Отбасылық бизнестегі оң қадамдар

Жылыжайдың

өнімі


Жалағаш. Сапар барысында Жалағашқа аялдадық. Мұнда өзі жас бола тұра, атакәсіпті жандандырғысы келетін бойжеткенмен таныстық. 23 жасар қалалық қыз Толғанай ауылға келіп, кәсіпкерлікке бет бұрған. Бүгінде мал санын өсіру мен оны асылдандыру жолында қызмет қыл­ғысы келетіндерге қолдау көп. Жалағаштың тап іргесіндегі Ақсу ауылынан жер телімін алып, жылыжай кешені мен ірі қара мал бордақылау алаңын тұрғызған Толғанайдың өзін тың­дап көрдік. Әуелгі маман­дығы құрылысшы екен. Ендігі мақсаты – мал басын көбейтіп қана қоймай, ет өңдеу цехын іске қосу.

– Былтыр «Өңірлік инвес­тиция орталығы» арқылы 10 миллион теңге несие алғанбыз. Қаржыны жылыжай салуға жұмсадық. Ол жоба үмітімізді ақтап, қияр мен қызанақтан 2 тонна өнім шықты. Жұмысымыз біршама алға басуда. Екінші жобамыз – мал басын көбейту мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы 15 миллион теңге несиеге 75 бас ана­лық ірі қара сатып алдық. Өз қа­ражатымызбен алған асыл­тұқымды 3 бұқа да бар. Қосым­ша жылқы да өсіреміз. Талап қыламын деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Қолдау арқасында кәсіпті кеңейтіп, мал басын көбейтуге жұмыс істеу­деміз, – дейді ол.

Қаладан келген қызға кө­біне-көп бауырлары қолғабыс тигізеді. Бойжеткеннің кәсіпкер­лік­ке деген қадамы бізді сүй­сінт­ті. Жылыжайдан бөлек, 1000 басқа дейінгі ірі борда­қылау алаңын тұрғызып, жем-шөп қоймаларын салып бітірген Толғанай биыл ет өңдеу цехы, мал сою орнының құрылысын аяқтамақ. Тіпті, осы кәсіппен жүріп қосымша идеялар пайда болғанын айтады.

– Осыншама құрылыс жүр­гізгенімізде облыс орталығынан кірпіш тасыдық. Бұл бізге тасымалдау жағынан тым қымбатқа түсті. Бұйырса, осы жоспарларды толық іске асырғасын кірпіш зауытын салу ойда бар. Бұл аудан халқына да тиімді болар еді, – дейді Толғанай Жұмабекқызы.


Бизнесін

балабақшадан

бас­таған


Жалағаштағы кент орталы­ғында «Балнұр» балабақшасы жұмыс істейді. «Бизнестің жол картасы-2020» негізінде «Даму» қорынан қомақты қаржы алған Айгерім Айнабаева 65 балаға арналған жеке балабақша аш­қан. Мұнда ән, би, таэквандо үйірмелері, логопедия орталығы жұмыс істейді.

– 10 жыл мектепте бастауыш сыныптарға сабақ бергенмін. Осы жұмысқа неге тәуекел ет­песке деген ой келді. Осылайша мемлекеттік қолдаумен 11 миллион теңге қаражат алып, былтыр наурыз айында бала­бақ­шаны аштық. 18 адам жұмыспен қамтылды. Мұнда екі топта 50 бала тәрбиеленуде, – дейді ол.

Кәсіпкерлікке мектеп жасынан құмар болған Айгерім бұған дейін де түрлі бизнес жобаларға қатысып келген. Мемлекеттің «Балапан» бағдарламасының тиімділігін түсінген ол алдағы жоспарларымен де бөлісті.

– Менің бір жылдан бері зерт­теп келе жатқан жобам бар. Ол жеке мектеп ашу туралы. Бұйырса, қыркүйек айында жүзеге асырмақпыз.  Аудан әкім­­дігі қолдау көрсетуде. Әуелі 60 балаға арналған бастауыш сы­нып­тар ашатын боламыз,  – дейді педагог кәсіпкер.

Айтпақшы, осында тәрбие­ленуші 50 бүлдіршін болса, 10 бала Айгерімнің анасы Сал­танаттың демеушілігімен те­гін келеді. Әу баста шағын ас­хана ашып, сауда саласын мең­герген Салтанат Айнабаева – «Балнұр»  балабақшасының құрыл­тай­шы­сы. Сондай-ақ «Айгерім» шағын маркеті мен құрылыс заттары дүкенінің иесі.

– 2003 жылы асхана аштық. Содан бері отбасымызбен кәсіп­керлік тізгінін ұстап келеміз. Асхана мейрамханаға айналды. Одан дүкен, балабақша жұмыс­тарын қолға алдық. Балаларыма кәсіптен бөлек, елге қамқор болу, көмек беру жағын үнемі ай­тып келемін. Жылда тұрмысы тө­мен, көпбалалы отбасыларға  кө­мек көрсетеміз, – дейді Салтанат.


Ержан ҚОЖАСОВ,

«Сыр бойы».


 Сөз соңында. Бүгінде «қарап жатпағанның қармағы қабатынын» көпшілік түсінген. Аудандарды аралап жүргенде байқағанымыз осы. Сауда-саттықтан гөрі белгілі бір кәсіптің түрімен айналысуға ден қойғандардың қатары қалың. Тәуекелді ту еткендердің мақсатқа жету жолындағы еңбегі елге үлгі етуге тұрарлық. Бұл сапар осыны айғақтап берді. Ал, мемлекет тарапынан кәсіпкерлікке қатысты оң ұсыныстар мен қолдауларды мүлт жібермей, халыққа кеңінен түсіндірме жұмысын жүргізетін аудандардағы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің қызметкерлері «өз ісін бастаймын деушілерді қолдауға қашанда дайынбыз» дейді.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 18 ақпан 2020 г. 388 0