Олжас Акимов басқа қызметке ауысты

 Басқа қызметке ауысуына байланысты Олжас Акимов облыстық дене шынықтыру жəне спорт басқармасының басшысы лауазымынан босатылды. Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов төрағалық еткен актив жиында әріптестері оны құрметпен шығарып салды.

– Олжас Азатұлы өзін іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, білімді де білікті басшы ретінде көрсете білді. Саланы дамытуға қосқан үлесі үшін өткен жылы Президент Жарлығы бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жинаған бай тәжірибесін жаңа қызметте пайдаланады деп сенім білдіремін, – деді аймақ басшысы.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жолындағы елеулі еңбегін елеп, облыс әкімі оған Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады.

О.Акимов жетекшілік жасаған екі жылдан астам уақытта Сыр өңірінің спорт саласы биік белестерді бағындырды. Спортшылар былтыр ел чемпионаттарында – 1457, Әлем және Азия чемпионаттарында 170 медаль олжалады. 578 спортшы Ұлттық құрама сапына енді. «Қайсар» футбол командасы араға 20 жыл уақыт салып екінші рет ел Кубогын иеленді. Жыл қорытындысымен Мәдениет және спорт министрлігі, Ұлттық Олимпиада комитеті ұйымдастырған «Алтын Самғау-2019» ұлттық конкурсында «Үздік спорттық өңір» номинациясы бойынша Қызылорда облыс жеңіс тұғырынан көрінді.

О.Акимов өз кезегінде мұның бәрі бірлесе атқарылған жұмыстың нәтижесі екенін айта келе, әріптестеріне алғыс білдірді.



Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 ақпан 2020 г. 2 059 0