« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Шибөрі көп. Кеш батса шулайды. Шулағаны жылағаны. Аш қой. Оны естіген ауыл иттері қоса абалайды. Айтпақшы, тілшілік сапармен жүргенде жергілікті жұрттан еститініміз ит-құстың көбейіп кетуі. Әсіресе, шибөрінің түнімен «шырқата» ән салатынын жиі айтады. Тіпті ауыл сыртына жақын келіп, күндіз жайылымдағы уақ малды тартып кетуге шыққан. Қасқыр қасқырлығын істеп кеткенімен, топтасқан шибөрілердің бұлай шалқып өмір сүруіне не себеп, қандай гәп бар?!
Ауыл дейміз-ау. Кешкілік өзіміз тұратын қаланың сол жағалауынан бұлардың «сыңсуын» кей-кейде естіп қаламыз. Пошымы қасқырға ұқсағанымен, одан тұрқы кішірек жыртқыштың бар қорегі – тышқан, кесіртке, қоянның көжегі, жылан, бақа сияқты ұсақ жаратылыстар. Тіпті, қауын, қарбызды да жарып жеуге құмар. Одан қалса, өлексені азық етеді. Жылына 8 күшікке дейін табатын бұлар өзен бойында, қамысты жерде, елді мекенге жақын тіршілікке бейім. Дерексөзді ашсаңыз, осылай сөйлейді. Әрі қарай оқыңыз.
20059. Сырда шулап жүрген шибөріңнің саны ғой бұл. Ал Тәңіріден өзгеге мойынсынбайтын түздің тағысы – қасқырдың жер басып, жортып жүргені 1237 екен. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының берген мәліметін қаз-қалпында қағазға осылай түсірдік. Айтпақшы аймақтағы 40-қа жуық аңшылық шаруашылықтың бүгінде 32-сі жұмыс істеп тұрғанға ұқсайды. Әлгі біз көрсеткен цифр сондағы санақ жүргізетін арнайы мамандар есебімен жасалған. Шибөрі мал, құс шаруашылығына зиян келтіргенде ауланбаса, былайғыда әдейілеп қастандық жасап отырған ешкім жоқ сияқты. Жылдан-жылға санының артуына себеп те осы.
Биыл жыл басынан бері 14 қасқыр, 13 шибөрінің көзі жойылған. Қасқырлар аймақтағы Қазалы мен Қызылорда маңынан, көбіне-көп таулы аймақ Жаңақорғаннан ауланса, шибөрі санын шектеуде әзірге Жалағаш көш бастап тұр. Бұл –облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәліметі. Аудандарды айтып қалдық. Онда шибөрі мен қасқырға қарсы қандай шаралар қолданып жатыр?! Санамалап айтсақ, биыл Сырдария аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі 2,9 млн теңгеге бюджеттік өтінім әзірлеп, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына жолдаған. Онда жыртқыш аңдардың санын реттеу мақсатында 15 қасқыр мен 150 шибөріге қарсы шараларды жүзеге асыру жоспарланыпты. Әзірге тұрғындар тарапынан өзінше іс-әрекетке барып, жыртқыштар ауланбаған.
Жалағашта 2018 жылдан кейін мұндай жоспарлы жұмыс болмаған. Сол жылы облыстық бюджеттен 2 млн 264 мың теңге қаржы бөлінген. 12 қасқыр, 134 шибөрі атылыпты.
Аралдық тиісті орындардың мәліметінше былтыр аудан аумағында қасқыр мен шибөрілердің кездесуі, малдарға шабу жағдайлары орын алмаған. Сондай-ақ, аудан тұрғындары тарапынан өтініш түспеген. Соған сәйкес, тиісті мекеме тарапынан қасқыр мен шибөріні ату шаралары жүргізілмеген көрінеді. Биыл Аралда жыртқыштар санын қысқарту үшін белгіленген лимитке сәйкес 15 қасқыр мен 150 шибөріні атуға облыстық бюджеттен қаржы қарауға өтініш жасалмақ.
Қазалыда да осындай сандық көрсеткіш, мұнда биыл 150 шибөрі мен 15 қасқыр «жазаға тартылады». Қармақшыда дәл осы цифр. «Қармақшы орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына осы мақсатта 2 млн 721 мың теңгеге бюджеттік өтінім тапсырған.
Жыртқыштардың санын шектеуде Шиеліде тұрғындар тарапынан Ақмая, Жаңатұрмыс ауылдық огругі әкімдігінен рұқсат сұраушылар бар. Сондай-ақ, ауыл, аудан әкімінің кезекті есебінде Ортақшыл ауылында осы мәселе туралы да айтылған. Биыл қасқыр, әсіресе, шибөрі аулауға Шиелі ауданы бойынша ұсыныстар көптеп түсуде. Әзірге тапсырыс берілген.
Былтыр Жаңақорған аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі арқылы қасқыр атуға лимит берілмеген. Дегенмен елді мекендердегі жекелеген азаматтар қасқыр аулаумен айналысқан. 2020 жылы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы 8 бас қасқырға лимит беріліп отыр. Одан бөлек қасқыр аулауға лимиттер мен төленетін қаржысы әзірге нақтылануда.
– Республика бойынша Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің 13 қаңтардағы мемлекеттік экологиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес 4824 қасқыр, 11733 шибөрі атуға лимит бекітілген болатын. Облыс көлемінде олардың санын реттеу үшін биыл 432 қасқыр мен 9125 шибөріні атуға комитеттен келісім берілді, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Айдос Аяғанов.
Байқасаңыз, 11 мыңға жуық шибөрінің 9 мыңнан астамын біздің облыстан жою көзделген. Демек, кеш батып, қою қараңғылық түсісімен жортуылға шығатын жыртқыштың саны Сыр бойында тым көп болып тұр екен-ау.
Біз айтып отырған бөлінген лимит негізінде аймақтық инспекция тарапынан 345 жеке және заңды тұлғаларға 432 қасқыр толығымен және 820 басқа жуық шибөрі аңдарын аулауға рұқсат қағазы беріліп те қойыпты. Енді қараңыз. Қасқыр атуға келгенде қызылордалық мергендердің ынтасы күшті де, шибөрінің сазайын тарттыруға селсоқ. Өзіңіз қараңызшы, атуға тиісті 432 қасқырға түгел рұқсат алғанымен, әзірге 9125 шибөрінің он процентіне жетер-жетпесін (825 бас) аулауға ғана ұсыныс түскен. Әрине, жыл бойы бұл көрсеткіш ұлғаяды деген үміт те жоқ емес.
Ал енді заңсыз аулағандардың жазасы қалай болмақ? Егер сіз қасқырды, шибөрі, тағы да басқа аң түрлерін заңсыз ауласаңыз, ҚР ӘҚБтК-нің 382-бабының 1-бөлігіне сәйкес 5 АЕК немесе 13255 теңге айыппұл салынады.
– Заңсыз ауланған аң түріне қарай мемлекетке келтірілген шығын есептеледі. Мысалы, бір қоян ауланса, мемлекетке келтірілетін шығын көлемі 5 АЕК-ті құрайды және заңсыз аңшылық үшін 1,5 есе коэффицентке көбейтіледі. 1 бас қоян үшін 19882,5 теңге көлемінде мемлекетке келтірілген шығын сол құқық бұзушыдан өндіріледі. Сондай-ақ, қарақұйрық аңын заңсыз аулаған жағдайда, бекітілген шығын мөлшері 400 АЕК, заңсыз аңшылық үшін 1,5 есе коэффицент және ҚР Қызыл кітабына енгізілген аң түрі болғандықтан тағы да 3 есе коэффицентке көбейтіліп, 1800 АЕК-ті немесе 4 771 800 теңгені құрайтынын ұмытпауымыз керек. Ал енді қасқыр, шибөрі саны реттелетін аң түріне жататындықтан мемлекетке келтірілген шығыны есептелмейді, яғни, әкімшілік айыппұл ғана салынады, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтың инспекциясының бас маманы Олжабек Холов.
Мемлекетке келтірер шығын есептелмейді?! Дәл осы ойдың жетегімен жыл бойы мылтық асынып, қасқыр мен шибөріні індете қуа беру жарамайды. Рұқсат қағазыңызда көрсетілген аңның есебіне қарап, соны ғана көздейсіз. Мысалы, жыл бойы 6 қасқыр не 10 шибөрі атуға тиіс болсаңыз, мұны бір күнде жайратуға болмайды. Кәсіптік аңшылықты қоспағанда, құстар мен терісі бағалы аңдардың әр түріне тәуліктік аулау мөлшері бір аңшыға бес данаға дейін шектеу қойылғанын ұмытпаған жөн. Қосымша айтар жайт, рұқсатсыз ауланған аңның шығын мөлшері 100 АЕК-тен асатын болса, қылмыстық жауапкершілік қаралатын болады. Мұнда ҚР ҚК-нің 337- және 339-баптарымен жаза тағайындалады.
Айтпақшы, инспекция мамандары орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2016 жылдың 24 қарашасындағы №265 бұйрығына сәйкес 16 ақпаннан 14-ші маусымға дейін көктемгі аңшылыққа тыйым салынғанын, бұйрықтың әлі де қатаң күшінде екенін ескертіп отыр.
Ауылдағы ағайынның мына пікірін де ескерген жөн сияқты. Мақала басында айтылғандай, шулаған шибөрінің соңғы кезде тым көбейіп кетуінің бір тетігі – ауыл иттерінің аздығы не тұқымының тозып баратыны. Тұрғындар осылай дейді. Бүгінде жақсы итті табу қиын, қазақы төбет жоқтың қасы, кіл шатыс, аралас тұқымды. Оның үстіне қаңғыбас иттерді жою кезінде ауылдағы байлаусыз көп иттің тағдыры тез шешілгенге ұқсайды. Елде тұратын қай қазақ есік алдындағы итін байлап ұстапты?! Иесіз иттердің қатарына бұлар да кіріп, «ату жазасына» іліккен. Әйтпесе ауыл шетіне кеп ойнақ салатын шибөрінің өзі тұрмақ, көлеңкесі де көрінер ме?! Шибөрі шіркінді тәубесіне келтіретін төбеттердің аздығы бізді ойландыруы тиіс.
Сөз соңы. Қандай жағдайда да қасқыр және шибөрі аулау үшін арнайы құжат алу қажет. Онсыз болмайды. «Мал ашуы – жан ашуы» дегенді сылтау етіп, мылтық асынбаңыз. Әсіресе, тыйым салынған көктемгі аң аулау маусымында мұны ойлағаныңыз жөн. Масайраған ит-құстың маңыраған малға зәбірі тимей тұрмайтыны бағзыдан келе жатқан жағдай ғой. Ит-құстың зардабы ие бермей, мазасыздансаңыз, жоғарыда айтып өткендей, барлық аудан, қала әкімдіктеріне жолығып, мемлекет берген рұқсатты ретімен пайдаланған дұрыс.
Ержан ҚОЖАСОВ.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |