« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
ҚАРМАҚШЫ. Қорқыт баба жатқан Қармақшыға жол түсті. Қайтар жолда Жалағашты да көре кету жоспарымыз бар. Басты мақсат – мемлекет қамқорлығымен өз ісін көркейтіп, өнімін елге ұсынған кәсіп иелерінің қарқынын бағамдау. Мұнда нарыққа бейімделіп, шағын кәсібін өрістеткен тұрғындар көбеймесе, азайған емес. Біз танысқан жеке кәсіпкерлердің көбісі отбасылық бизнесті дамытуға күш салған.
Қармақшы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбдікеровтің айтуынша, ауданда 3206 кәсіпкерлік субъектісі болса, оның ішіндегі жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлердің үлесі 90,5% құрайды.
– Аудан экономикасының негізгі бағыты – ауыл шаруашылығы саласы. Сондықтан іске асырылған жобалардың 80 проценті сол салаға байланысты. Ал қалғаны сауда, қызмет көрсету және өнеркәсіп саласындағы жобаларды құрайды. Биылғы басты мақсат – өндіріс, өңдеу өнеркәсібіне қатысты жобаларды іске асыруға басымдық беру. Біз барлық елді мекендегі өндіріс саласындағы жобаларды іріктедік. Қазір осыларды қаржыландыру жұмыстары жүргізілуде, – дейді бөлім басшысы.
Былтыр Қармақшыда мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 420 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 205 шағын кәсіпкерлікке 89 млн теңге грант қаражаты, 215 жобаға 923 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Ал кәсіпкерлік негіздері бойынша 675 адам оқу курстарынан өтіпті.
Киім тіккен
Қайрат
Шыны керек, елде жеңіл өнеркәсіп саласы еңсесін тіктеп келеді. Оның ішінде киім-кешек тігуде шағын кәсіпкерліктің орны бөлек болып тұр. Қармақшыда джинси матасынан түрлі сырт киімдер тігіп, кәсібін дөңгелентіп отырған Қайрат Мұсабековтың тігін цехында болдық. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра, былтырдан бері жеке кәсіп ашып, «Еңбек» бағдарламасы аясында 1,5 млн теңге несие алған. Өз үйінің ауласынан тігін цехын жабдықтап, бес тігін машинасын сатып алыпты.
– Жігіт болып, әскерге бармай тұрып осындай ісмерлікті үйренгем. Кейіннен басқа жұмыс істедім. Заман ағымына ілесіп осы цехты аштым, оған аудандағы жігіттер де қолдау көрсетті. Джинси материалынан ер адамдарға және балаларға жылы сырт киімдер тігемін, – дейді тігінші кәсіпкер.
Айтпақшы, Қайрат былтыр қазан айында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өзіңе сене баста!» атты мүмкіндігі шектеулі кәсіпкерлер форумына да қатысқан. Онда қармақшылық тігінші бірінші орын иеленіп, облыс әкімінің Алғыс хаты және 1 млн теңге көлеміндегі грантын жеңіп алған.
Жосалыдағы
жиһаз цехы
Қармақшыда «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 50 миллионға жуық теңгеге үш жоба қаржыландырылған. Оның ішінде Жосалы кентінің тұрғыны Әмит Елубаевтың жиһаз цехы да бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жастайынан ағаштан бұйымдар жасайтын ол осы салада ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келеді. Заңды түрде жеке кәсіп ашқалы 10 жылдан астам уақыт өтіпті. Бүгінде жоғарыда айтылған бағдарлама негізінде «Даму» қорынан 4 млн теңге жеңілдетілген несие алып, цех ашқан Әмит өзімен бірге 6 адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Алғашында аудандық тұтынушылар одағында ағаш ұстасы болып еңбек еттім. Кейін нарыққа бейімделдім. Аудан тұрғындарынан ағаштан есік-терезе, қол жуғыш, шәй үстеліне тапсырыстар алып, кәсібімді осылай біртіндеп кеңейткенмін. Тұрғындар тарапынан пластик есік-терезелерге сұраныс көбейді. Шаруа осылай басталды. Бүгін өздеріңіз куә болғандай цех ашып, несие көмегімен станоктар алдыртып, түрлі үй жиһаздарын жасай бастадық, – дейді Әмит.
Кәсіпкердің айтуынша, кәсіп ашам дегендерге мемлекет тарапынан берілген мүмкіндік көп. Тек тәуекел етсе болғаны.
Қазір цехта ауданның алдыңғы қатарлы ұсталары жұмыс істейді. Айтпақшы, өзінің сапалы өнімімен көпшілік алғысын жиі алатын Әмит Елубаев былтыр аудандағы «Жылдың үздік кәсіпкері» атанған. Елге ұнамды істің айналасында жүрген кәсіпкер ұстаның еңбек жолы ынталы адамның қолынан бәрі келетініне тағы бір дәлел болатындай.
Тегіс көше.
Түрленген
ғимараттар
Былтыр Қармақшыда «Ауыл – ел бесігі» республикалық жобасы аясында көп жұмыстар атқарылыпты. Санамалап айтсақ, Жосалы кентінде 9 көше орташа жөндеуден өтіп, екі мектеп пен аграрлы-техникалық колледжге күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ «Шипагер» емханасына ағымдағы жөндеу жұмыстары, ал «Жыраулар үйі» ғимараты толық күрделі жөндеуден өтіпті.
– Бұл Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйі 2006 жылы ашылған болатын. Содан бері осында ұлттық өнерден дәріс алған көп шәкірттеріміз республикаға дейін танымал болып келеді. Ғимарат көптен жөндеу көрмеген. Былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 43 миллионнан астам қаржы бөлініп, шатыры ауыстырылып, ішкі жұмыстарын қайта жасап шықтық. Қазір бізде 6 жыраулық дәстүр бағытында үйірме болса, онда жүзден астам бала дәріс алуда. Жаңадан жарақталған ғимарат ішінде біздің ұжым ұлт өнерін асқақтатуда, оны дәріптеуде талмай еңбек ете береді, – дейді «Жыраулар үйі» КММ директоры Амандық Бүрлібаев.
Иә, айтып өткен барлық жұмыстарға 1,2 млрд теңге қаржы қаралып, нысандардың жұмысы толық аяқталған. Тағы бір айтып өтетін жайт, жоба аясында республикадан облысқа бөлінген 1,4 млрд теңге болса, осынша көп ақшаның басым бөлігі Қармақшының жолдары мен әлеуметтік нысандарын қайта жаңғыртуға бағытталғаны көрініп тұр. Айтпақшы, осыған бөлінген қаражаттан мемлекеттік сатып алу қорытындысымен үнемделген 57 миллионнан астам теңгеге орталықтағы 4 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |