Кеңесті жерде кемдік жоқ, тату елде табыс көп

 Облыс әкімі Қ.Д.Ысқақовтың есепті кездесудегі баяндамасы


Кеше Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрда облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың халық алдындағы алғашқы есепті кездесуі өтті. Кездесуде аймақ басшысы облыстың 2019 жылғы әлеу­меттік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттерді баяндады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, жергілікті атқарушы органдар, мәслихат депутаттары, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдар, еңбек ұжымдары мен БАҚ өкілдері, тұрғындар қатысқан кездесуде облыстың жетістіктері жан-жақты сараланды. өткен жылы жұртшылықтан түскен ұсы­ныс-пікірлердің орындалуы бейне­көрсетілім арқылы жет­кізілді.

Облыс әкімінің есепті кез­десудегі баяндамасы толық нұсқада ұсынылып отыр.

Құрметті жерлестер!

Бүгін облыс әкімі ретінде Сіздердің алдарыңызда алғаш рет есеп бергелі отырмын.

Өткен жыл еліміз үшін толағай табыстарға, тарихи оқиғаларға толы болғанын жақсы білесіздер.

Тәуелсіз еліміздің негізін қалау­шы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баев өз өкілеттігін тоқтатты.

Маусым айында өткен бәсекелі сайлауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жеңіске жетті. 

Еліміздің Президенті өзінің «Сын­дарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында «Қазір бізге Тәуелсіздіктің жетістіктерін еселеп, елімізді даму­дың жаңа сапалы кезеңіне шығару мүмкіндігі беріліп отыр.

Біз оған Елбасы саясатының сабақтастығын сақтап, жүйелі реформалар жүргізу арқылы қол жеткізе аламыз», – деп, мақсатымызды айқындап, міндетімізді белгілеп берді.

Қадірлі қауым!

Мамыр айында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қызылорда облысына жасаған алғашқы жұмыс сапарында Сыр өңірінде атқарылып жатқан істерге өз ризашылығын білдіріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына оң бағасын беріп кеткені белгілі.

Өздеріңіз білетіндей, жыл басында өткен жылдың  қорытындысын шы­ғарып, алда атқарылар жұмыс­тардың жоспарымен таныстырып, есеп беру әкімдердің міндетіне айналды.

Тірліктің күші бірлікте екенін тағы бір дәлелдеп, 2019 жылды табысты аяқтадық.

Атқарылған жұмыстардың егжей-тегжейлі көрсеткіштері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Алдымен, кейбір көрсеткіштерге қысқаша тоқталайын, өйткені, жыл ішінде атқарған жұмыстардың нәти­желерін  сандар бойынша бағалаған дұрыс болар.

Жыл қорытындысымен, жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қызылорда облысы үздік 8 облыстың қатарына кірді. Бұл жөнінде биыл 24 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің Премьер-Министрі Асқар Ұзақбайұлы Мамин  атап өтті.

2019 жылы облыс экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынды. Бұл 2018 жылға қарағанда 17,4 пайызға артық. Инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша жоғары өсу динамикасы бар үздік 4 өңірдің ішіндеміз.

Бұл – біз бен сіздің бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Өсім мемлекет бюджеті қаражатының есебінен емес, кәсіпорындардың өз қаражатының негізгі капиталына салымдардың өсуі есебінен (26%-ға) қамтамасыз етілді.

Бүгінде барлық инвестициялардың 80 пайызы солардың үлесінде.

Инвестициялардың өсуімен облыстағы құрылыс жұмыстары 54 пайызға (146 млрд теңге), тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 8,8 пайызға артты.

2019 жылы өңірде 760 мың шаршы метр тұрғын үй көлемі пайдалануға берілді.

Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндіру көлемі 1,3 пайызға, ауыл шаруа­шылығында – 4,3 пайызға, жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 9,3 пайызға (46297 бірлік) өсті.

Бағаның біршама өсуіне (105,4%) қарамастан, бөлшек тауар айналымы оң динамиканы көрсетті (101,5%). Бұл халықтың сатып алу қабілетінің артқанын білдіреді. Жалақы  мен (108,4%, 147496 теңге), халықтың нақ­­ты ақшалай кірісі индексінің де (105,9%, 77878 теңге) өскені бай­қа­лады.

2019 жылы электрмен жабдықтау қызметтеріне тарифтерді (0,3 пайызға, 15,49 теңгеден 15,44 теңгеге дейін) төмендетуге қол жеткіздік, жылумен жабдықтау қызметтеріне тарифтер 1,2 пайызға (35,16 теңгеге, 2834,82 теңгеден 2799,66 теңгеге дейін), сумен жабдықтау тарифтері 12 пайыздан астам (5,85 теңгеге, 47,31 теңгеден 41,46 теңгеге дейін) және су тарту қызметтеріне тарифтер 13,5 пайызға (5,85 теңгеге, 47,31 теңгеден 41,46 теңгеге дейін) төмендеді.

Өкінішке қарай, 2012 жылдан бас­тап мұнай өндірудің төмендеу үдерісі сақталып отыр, бұл өнеркәсіп өнімін өндіру көрсеткішіне ғана емес (2018 жыл­дың деңгейіне 89,3%), барлық сала­ларға, әсіресе, мұнайшылардың тап­­сырыстарын орындайтын мұнай сервистік кәсіпорындардың қызметіне тікелей немесе жанама түрде әсер етуде.

Тек соңғы жылы ғана мұнай өндіру 830 мың тоннаға (13 пайызға), ал, соңғы 7 жылда 5 млн тоннадан астамға, яғни, 2 есеге азайды.

Өйткені, жұмыс істеп тұрған кен орындары сарқылуда.

Бұндағы мәселе, екі есе қысқарған бюджеттің едәуір шығындары (2013 жылмен салыстырғанда Ұлттық қорға түсетін салық көлемі 2019 жылы 322 млрд теңгеге төмендеген (45%) ғана емес, ең бастысы – жаппай қысқарту қаупі.

Тек мұнай-газ саласында ғана шамамен 15 мың адам жұмыс істейді. Бұл бізді өте алаңдатады.

Сондықтан, жаңа мұнай кен орындарын игеру, осы салаға жаңа технологияларды енгізу, газ өндіру мен өңдеу – біз үшін өте өзекті мәселе. Қазіргі таңда, оларды шешуге жұмыс жүргізудеміз. Оның үстіне, мұнай-газ саласын дамытуға, бізде болжам бо­йынша жерасты байлығының резерві бар.

Бірақ, ол кемінде 5 мың метр терең­дікте орналасқан. Өздеріңіз білетіндей,  қазіргі мұнай операторлары негізінен 2 мың метрге дейінгі тереңдікте жұмыс істеуде.

2019 жылдың ақпанында Тұң­ғыш Президентіміз - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төр­аға­лығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қызылорда облысын дамыту мәселелері қаралған кезде, осы саланы дамыту,     жаңа кен орындарын барлау, газ өндіру және өңдеу мәселелерін үлкен блок  етіп көтердік.

Қызылорда облысының кешенді дамуына қатысты осы және бірқатар мәселелер Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған об­лыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы­­ның кешенді  жоспарына  енгізілді. 2020 жылы Шу-Сары­­су шө­гінді бассейнінде мұнай-газ перс­пективалы құрылымдарын анық­тау мақсатында жер  қойнауын  зерттеу жұмыстарын  жүргізуді  бастаймыз.

Біз үшін бұл – мұнай-газ саласын дамыту мәселесіндегі елеулі өз­герістер.   

Өте қымбатқа түсетін жұмысты бастау үшін биыл республикалық бюджеттен 600 млн теңге қарастырылып отыр.

Бұдан басқа, Жоспарда аз зерттелген «Оңтүстік Торғай және Сырдария» шөгінді бассейндерін барлау көзделген. Осы шөгінді бассейндер бойынша жұмыстарды бастау үшін республикалық бюджеттен тағы 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінуіне жұмыс жасаймыз.

Сондай-ақ,  биыл тау-кен сала­сын дамыту мақсатында «Талап» қорғасын-мырыш кен ор­нын және «Ақеспе» титан-цир­коний кен орнын барлауды бастаймыз.

Сонымен бірге, шикізаттық емес секторды дамытуға, әсіре­се, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға баса назар аударамыз.

Мәселен, 2015 жылдан бастап ин­дустриялық-инно­вациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2-ке­зеңінің басталған уақытымен салыс­тырсақ, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2,8 пайызға жуық, жалпы қосылған құн – 17 пайыздан астам, ал, шикізаттық емес экспорт кө­лемі 19 пайызға  өсті (күріш, тұз, балық, аммоний метаванадаты және т.б.).

2018 жылдың желтоқсанында пайда­лануға берілген тампонажды цемент өндіру зауыты 6 цемент түрін өн­діреді және көршілес өңірлерге ғана емес, 2019 жылдың шілдесінен бас­тап экспортқа (Өзбекстанға – 40 мың тонна) да шығаруда. Ал, қара тақта­тастарды автоклавты қайта өң­деу бойынша жоба іске асырылып жатқан «Баласауысқандық» ванадийлі кен орнынан жыл сайын Ресей мен Ұлы­британияға 200 тоннадан астам аммоний метаванадаты экспортталуда.

2020 жылы жалпы құны 408 млрд теңгеден асатын тағы 10 ірі жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Оның ішінде шыны зауы­ты бар. Әрине, бұл күрделі жо­баның өзіндік қиын­шылықтары жеткілікті.    

Бірнеше рет құрылтайшылар ара­сын­дағы келіспеушілікке және мер­дігер­лердің өзгеруіне байланысты іске асыру мерзімі кейінге шегеріліп келеді. 

Анықтама: «қуаты жылына 197,1 мың тонна болатын табақты шыныны өңдеу және өндіру бойынша зауыт құрылысы» жобасы, құны 42 млрд теңге, 226 жұмыс орны. Тапсырыс беруші – «Орда Гласс ЛТД» ЖШС.

Бүгінгі  жиынға «Орда Гласс ЛТД» серіктестігінің директоры Ержан Юбилерұлы Сағымбаевты арнайы шақырған  болатынбыз.

Ержан Сағымбаев, «Орда Гласс ЛТД» серіктестігінің директоры:

– Бүгінгі күні құрылыспен  қатар қондырғыларды монтаждау жұмыстары толық­қанды жүргізілуде. Қазір Қытайдағы коронавирус салдарынан екі ел шекарасында орын алған жағдайларға байланысты бірқатар қиындық туындады. Шыны зауытында монтаждау шараларын жүзеге асыратын Қытай мердігерлерінің қолында рұқсат визасы болса да, елімізге кіре алмай отыр. Туындаған мәселелерді шешуге  ҚР Сыртқы істер министрлігі тиісті жұмыстар жүргізуде. Бұл түйткіл уақытында шешімін тапса, зауытты шілде айында іске қосу жоспарлануда. Әйтпесе, уақыты созылуы мүмкін. Бұл жобаның Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызы зор. Сондықтан оны дер кезінде іске қосуға барлық күш-жігерімізді жұм­саймыз.

2020 жылы кварц құмын ба­йыту бойынша тау-кен байыту комбинатының бірінші желісі пайдалануға беріледі (Арал ауданы, сағатына 5 тонна, 750 млн теңге). Бұдан басқа, жоғары қысымды шыныпластик желілік және сорғы-компрессорлық құ­быр­ларды шығару  жобасы іске асады (Қызылорда қаласы, 1,8 млрд теңге).

2019 жылы «Арал тұз» акционерлік қоғамы тұз өндіру көлемін 25 пайызға ұлғайтты – жылына 400-ден 500 мың тоннаға дейін, ал, биыл тағы 10 пайызға арттыруды және 2022 жылға қарай өндіру көлемін 700 мың тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қуаттылығы 120 мың тонна бола­тын ас тұзын өндіретін үшін­ші испандық цехтың құ­рылысына  кірісуде.

Кальцийлендірілген сода өн­діретін алғашқы зауыт құры­­лы­сының жобасын ми­нистрліктермен келісудің соңғы  кезеңі  жүріп  жатыр.

(«Баласауысқандық» ванадий кен орнында (Шиелі ауданы) қара тақтатастарды автоклавты қайта өңдеу жобасы, «Шалқия» кен орнында (Жаңақорған ауданы) тау-кен байыту комбинатын салу және басқа да бірқатар перспективалы жобалар бойынша жұмыс жалғасуда).

Осылайша, өңдеу өнер­кәсібін дамыта отырып, бола­шақта өңірдің мұнайға тәуел­ділігін төмендетеміз. Алайда, бұл бір жылдың жұмысы емес.

Экспортқа бағытталған өнім өндірісі агроөнеркәсіп секторындағы маңызды бағыт­тардың бірі болып табылады.

2017 жылы облыстың ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарына кешенді мар­ке­тингтік зерттеулер жүр­гізілген болатын. Соның негізінде облыстың агро­өнеркәсіптік кеше­нінің «Агрокартасын» іске асырудамыз. Оның мақсаты экспорттың өсуін және өз азық-түлік қауіпсіздігімізді қам­тамасыз ету.

Бүгінгі күні жиырма шақты елге экспортталатын агро­өнер­кәсіптік кешен өнім­дерінің тіз­бесі 3-тен 19 түрге дейін артты.

Нәтижесінде, 2019 жылы экспорт көлемі 7 пайызға өсті, экспорттың 90 – пайызы қайта өңделген өнім. 

Ауыл шаруашылығы өнім­дерін қалдықсыз өңдеуге жаңа технологиялар тартылуда.

Мысалы, 2019 жылдың қазанында, толығымен автомат­тандырылған, әлем­­дегі өңдеу технологиясы жа­ғы­нан озық, заманауи күріш өңдеу зауыты (шамамен 500 млн теңге) пайдалануға берілді.

Сандық технологиялар кә­сіп­орынға өнімділікті арттыру­ға және қалдықсыз өндірісті жолға қоюға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда күріш өндіру­шілер толықтай жоғары өнім­­ді күріш тұқымын (3 ре­­продукцияға дейін) пайдалануда. Нәтижесінде, былтыр диқандарымыз әр гектардан орта есеппен 60,3 центнерден өнім алған.

Өкінішке қарай, жыл сайын күріштің жоғары өнімін қам­тамасыз етіп отыр­ғанымызбен, бізде ет өнімі мардымсыз.

Қысқы және көктемгі кезең­де көкөніс, жеміс бойынша қа­жеттілікті жаппаймыз. Сон­дық­тан, өнімнің бір бөлігі көрші өңір­лерден әкелінеді, ал, бұл ба­ғаның тұрақсыздығына әкеліп соғады.

Көкөністер мен жемістердің қорын жинақтауға болатын қоймалар, жаңа үлгідегі жылыжай, ет комбинаты, бордақылау алаңдары, сүт-тауар фермалары жеткіліксіз.

Дегенмен, тауарлардың әлеу­меттік маңызы бар түрлеріне   тұрақтандыру қорының серіктес сауда желілері арқылы бағаны тұрақты ұстап тұруға қол жеткізіп отырмыз.

Өткен жылдың қорытын­ды­сымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі республика бойынша біздің облыста ең төменгі өсімді (9,1%) көрсетті.

Осы жылдың көктемінде Маханбетов аулындағы 2 гектарды құрайтын және испандық технология негізінде жұмыс жасайтын автоматтандырылған жылыжай кешенінде өсірілген көкөністердің алғашқы өнімін жинайтын боламыз   (жобаның құны – 1 млрд теңге).

2020 жылы Талсуаттағы ет ком­­бинатының құрылысы аяқталады.

Кәсіпорынның іске қосылуы ішкі нарықты етпен қамтамасыз етіп қана қоймай, сыртқы нарықта табыс табуға мүмкіндік береді. Бұл өңірдегі экспортқа бағытталған қуаттылығы жылына 5 мың тонна етті терең өңдеу бойынша ірі кәсіпорындардың бірі болмақ.

Өткен жылы Жаңақорған ауданында     1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы ашылды, ал, биыл, Шиелі ауданы мен Қызылорда қаласында 1300 басқа арналған тағы 2 мал бордақылау  алаңын іске қосатын боламыз.

(Бүгінде, айтқандай, мал басының барлық түрлері бойынша өсім ең табысты 1990 жылғы көрсеткіштен де асып түседі (мүйізді ірі қара: 1990 ж. – 220,8 мың бас, 2019 ж. – 332,4 мың бас; жылқы: 1990 ж. – 71,9 мың бас, 2019 ж. – 148,3 мың бас; түйе: 1990 ж. – 26,3 мың бас, 2019 ж. – 47,9 мың бас).

Биыл Қазалы ауданындағы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын кеңейту жобасы аяқталады («РЗА» АҚ, 450 млн теңге), Қармақшы ауданындағы 1500 тонна құс етін (1,9 млрд  теңге) өндіретін құс фабрикасын, Шиелі ауданындағы 1200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын («Сыр агро и К» ЖШС) салуды жалғастырамыз.

Бізде бақша шаруашылығын, атап айтқанда, алма бақтары мен жүзімдіктерді дамыту бойынша да жақсы мүмкіндіктер бар. Бұрынғы жылдары Жаңақорған, Шиелі аудандары өздерінің бау-бақтарымен танымал болатын.

Сондықтан, біз осы бағытты қайта қолға алуымыз қажет. Бұл, өз кезегінде, табысты бизнесті дамытуға да мүмкіндік береді. Ал, оған мемлекеттік қолдаулар қарастырылып отыр.

2019 жылы әкімдерге тапсырма беріліп, өткен жылы 80 гектар жерге жеміс ағашы егілген болатын. Алайда, бұл – жеткіліксіз.

Әр аудан және Қызылорда қаласы жыл сайын кемінде 10 гектар жеміс ағаштарын отырғызуы тиіс деп санаймын.

Суармалы егіншілікті дамыту және өңірдің ауыл шаруа­шылығы тауар өн­дірушілерін аяқ сумен тұрақты қамтамасыз ету үшін суға деген тәуелділікті азайтуымыз қажет.

Шиелі, Қармақшы, Жаңа­қорған, Қазалы аудандары, өздеріңіз білесіздер, вегетация­лық кезеңде суармалы судың жетіс­пеушілігінен зардап шегіп, бұл, өз кезегінде, ауыл шаруа­шылығының дамуын тежеп отыр. Бұл жылда қайталанатын мәселе. Сон­дықтан, Үкімет алдында «Қараөзек» (қойманың су жинау көлемі – 1,5 млрд м3, құрылыс жұмыстарының алдын ала есебі – 1,9 млрд теңге) және «Күміскеткен» (қойманың су жинау көлемі – 600 млн м3, құрылыс жұмыстарының алдын ала есебі – 1,9 млрд теңге) су қоймаларын салуды көтеріп отырмыз.

Бұл су қоймалары жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз тасталып жатқан 2 млрд текше метрден астам суды жинап, сақтауға мүмкіндік береді.

Осы орайда, «Әйтек» су торабын жөндеу мәселесі де өзекті болып тұр.

Өткен жылы су торабының бөгетін су шайып, оның то­лық­тай бұзылуына қауіп төнді. Егер, төтенше жағдай орын алғанда, Сырдария және Жалағаш аудандарының аумағындағы 16 мың гектар жерді сусыз қалдыру қатері туған болатын.

Жағалауын бекіту бойынша шұғыл жұмыстар жасалды. Алайда, бұл уақытша шаралар еді.

Бүгінгі күні түпкілікті жөн­деу және қалпына келтіру жұ­мыстарының жобалық-сме­та­­лық құжаттамасына Су ре­сурс­тары комитетінен  48 млн  теңге қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстарын жеделдету шаралары қабылдануда.     

«Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңі­зінің солтүстік бөлігін сақ­тау» жобасының екінші ке­зеңінің үш компоненті:  Қы­зыл­орда су торабын қайта жаңғырту,  Қармақшы, Қазалы аудандарындағы қорғаныс бөгеттерін нығайту, Жалағаш ауданында Тұрымбет және Қорғанша учаскелерінде Сырдария өзенінің арнасын түзетуді ағымдағы жылы іске асыру жұмыстары басталатын болады.

Ендігі бір жағымды жаңа­лығымыз, көптен бері халықтың көкейінде жүрген облыс орталығы шегінде Сырдария өзенінің арнасын тазалауды қаржыландыру мәселесін шешуге қол жеткіздік.

Құны 5 млрд теңге болатын жоба іске асқанда, өзен ар­насының 9 шақырымындай табаны 7 метрге жуық тазаланады.

Енді, балық шаруашылығына қатысты айтар болсақ. Жалпы, бұл сала біздің облыста ай­тар­лықтай жақсы дамып келеді. Соңғы 5 жылда балық өнімдерінің экспорты 2,5 есеге дейін артса, ал, экспортқа шығаратын елдердің тізімі тек соңғы жылда 8-ден 11-ге дейін көбейді.

Бірақ, бүгінде біз балық ресурс­тарына тұтынушылық тұр­­ғыдан ғана қарап келе жат­қа­нымызды мойындауымыз қа­жет. Яғни, оны өнеркәсіптік дең­гейде аулап, табиғатқа келе­тін залалын өтемей отырмыз.

Балық питомниктерін, тоған шаруашылықтарын дамытуға күш салуға тиіспіз. Бұл – индустриалды балық өсірудің маңызды бағыттарының бірі болып саналады.

Аталған саланы дамыту үшін біздің жақсы мүмкіндіктеріміз бар, алайда, өкінішке қарай, бұл бағытта бизнесін ашуға кәсіпкерлеріміз әзірге ынта білдірмей отыр.

Ал, бұл – табыс табудың жақсы мүмкіндігі.

Жалпы, шағын және орта бизнесті дамыту бойынша  жыл­дың қорытындысымен жақ­­сы көрсеткіштерге қол жет­кіздік. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны, кәсіпкерлікпен айналысатын халықтың саны артып, шағын және орта бизнестен түсетін салық көлемі де былтырдың өзінде 11 пайызға өсіп отыр (2018 жыл – 66,7 млрд теңге, 2019 жыл – 73,8 млрд. теңге).

Алайда,  бұны тереңірек сараптайтын болсақ, жұмыс істеп тұрған 46 мың кәсіпкерлік субъектісінің 22 пайызы ғана жылына 2 млн теңгеден артық табыс түсіруде.

Президенттің тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнестің өңірдегі өндірілген өнімдегі үлесін 2025 жылға 35 пайызға жеткізуіміз тиіс. Ал, бізде,  өткен жылдың                            9 айы бойынша 16,5 пайыз ғана.

Өңірде  жалпы көлемі – 910 гектарды құрайтын 6 индустриалдық аймақ жұмыс жасауда. оның ішінде 54 жоба (193,7 млрд теңге) орналасып, 237,5 гектар жер телімі ғана игеріліп тұр. 636 гектар учаскесі бос. Сондықтан, біз осы индустриалдық аймақтардың мүмкіндігін барынша пайдалануымыз қажет.

Демек, біз «Еңбек» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларының мүм­кіндіктерін барынша тиімді пайдалануға тиіспіз. Кезінде кәсібін бастауға  қаржы алған кәсіпкерлер енді бүгін оны әрі қарай дамытуға несие алып, бизнестерін кеңейтуге, тиісінше, жоғары және тұрақты табыс түсіруге көшулері керек.

Әр бизнесмен кәсібіне салған қаражатын барынша тез өндіруге тырысатыны түсінікті. Сол себепті, өңірімізде бірінші кезекте сервистік қызметтерге негізделген бизнес  басымдыққа ие болып тұр.

Енді халық тұтынатын қарапайым тауарлар  шығаруға  бағытталуымыз қажет.

Бұрын біздегі тігін фабри­касы, аяқ киім фабрикасы қандай сапалы өнім шығарғаны естеріңізде болар. Табиғи тері­ден жасалған балалар аяқ киімі тіпті алыс шетелдерге де экс­портқа шығарылған болатын!

Неге, біз төсек-орын жаб­ды­ғын өзімізде шығаруға мүмкіндік бола тұра бүгінде  шетелден әкелеміз?!

Бізде қаражат та, шикізат та, жұмыс күші де бар.

«Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың», – дегендей, жерлесіміз Абизов Ділмұхаммед «Далатекс» тігін фабрикасын ашып, 40 адамды жұмыспен қамтып, 7000-нан 9000-ға дейін көйлек шығарып, ішкі нарықпен қатар, Ресей Федерациясының (Екатеринбург, Санк-Петербург) қалаларына экспорттауда.

Құрметті жерлестер!

Өңірімізде мұнай өндіру төмендеп кеткенімен, біз қазіргі таңда жаппай қысқартуларды болдырмай, жұмыссыздықты    республикалық деңгейде ұстап тұрмыз.

Еңбекке жарамды халықтың барлығы жұмыспен қамтылып, олардың өзін-өзі және отбасын қамтамасыз ете алатындай болуына барынша күш салудамыз.

Ал, белгілі бір себеппен еңбекке жарамсыз және мұқтаж азаматтар үшін (мүгедектікке, бала күтіміне, науқастар және мүгедектер күтіміне байла­нысты, көпбалалы аналар және т.б.), әрине, мемлекет ке­пілдендірілген көмек көрсететін болады.

Мұны мен неге айтып отырмын? Себебі, былтыр және тіпті биылдың өзінде аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы аналар тарапынан көптеген сұрақтар туындағаны жасырын емес. Мемлекет оларға жәрдем көрсетіп, аталған отбасылардың табыстарын көбейтуге арнайы шаралар қабылдағаны белгілі.

Біз (және бұл біздің ғана облыста емес) осындай проб­лемаларға, әсіресе, жәр­демақы алу үшін адамдардың өз табыс­тарын жасыру, салықтан жалтару, әдейі ажырасу, мүліктерін туысқандарының атына жазу сияқты фактілері орын алған кезге тап болдық. Жұмыс берушіге қарағанда мемлекет төлейтін атаулы әлеуметтік көмек көбірек болғандықтан, кейбіреулер тіпті әдейі жұмыстан да шығып жатты. Оларға жұмыс істемей-ақ, үйде отырып, мемлекеттен жәрдемақы алу тиімді болды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет адамдардың масылдық көңіл-күйіне тап болды. Ең сорақысы, атаулы әлеуметтік көмек алуға ниет білдіргендердің ішінде тіпті екіқабатты коттеджде тұ­ра­тын тұлғалар да кездесіп жатты.

2020 жылдан бастап атау­лы әлеуметтік көмек алуға әр отбасы мүшесіне күнкөріс минимумының 70 пайыздан аз келетін (күнкөріс минимумы – 28276 теңге, оның 70%-ы – 19793 теңге) отбасылар ғана үміткер  болатындай  шешім қа­былданды. Сондай-ақ, бұл рет­те отбасының еңбекке жарам­ды мүшелері жұмыс істеуі міндетті!   

Биыл кем дегенде 10400 тұрақты жұмыс орынын ашуды көздеп отырмыз. Бос орындарға, мемлекеттен жеңіл­дік берілетін жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру, жеңілдетілген шағын несиелер, қайтарымсыз гранттар беру, жаңа мамандықтарға оқыту ұсынылатын болады.

Алайда, егер отбасының еңбекке жарамды мүшесі жұмыспен қамтудың ұсынылған шараларынан бас тартатын болса, онда атаулы әлеуметтік көмекті оған ғана емес, тұтас отбасына да төлеу тоқтатылатын болады. Бұл – елімізде бар­лығына бірдей ортақ ереже!

Халықтың табысы мен өмір сүру сапасын арттыру – мемлекет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысының басты критерийі. 

Бүгінде облыс халқының 97 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Ал, бұл халықтың тек өмір сапасының ғана емес, оның денсаулығының да жақсаруына әсер ететінін білеміз. Сондық­тан, 2023 жылға қарай  бұл  көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді  көздеп  отырмыз.

Атап айтқанда, қазіргі таңда Үкіметке биыл Арал ауданының Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендерін «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына қосу, Шиелі ауданында «Тақыркөл» бас тоғанынан №3 сорғы станциясына дейінгі магистральдік суағардың екінші желісін салу жобаларын іске асыруды бастау қажеттігін ұсынып отырмыз. Бұл жобалар Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамыту  кешенді жоспарының  2021 жылғы  іс-шараларына  енгізілген.

Аталған жобалар іске асырылғанда 38 мыңнан астам ауыл  тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеміз.

Елді мекендерді газдан­дыруға қатысты. Қазіргі таңда облыс халқының 63 пайызы табиғи газды тұтыну мүм­кін­дігіне ие болып отыр. Өздеріңіз білетіндей, алдыңғы жылдары Қызылорда қаласы мен 4 аудан орталығын газға қостық.

2019 жылы Байқоңыр қала­сын газға қосуды аяқтап, қал­ған 3 аудан орталығы – Жосалы, Тереңөзек және Жа­лағашта кентішілік газ желілері құрылысын жүргізуге кірістік. Ағымдағы жылы осы аудан орта­лықтары мен Арал ауданы Жақсықылыш кентінің тұр­ғындары газ тұтыну мүмкіндігіне ие болады.

Сонымен қатар, орталық мемлекеттік органдармен бір­лесіп, 2020 жылы тұрғындар саны 24 мыңдай адамды құ­райтын Қазалы ауданының Қа­залы қаласы мен Мұратбаев елді мекенін және Шиелі ауда­нының Байсын, Қодаманов, Бидайкөл, Бекежанов, Алғабас елді мекендерін газдандыру жо­ба­­­ларын іске асыруды бастау мә­се­лелерін пысықтап жатырмыз.

Келесі кезеңде тіректі елді мекендер мен серіктес елді мекендер газдандырылады.  Бұл ретте, бірінші кезекте аудан орталықтары мен Қызылорда қаласына жақынырақ елді мекендері, атап айтқанда, 2021 жылы Төретам және Ақай, 2021-2022 жылдары Сексеуіл, Наурыз және Махамбетов елді мекендері газға қосылатын болады.

Жалпы, 2020 жылдың соңы­на қарай біз халықты газбен қамтамасыз ету деңгейін 70 па­йызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық саласы шығыны өте көп сала екенін жақсы біле­сіздер. Бұл саланың бар мәселесін бір мезгілде шешуге қаражат ешқашан жетпейді. Дегенмен, олар шешілуі тиіс! Сондықтан, біз оларды  ретімен жүзеге асыратын боламыз.

Бүгінгі күні  бізде тұрғын үй кезегінде 30 мыңнан астам (оның 25395-і Қызылорда қала­сы бойынша) азамат тір­келген. Тұрғын үйге кезектің қатары жоғары болып тұр. Сондықтан, осы мәселені шешу барысында қарқынды жұмысты жалғастыруға тиістіміз.

Сонымен бірге, жер кезе­гінде тұрғандардың саны  96 882-ні құрап отыр, оның басым көпшілігі Қызылорда қаласының үлесінде – 59 787 (62%). Соған қарамастан, бізде тұрғын үй салуға берілген жер телімдері уақытылы игеріліп жатқан жоқ.

Мысалы, Қызылорда қала­сын­да «Бәйтерек» тұрғын ауданынан тұрғын үй құрылысы үшін 5112 жер учаскесі ұсынылса, үш жылда небәрі оның 1 мыңға жуығы ғана үйлерін аяқтап, кіру актісін алды. Ал, 2600 жер учаскесі мүлдем игерілмей тұр. Сондықтан, қолданыстағы заңға сәйкес бұндай жер учаскелеріне қатысты шаралар қабылданады.

Алдымызда тұрған келесі міндет – барлық өмір-тіршілік инфрақұрылымдарын онлайн-сервиспен қамтамасыз ету.

Экономиканың әртүрлі салаларына жоғары технологияларды жеделдетіп ендіру үшін цифрландыру бойынша 47 жоба жүзеге асырылып, тағы 11 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Мысалы, біз елімізде бірінші болып «Бірыңғай кезекшілік диспетчер қызметі» жобасын іске қостық. Енді барлық жедел қызметтер (101, 102, 103, 112) бірыңғай «112» нөмірімен жұмыс істейтін болады.

Сонымен бірге, шұғыл емес сипаттағы қаланың тір­шілік ету тұстары бойынша тұр­ғындардың өтінімдерін өңдейтін «109 – бірыңғай контакт-орта­лығы» іске қосылды.

Бұл – абаттандыру, электр, су, жылумен қамтамасыз ету, ашық жатқан люктер мәселесі, қоғамдық көлік және тағы басқа көптеген мәселелерді қамтитын қызмет.

Бұрын қала тұрғындары осы мәселелерді шешу үшін 80-нен аса телефон нөмірлерін білуі керек еді. Ал, енді өтінімдер автоматты түрде тиісті мекемелерге жолданады.

Бейнекамералармен, GPS-құ­рыл­ғыларымен қамтылған қа­ла­лық автобустарға электрон­дық билеттеу жүйесін сынақтық режимде қостық. Бұл жоба, қалада ашылған автобус пар­кінің тиімділігін арттыруға мүм­кіндік береді деген сенімдемін. Сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен де қосымша автобус­тар сатып алатын  боламыз (биылға 13 автобус сатып алуға 487 млн теңге қаралған).

Қызылорда қаласының жол­дарына 20 зияткерлік жыл­дам­­дық өлшеуіштер орнату ағым­дағы жылдың жоспарында бар. Салыстыру үшін – бүгінгі таңда әзірге тек қана 6 жылдамдық өлшеуіш жұмыс істеп тұр.

Бұрынғы жылдары, ес­теріңізде болар, жолдар мен көпқабатты үйлер аулаларында 270 бірлік шамасында  бейнекамера орнатқанбыз. Және мұның оң нәтижесін де көрдік. Қылмыскерлік деңгейінің көр­сет­кіші тек соңғы жылда 19,5 пайыз төмендеді. Алайда, жол-көлік оқиғасының көрсеткіштерінде айтарлықтай 30 пайыздан асатын өсім байқалады. (Бұл ретте, өлімге әкеліп соққан жол-көлік оқиғасы – 38 пайыз, жол-көлік оқиғасы барысында жарақат алғандар – 22,4 пайыз. Бұл –  алаңдатарлық көрсеткіштер).

Біздің міндетіміз – өмір сүру үшін қаламызды тек қолайлы етіп қана қоймай, сонымен қа­тар, қауіпсіз қалаға айналдыру.

Әлеуметтік сала – біз үшін басымды салалардың бірі.

2019 жылы 19 әлеуметтік нысанның құрылысы салынып, олардың 11-і іске қосылды, қал­ғандары – осы жылы   аяқталады. 

Алайда, өмір заңдылығына сәйкес, жаңа апаттық нысандар да пайда болуда.

Анықталған үш апаттық мектептің екеуінде – Жалағаш ауданының Мөрәлі Шәменов атындағы елді мекенінде және   Жаңақорған кентінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Арал қаласындағы №71 апат­­­тық мектептің жобалық-сме­­­та­лық құжаттамалары әзір­ленуде.

Үш ауысымда оқытатын мектептер болмағанымен, үш ауысымға өту қаупі қалыптасқан жеті мектеп бар.

Бұл түсінікті, облысы­мыз­дың дамуы негізінде халық саны артып жатыр, қосымша  мектептер  талап  етілуде.  2019-2020 оқу жылында  екі мыңнан астам бала бірінші сыныпқа артық барды. Бала санының артуы көңілімізге қуаныш ұялатады.

Мектеп салу мәселелерін бюджет арқылы, сондай-ақ, мемлекеттік-жекешелік әріп­тестік бойынша шешудеміз.

2019 жылы жеке инвес­торлар есебінен 1450 орынға арналған 3 мектеп  салынды.

Тағы да үш инвестор жеке мектеп салуды жоспарлауда.

Денсаулық сақтау саласында «2019-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысан­дарының өңірлік перс­пек­тивалық даму жоспары» бекітілді.

Былтыр апаттық жағ­дайдағы денсаулық сақтау ны­­сандарының орнына Шиелі ауданаралық ауруханасы пайдалануға берілді. Жа­ла­ғаш ауданында жаңа аурухана құрылысы жүргізілуде (апаттық жағдайдағы соңғы объект).  

Сонымен бірге, мемле­кеттік-жекешелік әріптестік шеңберінде жеті дәрігерлік амбулатория қолданысқа берілсе, облыстық көпбейінді аурухана мен Қазалы ауданаралық ауруханасына ангиографиялық қондырғы орнатылды.

Облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлініп, меди­ци­налық ұйымдардың ма­териал­дық-техникалық қам­тылуы 85,3 пайызға жеткізілді.

Дәрігер тапшылығын ше­шу мақ­сатында 2019 жылы 95 маман тартылып, қам­ту көр­­сеткіші 82 пайызға жет­ті. Бү­гінгі күні 159 маман жетіспейді.

Сондықтан, маман тапшы­лығын шешу мақ­сатында 20 маманды резидентураға және 30 маманды бакалавриатураға оқыту үшін облыс әкімдігінің гранты бөлініп келеді.

Сырдария өзенінің сол жағалауынан онкологиялық бөлімі бар 500 төсек-орындық көпбейінді облыстық аурухана құрылысы республикалық жобалар тізіміне енгізілді.

Заманауи құралдармен жаб­дықталған аурухананы Үкі­­меттің кепілдігімен Еу- ­р­азия­лық даму банкінің қар­жы­сына салу жоспарлануда.

Сонымен бірге, биыл 8 дәрігерлік амбулатория пайда­лануға берілетін болады.

2019 жылы өңірімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі ке­шенді іс-шаралар жоспары бекітілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының басты мін­деті – қоғамдық сананы өзгерту. Біз бүгінгі қоғамда ұлттық құндылықтарымыз ар­қылы сананы жаңғыртып,  рухты көтеруге көп күш жұмсауымыз керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында, ұлы ойшыл Абайдың «толық адам» формуласын  алға шығаруында үлкен мән жатыр.

Бұл, әрине, көп уақытты, тиянақты еңбек пен тынымсыз  ізденістерді  қажет  ететін күрделі   құбылыс.

Биыл әл Фарабидің 1150, Абай Құнанбайұлының 175, Алтын Орда мемлекетінің 750, Ұлы Жеңістің 75, Қа­зақ­стан Республикасы Конс­ти­ту­циясы мен Қазақстан халқы Ассам­блеясының 25 жыл­дық­тарын атап өтудеміз. Ел тарихында осындай елеулі оқи­ғалар мен ғұлама тұл­ға­ларымыздың еңбектерін, рухани құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіріп, насихаттау мақсатында ау­қым­­ды мәдени-танымдық ша­ра­­лар өтетін болады.

2019 – Жастар жылында, Сыр­дарияның сол жаға­лауынан бизнестің әлеу­меттік жауап­кер­шілігі негізінде об­лыстық «Жастар орталығы» ғимаратын пайдалануға бер­дік. Жыл көле­мінде орталық жұмысын 40 мыңға жуық аймақ жастары пайдаланды.

Биыл – Волонтерлар жылы.

Волонтерлікті түрлі науқан­дық шара деп ұғынатындар кездеседі. Шын мәнінде, волонтерлік деген қазақтың өз дәстүрінде бар қасиет.  Тек осыны  жаңғыртуымыз керек.

Бұл ретте, Сыр өңіріндегі кәсіпкерлердің, белсенді қоғам өкілдерінің, үкіметтік емес ұйымдар мен жастардың бұ­ған дейін де талай тәжірибе жинақтағаны белгілі. Енді атаулы жылы баршамыздың  белсен­ділігіміз артады деп сенемін.

Спорт саласында өткен жылы Ғани Мұратбаев атындағы стадион қайта жаңғыртудан, Жалаңтөс баһадүр атындағы спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледжінің ғимараты күрделі жөндеуден өтті, «Нұрсәт» теннис орталығының төртінші жабық кортының құрылысы жалғасуда.

Мемлекеттік-жекешелік әріп­тес­тік аясында 6 спорт кешені пайдалануға берілді.

Өңір спортшылары 2019 жылы ел чемпионаттарында 1457, Әлем және Азия чемпионаттарында 170 медальға қол жеткізді, 578 спортшы Ұлттық құрама сапына енді.

Өткен жылдың айтарлықтай жаңалығы – «Қайсар» футбол командасы 20 жыл уақыттан кейін екінші рет Қазақстан Кубогын жеңіп алды. Алдағы мақсат – Еуропа лигасында лайықты өнер көрсету (Евролига ойындары туралы ақпарат «Евроспорт»,  «Матч» халықаралық телеарналарынан 200 елге таратылады. «Қайсар» футбол командасына Европа лигасында  әр жеңісі және тең ойыны үшін УЕФА есебінен қомақты қаржы түседі).

Жыл қорытындысымен Қа­зақстан Республикасының Мәде­ниет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті ұйым­­дастырған «Алтын Сам­ғау-2019» Ұлттық конкурсында «Үздік спорттық өңір» номинациясын жеңіп алдық.

Мойындау керек, біз үшін әлеуметтік-маңызды сұрақтарды шешуге мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін пайдаланудың зор пайдасы тиіп отыр.

Соның көмегімен 3-6 жас аралығындағы балалар мектепке дейінгі тәрбиемен және біліммен 100 пайыз қамтылды. Бүгінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде 72 пайыз балабақша жұмыс жасап тұр (573 балабақшаның ішінде 412).

Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша бізде денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, қоғамдық тәр­тіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларда 142 жоба бар. Олардың 56-сы бойынша жобаларды іске асыру шарттарына инвесторлармен қол қойылды.

Бүгінде мемлекеттік-жеке­ше­лік әріптестік жобаларын іріктеу барысында бюджеттен ин­вес­тициялық шығындарды талап етпейтін, мемлекеттік тап­­сырыс немесе нарықта қыз­мет көрсету арқылы жұмыс жа­сай­тын жобаларға басымдық беріледі.

Байқоңыр қаласында тұрып жатқан азаматтарымыздың әлеу­меттік-экономикалық жағ­дайы ерекше назарда.

Соңғы 30 жылда алғаш рет «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2019 жылы 50 пәтерлік 5 үй берілді.

2020 жылы тағы 5 үйдің құрылысын бастағалы отырмыз (ЖСҚ әзірлену кезеңінде).

2019 жылдың қазан айында қаланың барлық көппәтерлі үйлерін (20427 пәтер) табиғи газға көшіру аяқталды, бұл тұрғындар үшін газ төлемін 16 есеге төмендетуге мүмкіндік туғызды.

Алдымыздағы 3 жылда қаланың су, кәріз желілерін жаңғырту және қайта құру бо­йынша жұмыстар жоспарланып, жобалары  дайындалуда.

Жылу тарифтерін төмендету мақсатында Байқоңыр қала­сының жылу-электр станциясын қайта құру мәселесін Ресей тарапымен талқылап жатырмыз.

Қазақстан Республика­сының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың және Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен «Байқоңыр» еркін экономикалық аймағын құру мәселесі пысықталуда.

Еркін экономикалық аймақ Тұжырымдамасының және Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Үкіметтері арасындағы Келісім жобалары Қазақстанның орталық мемлекеттік органдарымен сарапталуда.

Ардақты ағайын!

Өңірдің дамуына жаңа қарқын беретін бірқатар мәсе­лелер Қызылорда облы­сының әлеу­­­меттік-экономикалық дамуы­ның 2019-2022 жылдарға ар­налған Кешенді жоспары шең­берінде шешілетін болады.

2019 жылы Кешенді жос­парға сәйкес  қаржыландыру көлемі 34 млрд теңгені құрайтын (соның ішінде РБ – 13,9 млрд теңге, ЖБ – 14,6 млрд  теңге және басқа көздерден – 5,5 млрд теңге) 60 іс-шараны атқару жоспарланған.

Нәтижесінде, 24 млрд тең­гені құрайтын 51 шараны (оның ішінде 6 шара қар­жыландыруды қажет етпейді) іске асыруға кірістік (РБ – 13,5 млрд теңге, ЖБ – 5,5 млрд теңге, басқа көздер – 5,5 млрд теңге ).

Кешенді жоспардың аясында  2019 жылы 4774 кәсіп­керлік субъектілеріне  мемле­кет­тік қолдау көрсетілді, 4 елді мекенді газдандыру жұ­мыстары, автожолдарды салу және жөндеуге қатысты 18 жобаның жұмыстары басталды, 14 жоба бойынша жобалау құжаттамасы әзірленуде (тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылығы, экология, ден­саулық сақтау, спорт) (ТЭН, ЖСҚ), облыс орталығында қатты-тұрмыстық қалдықтар полигоны іске қосылуда.

2020 жылы Кешенді жоспар бойынша 69 млрд теңге сомасында шараларды іске асыру, соның ішінде республикалық бюджеттен 52 млрд теңге бөліну көзделген (ЖБ – 13,8 млрд теңге, 3,5 млрд теңге – басқа көздерден). 

Нақты айтқанда, республи­калық бюджеттен ағымдағы кезеңге 20 млрд теңге бөлінген. Қазіргі таңда тиісті орталық органдармен бірге биыл қара­жаттың толық көлемде бөліну мәселесін қарап жатырмыз.

Есепті кезеңде атқарылған жұмыстың барлығын берілген уақыт ішінде баяндап беруге мүмкіндік жоқ. 

Өз баяндамамда жұмыстың мейлінше маңызды деген тұстарына ерекше мән беруге тырыстым.

Құрметті жерлестер!

Алдымызға қойған мақсат­тарымыз асқақ, міндеттеріміз айқын екенін білеміз.

Менің облыс әкімі ретіндегі  2020 жылға арналған бірінші кезектегі іс-қимыл жоспарым әзірленуде. Сіздер онымен таныса аласыздар. Санаулы күндерде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

«Бірлігі бекем елдің берекесі де мол болмақ» деген халқымыздың дана сөзіне сүйенсек, жүйелі жұмыс пен нәтижелі еңбек болса, бұл мақсаттарымызға қол жеткізіп, міндеттеріміз береке бастауы болары анық. 

Ол үшін Сіз бен біз туған жердің дамуына, бұдан да көркейіп, көріктенуіне аянбай еңбек етуіміз қажет. Бұл әрбіріміздің отбасымыз үшін, шаңырағымызды шаттыққа бөлеп отырған ұрпағымыздың жарқын болашағы үшін керек.

Осы ретте, біз жастарға үміт артамыз. Өйткені, көз ілеспес даму үстіндегі бүгінгі кезең бізден заманауи білім мен жаңалықты, алға жылжуды талап етеді.

Жастарымыз ата салтымызды қастерлей отырып, әлемнің озық технологияларын меңгерсе – Сыр елінің келешегі де кемел болмақ.

Ал, аға буын мен зиялы қауымға жастардың рухани тәрбиесіне көңіл бөліп, ұлттық, адамгершілік құндылықтарды насихаттауда белсенді болуын тілеймін. 

Біз қазір өзімізден бұрын­ғыдан да артық жауаптылық пен  тиянақтылықты талап етеміз.

Тек ауызбіршілігіміз мықты болып, ынтымағымызды ырысымыз деп білсек қана кез келген сынға, сынаққа төтеп беретінімізге сенімдімін!

Халқымызда мынадай тәмсіл сөз бар: «Бақ, қайда барасың?», дегенде, Бақ: «Ынтымағы жа­рас­қан елге барамын!» деген екен.

Бүгінгі босағамыздың бе­ріктігі, шаңырағымыздың биік­тігі, түтініміздің түзулігі хал­қымыздың басына қонған бақ десек, сол бағымызды қадірлеп, қолда барды бағалай білейік, ардақты ағайын!

Алда бізді көптеген жаңа жетістіктер күтіп тұр, оған біз бірге жетеміз, бірлікте жетеміз!

Осы жолда халқыма, еліме адал қызмет етіп, барынша еңбегімді сіңірсем – бұл менің азаматтық парызым ғана емес, перзенттік борышым деп білемін.

Құрметті жерлестер!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бізге билік пен халықтың арасындағы ашықтықты қамтамасыз ете оты­­рып, тұрақты байланыс ор­на­туды міндеттегенін біле­сіздер.

Осы орайда, уақыттың мүмкіндігіне қарай, облыстың елді мекендерін барынша аралап, сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап қайттым. Сонымен бірге,   ай сайын бір күнімді толығымен ел азаматтарының өтініш-тілегін тыңдауға арнап, қабылдаулар өткізіп келемін. 

Шалғай орналасқан елді ме­кен­дердегі ауыл тұрғын­­дары­ның облыс бас­шы­лы­ғы­­ның қабылдауына кіру қол­же­тімділігін арттыру мақсатында онлайн-қабылдау функциясы жұмыс жасауда.

Есеп беру кездесуіме орай, менің атыма өңір тұр­ғын­дары тарапынан арыз-шағым­дар, өтініштер, халықты толған­дырып жүрген өзекті мәселелер бойынша сұрақтар көптеп келуде. Осы мазмұндас ұсыныс-пікірлер облыс әкімінің сайтына да түсіп отыр.

Бірден айта кетейін, мұның ешқайсысы қараусыз қалмайды. Барлығына міндетті түрде жа­уап берілетін болады.


Сұрақ-жауап

Есепті баяндамадан кейін облыс әкімі жиналғандар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Мұрат Әлімбайұлы, об­лыс­тық мүгедектер қоғамының төрағасы: – Инватакси қызметіне бөлінетін қаржының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар ма?

Облыс әкімі: – Мемлекет басшысының тапсырмасына сай бюджеттің 50 проценті әлеуметтік салаға жұмсалады. Биыл біздің облыстағы әлеуметтік салаға жұмсалған қаржы көлемі 64 процентке жетті. Инватакси қызметіне былтыр 35 млн теңгеге жуық қаржы бөлінсе, биыл 30 млн теңгеден аса қаржы қаралды. Сондай-ақ алдағы уақытта 25 млн теңгеге дейін қаржы бөлу жоспарымыз­да бар. Өткен жылға қарағанда артық болмаса, кем болмайды.

Бөлекбай Бектұрғанов, Арал ауданы, Сексеуіл кен­ті­нің тұрғыны: – Cексеуіл кенті темір жолдың екі бетіне орналасқан. Сол жағындағы 470-тей бала рельсті басып өтіп, мектепке баруға мәжбүр. Бұл жөнінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев баспасөз құралдары арқылы хабардар болып, мәселенің шешілуі жөнінде Үкіметке тапсырма жүктеген болатын. Сол аумақтан жаңа мектептің салынуы жөніндегі әңгіменің анық-қанығын айтып берсеңіз.

Облыс әкімі: – Бұл мәселемен айналысып жатырмыз. Қазір мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Ол бойынша Үкімет басшысының орынбасарына, Білім министріне кіріп, проб­леманы шешу жолдарын пысықтадық. Жалпы құны 800 млн теңгеге жуық. Мектеп бір ауысымда 300 баланың оқуына лайықталған, яғни, онда екі ауысымда 600 баланы оқумен қамтуға мүмкіндік бар. Жақын арада республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінеді деп күтілуде. Содан кейін құрылыс жұмыстары басталмақ. Аталған аумақтан 400-ге жуық баланың теміржолдың екінші жағына келіп оқуы өте қауіпті.

Әріпбек Асанов, Жаңа­қорған ауданы, Ақүйік ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы: – Жаңақорған ауданында жүргізіліп жатқан «Талап» топтық су құбырының құрылысы қашан бітеді? Елді мекендерге қашан таза су беріледі?

Облыс әкімі: – Аудан тұр­ғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында рес­публикалық бюджеттен тиісті қаржы бөлінді. Қазіргі таңда осы бағытта тиісті іс-шаралар қолға алынған. Бұл жұмыстар кезінде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша басталған, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ел игілігіне айналатын болады. Оны 2020 жылдың соңына де­йін аяқтау жоспарланған. Нәтижесінде аудандағы 30-ға жуық елді мекен таза су тұтынатын болады.  

Сәрсенкүл Жұматаева, Бай­­қоңыр қаласының тұрғыны: – Осыдан екі ай бұрын өт жолымда тас бары анықталған болатын. Дәрігерлер  Қызылорда немесе Алматы қалаларына барып, ота жасату керек екенін айтуда. Отадан кейінгі  қалпына келтіру процесі де ұзақ уақытты алатын көрінеді. Осы орайда сұрайын дегенім, үлкен қалалардағыдай ота жасау мүмкіндігі Байқоңыр қаласында  қашан болады?

Облыс әкімі: – Байқоңыр қаласы бойынша тиісті жұмыс­тар атқарылып жатыр. Өткен жылы мұндағы аурухана облыстық медицина орталығының филиалы болған. Қазір ол көпбейінді аурухана мәртебесін алды. Осыдан кейін оның ішіне жаңа құрал-жабдықтар алып, жаңа мамандармен толықтыру керек болды. 22 дәрігер жетіспейтін. Қазір соның 20-сы келді. 150 млн теңгенің құрал-жабдығы алынды. Биыл да бюджеттен 60-65 млн теңге бөліп отырмыз. Аурухананың күрделі оталарды жасауға мүмкіндігі бар деп ойлаймын.

Мәлікайдар Дүйсен, Қазалы ауданының тұрғыны, еңбек ардагері: – Өткен жылы Қазалы ауданында Сырдария өзенінің Әлсейіт өткелі аумағынан жаңа көпір пайдалануға берілді. Бұл ұзақ жылдан бері келе жатқан түйткілдің оңды шешілуіне негіз қалады. Ендігі кезекте  Қарлаң аумағынан да осындай көпір салынса деген ұсыныс бар. Сол арқылы аталған аумақта орналасқан 10-нан астам елді мекенде тұратын 10 мыңнан астам тұрғынның мұң-мұқтажы шешілер еді.

Облыс әкімі: – Жылдың басында елді мекендерді аралағанда бұл мәселемен таныстым. Қазір онда тұрған қалқымалы көпір жол қатынасына қиындық келтіреді. Осы бағытта жобалық-сметалық құжат­тамасын дайындауға облыстық бюджеттен қаржы қарастырдық. Алдағы уақытта бюджет нақтыланады. Сол кезде бюджетке енгізуге мән беретін боламыз. Оған байланысты тиісті минис­трліктермен алдын ала келісім жасалған. Аталған мәселе таяу уақытта оң шешімін табады.

Барлыбай Биманов, Қы­зыл­орда қа­ла­сының тұрғыны, «Петро­Қазақстан» ком­­паниясы ардагерлер кеңе­сінің өкілі: – Баяндамаңызда 3 шөгінді бассейнді зерттеуге қаржы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр деп айтып өттіңіз, осы орайда облыстағы мұнай компаниялары қандай жұмыс­тар атқарып жатыр?

Облыс әкімі: – Облыстың жалпыөңірлік өнімінің 80 проценттен астамы мұнай кен орындарына, яғни, мұнай мен газға тиесілі. Осыған байланысты мұнай саласын өркендетуіміз керек. Былтыр   2018 жылға қарағанда 1млн 100 мың тонна мұнай кем өндіріледі деп болжанған болатын, бірақ жыл аяғында 830 мың тонна кем өндірілді. Мұнай компанияларының 3000 метрге дейін қосымша ұңғымалар қазуының нәтижесінде 300 тоннаға дейін мұнай үнемделді. Биыл да мұнай компаниялары өз қаражаты есебінен осындай жұмыстар жасамақ. Мұнай компаниялары өз тарапынан, біз өз тарапымыздан қажетті шаруаларды істейтін боламыз.

Қалдыбай Сүгірбаев, Шие­лі ауданының тұрғыны, зейнеткер: – Біздің аудан тұрғындарын толғандырып жүрген бір мәселе – жеке көліктер көбейген сайын теміржолдан өту қиындап барады. Осыған байланыс­ты теміржолдың үстінен көпір салуға көмектессеңіз екен?

Облыс әкімі: – Шиелі ауданы бойынша теміржолдың үстінен салынатын аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалды. Қазіргі кезде  жұмыс атқарылуда.

Елубай Молдашев, Қы­зыл­­орда қаласының тұрғыны, зейнеткер: – Жедел жәрдем шақыра қалсаңыз, көліктері ескі, кешігіп келеді. Жаңа автокөліктер қашан беріледі екен?

Облыс әкімі: – 2017 жылы облыста жедел жәрдем бригадалары біріктіріліп, 77 бригада жасақталды. Оларда 100-ге жуық автокөлік бар. Өкінішке қарай көліктердің 70-80 процентінің  тозығы жеткен. Былтыр 73 көлік алынды.  Оның 50-ден астамы елді мекендерге берілді де, қалғаны қалаға табысталды. Биыл да 30-ға жуық жаңа санитарлық автокөлік алғымыз келіп отыр. Бюджетті нақтылау кезінде мүмкіндікке қарай бұл мәселеге тағы көңіл бөлінеді.

Болат Нұрқожаев, Қызыл­орда  қаласының тұрғыны: – Қоқыс алаңы жаңадан салынды, бұрынғы қоқыс алаңының өртін  сөндіру жұмыстары қашан жүргізіледі?

Облыс әкімі: – Қаланың Белкөл аумағында орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтарды тастайтын полигон бар. Ол жақында жабылады. Онда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде зауыт іске қосылады. Ескі қоқыс алаңы да сол кезде жабылады.

Мұрат Жаңабергенов, Жалағаш  кентінің тұрғыны: –           Облыс аудандары ішінде типтік жобадағы спорт кешені жоқ бірден-бір аудан  – Жалағаш. Ауданда спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Әлем және Азия чемпионы атанған спортшыларымыз бар. Алдағы уақытта ауданнан жаңадан спорт кешенін салу жоспарда бар ма?

Облыс әкімі: – Елді мекендерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік нысандар салынып жатыр. Жалағаш ауданының бірнеше елді мекенінде де жаңа нысандар бой көтерді. Жалағаш кентіне келсек, әрине, салыну керек. Аудан әкімі жобалық-сметалық құжаттарын дайындайды. Негізі мұндай нысандар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынғаны жөн.

Жұлдызай Маханалиева, Сырдария ауданы, Амангелді ауылының тұрғыны: – Менің балам Қызылорда қаласындағы М.Ықсанов атындағы поли­тех­никалық колледжде оқиды. Өзіміз ауылда тұрғандықтан, ұлымыз пәтер жалдап жүр. Жатақхана мәселесі қашан шешіледі?

Облыс әкімі: – Жатақхана жайы  бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Оған байланысты ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылы Үкіметке де, облыс әкімдеріне де тиісті тапсырмалар берді. Жоғары және орта оқу орындарында оқитын студенттердің барлығын 2022 жылға қарсы жатақханамен қамтамасыз ету керектігі айтылды. Облыс бо­йынша ­ЖОО-ларда жатақхана мәселесі туындап отырған жоқ. Бірақ 10 колледжде  бұл проб­лема бар. Жақын арада жоғары медициналық колледжге 330 орындық жатақхана берілді. М.Ықсанов атындағы колледж­ге Бейбарыс Сұлтан көшесінен келер жылы 200 орындық жатақхана берілетін болады.

Эрик Теңізбаев, Қызыл­орда қаласының тұрғыны: – «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалы қашан салынады және «FlyArystan» әуекомпаниясының ұшақ­тары қашан ұшады?

Облыс әкімі: – «Қорқыт Ата» әуежайының жолаушылар терминалын салу көптен тұрғындар назарынан түспей келе жатқан мәселе екенін білемін. Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптес­тік аясында іске асыру жоспарланып отыр. Құрылысы биыл басталады деп күтілуде. Ал, «FlyArystan»-ға келсек, қазіргі таңда «Қорқыт Ата» әуежайы» АҚ мен аталған әуекомпаниясы арасында келісім-шарт жасалды. Наурыз айының ортасынан бастап бірнеше бағытта жолау­шыларды тасымалдау ұйымдас­тырылады. Сондай-ақ, наурыздың аяғынан бастап «Аэрофлот» компаниясының ұшағы халық­аралық «Мәскеу-Қызыл­орда-Мәскеу» бағытында аптасына 4 рет ұшатын болады.

Облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кездесуінде Call-орталыққа келіп түскен сауалдар легі де аз емес. Солардың ішінде  тұрғын үй мәселесіне қатысты  2, жұмыспен қамту және әлеуметтік қамсыздандыру бойынша 3, білім саласына байланысты 1, денсаулық саласына қатысты  5, кәсіпкерлік саласы бойынша  3, ауылшаруа­шылық мәселесі бойынша  5, жер мәселесі жөнінде 1, басқа да мәселелер бойынша 19, барлығы 224 сауал келіп түскен.

Есепті кездесуде мұнан өзге де бірқатар сұрақтарға жауап берілді. Сондай-ақ жолданған әрбір сауал жауапсыз қалмайтыны айтылды.

 

Айнұр БАТТАЛОВА, 

Әділжан Үмбет,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Бағдат ЕСЖАНОВ,

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 20 ақпан 2020 г. 815 0