 32 млрд теңге, 2019 жылы 44 млрд теңге қаражат жұмылдырылды.
Оған қоса, ауылдық жерлердегі жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың қайтарымсыз гранттар мен шағын несиелерге қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм, типтік бизнес-жоспарлар әзірленіп, жобаларды сүйемелдеу үшін әрбір ауылдық округке облыстық деңгейден жауапты тұлғалар бекітілді.
Облыс бойынша 2,5 мың жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар ісін бастауға мемлекеттік бағдарламалар аясында 1,7 млрд теңгеден аса қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.
6 млрд теңге
шағын несие
Екі жыл қатарынан облыс бойынша 1,5 мыңнан аса жұмыссыз бен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға және кәсіпкерлерге 6 млрд теңгеге жуық шағын несиелер бағытталды. Тұрақты бизнестің 139 жобасына екінші деңгейлі банктердің 3,9 млрд теңге несие қаражаты қарастырылып, ұсынылған несие қаражатының проценттік мөлшерлемесі «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында субсидияланды. Облыстың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне жеңілдетілген несиелер мен мемлекеттің кепілдігін алуға қосымша мүмкіндік берген «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы Үкімет қаулысымен 2025 жылға дейін ұзартылды.
Бұдан бөлек, елімізде өткен жылдан бастап өңдеуші өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған «Қарапайым заттар экономикасы» үкіметтік бағдарламасы іске асырылды. Жыл көлемінде кәсіпкерлік субъектілерінің екінші деңгейлі банктер арқылы 1,9 млрд теңге несие қаражатымен қаржыландырылған 43 жобасы бағдарлама аясында субсидияланды. Бұл бағдарламаның өңірімізде жаңа өндіріс көздерін ашып, экспорт көлемін ұлғайтуға және облысқа инвестиция тарту үшін жаңа мүмкіндіктер беретіндігін түсінуіміз қажет.
Тың идеядан – тындырымды тірлікке
Мемлекет тарапынан бизнесті қолдау мен дамыту жолындағы тиімді механизмдердің бірі – бұл кәсіпкерлік негізіне оқытулар ұйымдастыру. Бұл қолдау шарасы кәсіпкерлікті ақпараттық-талдамалық қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің біліктілігін және кәсіпкерлер қызметінің өнімділігін арттыру, сонымен қатар іскерлік байланысты орнату бағытында жүреді. Оны іске асыру кәсіпкерлікпен айналысуға ниеті бар өңір тұрғындарының арасында үлкен сұранысқа ие. Оқуға ниет білдірген тұрғындар санының өсімі бұған дәлел болады. 2018 жылдың қорытындысымен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 3 мыңға жуық жұмыссыз, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар кәсіпкерлік негіздеріне оқытылған болса, былтыр оның саны екі есеге ұлғайып, 6 мыңнан асты. Бұл – әрине, тек мемлекеттік бағдарламалар аясындағы қолдау шаралары. Бұдан өзге, облыста әкімшілік кедергілерді азайту бағытындағы жұмыстар да жалғасын тауып, әртүрлі тақырыптағы іс-шаралар, яғни, форумдар, семинарлар, көрме-байқаулар, тренингтер де өткізілуде.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылдары аясында 2018 жылы кәсіпкерлік саласындағы барлық мекемелер бір бизнес орталыққа біріктірілген «Кәсіпкерлер үйі» ашылды. Онда әкімшілік кедергілерді барынша қысқарту, бизнеске қолайлы жағдайлар жасау бағытында жұмыс жасап, өңір тұрғындарымен қатар, кәсіпкерлеріне «бір терезе» қағидаты негізінде Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы сапалы қызметтер ұсынып келеді. Орталық былтырғы жылы кәсіпкерлерге жер мәселесі, сәулет және құрылыс, инженерлік желілерге қосылу, мемлекеттік кірістер, қаржыландыру институттарының шарттары, инженерлік коммуникацияларға қосылу, банкке дейінгі және одан кейінгі жобаларды сүйемелдеу бойынша 10 мыңнан аса қызмет көрсетті. Қазіргі күні Үкімет тапсырмасына сәйкес орталықтың қызметін кеңейту бағытында «Бизнеске арналған үкімет» бірыңғай сервис орталығын ашу жұмыстары атқарылуда. Оған қоса, кәсіпкерлік саласындағы іс-шаралардың басым бөлігі осы «Кәсіпкерлер үйінде» өткізіледі. Өткен жылы облыс көлемінде өңір кәсіпкерлерінің, оның ішінде жастардың, мүгедек кәсіпкерлердің Қызылорда қаласында «Іскер әйел – кәсіпкерлер» облыстық форумы, Қармақшы ауданының ІІІ Интернационал ауылдық округінде «Ауылдық елді мекендердің жас кәсіпкерлер форумы», «Жас кәсіпкерлер форумы», «Өзіңе сене баста!» көрме-байқауы бағытындағы басқосулары өтті.
Жас кәсіпкерлерге қолдаулар тек форумдармен шектелмей, жастар арасында кәсіпкерлікті дәріптеу, кәсіпкерлік және презентация жасау қабілеттерін дамыту, оған қоса бизнес-идеяларды тудыру қабілеттерін дамыту үшінші жыл қатарынан жалғасын тапқан «Байқоңыр Start-Up 3» бизнес-идеялар конкурсы ұйымдастырылды. Конкурс барысында жастар қызықты бизнес-жоспарлар, ал кейбіреулері тіпті болашақ өнімдер мен қызметтердің прототипін жасай алды. Бизнес-идеялар спорттық роботехника жобасынан, гипсті лепнинін шығарудан бастап, кинотеатрлардың жаңа нұсқаларына дейін алуан түрлі болды. Сондай-ақ, қатысушылар өңір тұрғындарына арналған бірнеше онлайн-сервис ұсынды.
Бұдан бөлек, «Қазақстанның үздік тауары-2019» өңірлік тауар өндірушілер байқауы және кәсіпкерлік саласында түрлі семинарлар мен тренингтер өткізілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кәсіпкерлермен кездесулер, бизнес-қауымдастық өкілдерінің бірыңғай есеп беру күні өтті. Мемлекет тарапынан жасалып отырған барлық қолдау түрлері қазіргі уақытта кәсіпкерлік ортаның дамуына айтарлықтай импульс беріп, жалпы еліміздің экономикасының өсуіне алғышарт жасауда.
Шаралардың басты мақсаты – мемлекет пен бизнес өкілдері арасындағы көпірді нығайту деп ойлаймын. Бастысы, мемлекет пен бизнес арасындағы осы байланыс арнасын сақтап, аталған шаралар арқылы одан әрі күшейтуге жұмыстар жасауымыз қажет. Бұл бағытта осындай іс-шаралардың көзге көрінер ықпалы бар. Мемлекеттік функцияларға жасалған талдауларда түрлі салада 500-ден аса бақылау түрі бар екен. Бұл тотальді мемлекеттік бақылауды білдіретінін көрсетті.
Мораторий мүмкіндігі
Өткен жылы Мемлекет басшысының халыққа арнаған алғашқы Жолдауы еліміздің микро және шағын бизнес өкілдері үшін жағымды жаңалықтарға толы болды. Жолдаудағы микро және шағын кәсіпкерлік субъектілері табысқа салынатын салықты 3 жылға босату туралы және оларды тексеруге тыйым салу жөнінде мораторий жасау тапсырмасы берілді. Мораторий кәсіпкерлерді артық шығыннан босатып, 3 жыл мерзімде түскен табысын тек қана өзінің кәсібіне жұмсауға мүмкіндік береді. Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, өңіріміздің бизнес потенциалын көтеруіміз қажет.
Соңғы екі жылда облыстың жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъекті саны 23,6 процентке, яғни 8 847 бірлікке ұлғайып, бүгінде оның саны 46 297-ні құрады. 5 жылдың ішінде өңірімізде шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 4,9%-ке ұлғайып, 2018 жылдың қорытындысымен 16,9%-ке жетті. 2019 жылдың қорытындысымен 18 процентке жеткізу көзделуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, шағын және орта кәсіпкерліктің жалпыөңірлік өнімдегі үлесін 35-ке жеткізу міндеті қойылған. Биыл осы бағыттарда жұмыстар жасалатын болады.
Сауда мен туризм –
табыс кілті
Кәсіпкерлік саласының дамуының табысты кілті – ол сауда және туризм саласы. Сауда – жалпы экономиканың маңызды құрамдас бөліктерінің бірі.
Осыған орай, сауда саясатын күшейту мақсатында былтыр Сауда және интеграция министрлігі құрылды. Бұл өз кезегінде, жалпы саланың дамуына оң серпіліс беріп, өзекті мәселелердің шешілуіне жағдай жасады. Мәселен, «Сауда саясатын дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» әзірленуде. Қазіргі таңда, бағдарламаның тұжырымдамасы дайындалды. Тұжырымдамаға сәйкес, мемлекеттік бағдарламаның міндеті – сыртқы, ішкі, биржалық, шекаралық, электронды сауда салаларын дамыту. Сондай-ақ, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігі, тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда-көлік инфрақұрылымын дамыту міндеттері қамтылған.
Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылдың 9 айына облыстың жалпыөңірлік өнім көлемінің 7 процентін немесе 99,8 млрд теңгені құрады. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандардың 17,6 проценті немесе 58,5 мың адам сауда саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыс көлемінде 2019 жылғы қаңтар-желтоқсанына бөлшек сауда көлемі 280,9 млрд теңгені немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңіне 101,5%-ті құрады. Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі 90,2 млрд теңге немесе 32,1%, азық-түлік емес тауарлар 190,7 млрд теңге немесе 67,9%.
Облыс аумағында жалпы сауда алаңы 233,7 мың шаршы метр құрайтын, 6 827 орны бар 37 сауда базары тіркелген. Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халық саны 100 мыңнан асатын облыстық маңызы бар қала аумағында орналасқан әмбебап базарлар стационарлық сауда объектілеріне көшірілуі тиіс. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында қазіргі заманғы форматтағы сауда объектілерін салу жобалары бойынша субсидиялау қарастырылған. Осы орайда, сауда базарларының басшыларымен, кәсіпкерлермен жиналыстар, кездесулер өткізу арқылы тұрақты түрде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, кезең-кезеңімен стационарлық сауда объектілеріне көшірілуде. Бұдан өзге, облыс бойынша сауда саласына арналған тиісті іс-шаралар да тұрақты түрде өткізілуде.
Былтыр «Қызылордада жасалған» жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі өткізіліп, 30-дан аса жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, азық-түлік, қолөнер бұйымдары саласындағы жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындар қатысты. Облысымызда сауда саласынан бөлек бағыттарда өткізілетін түрлі іс-шаралар аясында, жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындарының көрмесі жиі ұйымдастырылады. Мақсат – облысымызда өндірілетін тауарларды халық алдында кеңінен насихаттау.
Қазір мемлекет тарапынан жалпы сауда саласының болашағы – электронды саудаға басым көңіл бөлінуде. Үкімет тарапынан электронды саудамен айналысушы кәсіпкерлерге қолдау көрсетілуде. Мәселен, салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес, интернет-саудамен айналысушы кәсіпкерлер жеке табыс және корпоративті табыс салықтарынан 100% босатылған.
«Электрондық коммерцияны дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған жол картасы» бекітіліп, нәтижесінде 2025 жылға қарай электрондық сауданың үлесін қазіргі 2,9%-тен 5%-ке дейін арттыру жоспарлануда. Өз кезегінде, өңірімізде электронды сауданы дамыту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, семинар-тренингтер өткізілуде.
Дүниежүзілік экономикада туризм – мұнай және автомобиль экспорты табысынан кейінгі тұрақты 3-ші орында келе жатқан сала. Туризм саласына келетін болсақ, былтырғы жылдың қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша жалпы облысқа келушілердің саны 27,4 %-ке өсіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 54 601 адамды құрап, оның ішінде резидент 52 527, резидент емес 2 074 адамды құрады.
Облыстық статистика департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірімізде орташа құны 7 499 теңгені құрайтын 107 орналастыру орны бар. Орналастыру орындарында бір жолғы сыйымдылығы 3 378 төсек-орынды құрайтын 1 418 нөмір қарастырылған. Облыстың 18 қонақ үйі халықаралық «Booking.com» интернет-броньдау жүйесінде тіркелген. Жоғарыда аталған кезеңде 54 601 адамға 774 млн теңге сомасына қызмет көрсетілді.
Сыр елін туристік аймаққа айналдыру – өңіріміздің негізгі жоспарында тұрған мәселелердің бірі. Осы бағытта көптеген маңызды шешімдер қабылданды. Мәселен, өңіріміздің туристік сипатын көтеріп, өзге аймақтарға көрсету мақсатында Қызылорда облысының делегациясы Ташкент қаласында өткізілген «Өзбекстандағы Қазақстан жылының ашылуына» және Алматы қаласында жыл сайынғы «KITF-2019», Нұр-Сұлтан қаласында «PATA Travel Mart-2019» халықаралық көрмелеріне қатысқан болатын.
Сонымен қатар, облыс аумағында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қамыстыбас ауылдық округінің «Қамбаш» демалыс аймағында «Менің Отаным – Қазақстан!» атты облыстық туристік слеті және Дүниежүзілік туризм күніне арналған облыстық туристік фестивалі өткізілді. Іс-шаралардың өткізілу мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасында бұқаралық туризмді дамыту, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу, туризм әдістерінің көмегімен салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру, үздік команданы анықтау, сондай-ақ, тәжірибе алмасу.
Облыстағы ірі туристік жобаларға келер болсақ, Үкімет қаулысымен «Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітілген болатын. Бұл ретте, бағдарлама аясындағы Қазақстан Республикасының туристендіру картасына облыстан 3 туристік нысан – «Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы енгізілген. Облыс төңірегіндегі іске асырылып жатқан ең ауқымды жобалардың бірі – «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру жобасы туристендіру картасының ТОП-10 нысандар тізімінде.
ҚР Туристендіру картасына аймағымыздан енгізілген нысандар жөнінде айта кетсем, ең алдымен ТОП-10-ға енген «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру жобасы басты назарда болып отыр. АҚШ-тағы Флорида штатының Канаверал мүйісіндегі ғарыштық туризмнің дамуы үлгісінде «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру тұжырымдамасы әзірленді.
Қармақшы ауданына қарасты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автокөлік жолының 1579 шақырымында, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру үшін жалпы көлемі 50 гектар жер учаскесіне 30.05.2023 жылға дейінгі мерзімге уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығы табысталды.
Бұған қоса, ТМД елдерінде «Байқоңырға» теңдес жобаның болмағандығын ескеріп, ғарыштық туризмді дамытудағы алғашқы жоба ретінде оны жүзеге асыруға қызығушылық танытып отырған шетелдік инвесторлар бар. Солардың бірі – кореялық «К2АТ» компаниясы. Облыс әкімдігі мен инвестор арасында меморандумға қол қойылып, оның аясында инвестор бірінші кезеңде жобаға 84 млн АҚШ долларын (32 млрд теңге шамасында) инвестициялауға ниет білдірді.
Қазір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленді. Жиынтық есептемелері әзірленгеннен кейін, мемлекеттік бағдарламада көрсетілгендей, инфрақұрылым жүргізуге қаралатын қаржы республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады деп жоспарланып отыр.
Өңіріміздің туризм саласының дамуына тікелей әсер еткен бағыттардың бірі – «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі. Автокөлік дәлізінің Қазақстан Республикасының аумағынан 2787 шақырым өтсе, ал біздің облыс аумағынан 812 шақырым өтеді. «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық автомагистралінің Қызылорда облысы аумағына қарасты бөлігінде, қызмет көрсету нысандардың құрылысына арналған 44 нүкте белгіленген. Қаңтар айындағы жағдай бойынша инвестицияның жалпы сомасы 6 млрд 261 млн теңгені құрайтын 29 нысан пайдалануға берілген (оның ішінде 15-і интернетке қосылған, POS-терминалдармен төлеу мүмкіндігі бар). 732 тұрақты жұмыс орны құрылды. Қолданыстағы 29 нысанның 19-ы «Google maps» және «Yandex карта» жүйесіне енгізілді.
Биыл да кәсіпкерлік, сауда және туризм саласын қолдауға бағытталған жұмыстар жүйесі жалғасын табатын болады.
Ф.ҚОЖАБЕРГЕНОВ,
облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |