« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Қала тұрғындары тарапынан талай рет көтерілген мәселе тұрғысында бір топ журналистер баспасөз турына шықты. Мақсат – мәселенің анық-қанығына көз жеткізу. «Арай» шағын ауданындағы №13, 20, 31 бағыттағы автобустардың соңғы аялдамасына кідірдік. Мәселен, №13 бағыттың соңғы аялдамасындағы жағдай сын көтермейді. Жүргізушілерге жағдай жасау тұрмақ, көлік тұратын орын да жоқ. Қара жердің үстінде, жолдың жиегінде қаз-қатар тізіліп тұрған автобустар.
– Негізі соңғы аялдамада демалыс орнын, талапқа сай әжетхана, қол жуатын, көлік жуатын орын салғымыз-ақ келеді. Бірақ, біздің бюджет мұны көтере алмайды, – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов.
Қолдың қысқалығы балақтан тартады деген басшы орынбасары №20, 31 бағыттың соңғы аялдамасында да біршама мәселенің себебін түсіндірді. №31 бағыттағы автобустар таздың төбе шашындай екенін айтпай-ақ түсіндік. Мұнда екі автобус қана тұр. Бір күнде 16 автобустың 6-нан ақау шығып, жұмысқа шықпай қалыпты.
– Бізде жыл сайын қоғамдық көліктің азаюының бірнеше себебі бар. Көліктер көнерген, өткен жылдары көпшілігін утилизацияға өткізіп жіберді. Қыстың көзі қырауда жалаң қолмен суық темірді ұстаудың өзі мұң. Сондықтан әбігерге түспей, көліктерін сатты. Екіншіден, Түркістан облыс орталығына айналғанда қоғамдық көлікке автобустар қажет болды. Жақын-жуық облыстардан сатып алғанда біздегі жеке автобустар сол жаққа өтіп кетті. Үшіншіден, қазір жолаушылар тасымалында табыс аз. Сол себепті кәсіпкерлердің бұл салаға қызығушылығы төмен, – деді директордың орынбасары.
Бір қуантарлығы, өңірде жаңа автобустар қатары артатын көрінеді. Тиісті орындардың айтуынша, биыл 13 жаңа автобусқа тапсырыс берілген. Бюджеттен үнемделген қаражатқа алдырылмақ. Ал бұған дейін әкелінген, қазір рейсте жүрген автобустардың ішінде жөндеуде тұрғандары бар. Өйткені, қалаішілік бағытта жүру көліктің тозуын жеделдетеді.
– Әр көлік бір күнде 300-350 шақырым жол жүреді. Оның үстіне, ұзыннан-ұзақ бір жол емес, тоқтауы көп. Сол себепті, бір жылда оның ақауы көбейеді. Аралық интервалдарын жақындатқанмен, көлік санының аздығына орай ол да көмектеспейді. Сайып келгенде, жетіспеушілік амал жоқтыққа әкеп отыр, – дейді Қанат Рахметов.
Жолаушылар тасымалы саласында мәселе жетерлік. Қала ішіндегі аялдамаларда тоқтаған автобустың жарты бөлігі бағдаршамда қалып қойғанын талай көргенбіз. Аялдамада тоқтаған автобус кейінгі көлікке кедергі келтірмейтіндей жағдай жасауға болады. Қанат Рахметұлы мұны да назарда екенін жеткізді.
Сонымен қатар, «Оңай» төлем жүйесі наурыз айында толық іске қосылмақ. Алақандай қондырғы автобустың есігіне бекітіледі деп отыр басшылық. Жолаушы жолақысын көлікке төлеп кіреді.
Жеке автобус жүргізушілері «Оңай» төлем жүйесіне наразы секілді. Мәселен, бір жүргізуші күніге 7 мың теңгенің дизель отынын жағады. Кондуктордың еңбекақысы – 3 мың теңге. Ал қосалқы шығындарды орта есеппен 3 мың теңге деп есептеңіз. Жеке жүргізушілер егер «Оңай»-ға көшсек, қаржыны тек айына бір мәрте аламыз деп отыр. Олардың күнделікті шығыны шаш етектен көрінеді.
Бейтаныс жүргізуші бұл ретте өзінің қоғамдық көлік мәселесін қалай реттеу керегі жайлы пікірін де білдірді. «Бұрын №20 бағыттағы қоғамдық көлік өте жақсы жұмыс істейтін. Ал қазір ел оған қолын бір сілтейтін болды. Неге? Өйткені, оларды үлкен автобуспен толтырып қойдық. Автобус толып болмайды, шығыны ақталу үшін арадағы интервалды да сақтамайды. Сосын жай жүреді. Ал кіші сыйымдылықтағы автобустар тез толады әрі жылдам жүреді. Біз осылайша бірнеше бағыттағы қоғамдық көлікті құртып алдық. Үлкен автобус бар жерде кіші сыйымдылықтағылар үшін нан жоқ» деді ол.
Біле білсеңіз, №9 бағыттағы қоғамдық көліктің бар-жоғы екеу ғана. Бұл мәселенің көтерілгеніне де көп болды. Екі «Газель» кімге қызмет етеді? Олардан халықтың көңілі әлдеқашан қалған. Бірер минут күтеді де, жолай басқа бағытқа мініп кете барады. Ал сәттілік серігі болғандар тап келген екі көліктің біріне мінеді. Мекеме басшылары бұл бағытты әлеуметтік маңызы бар деп тануға ұсыныс білдіргенін жеткізді. Бірақ ол ұсыныстың қашан қабылданатыны белгісіз.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |