« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Өткен жыл шағын және орта бизнесті дамытуда жемісті болды. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілер мен кәсіпкерлікпен айналысатын халық саны артып, шағын және орта бизнестен түсетін салық көлемі өскен. Жұртшылық «Еңбек», «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2020», тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалануда. Қаржы институттары кәсібін бастағандардың да, дамытып, өркендеткендердің де меселін қайтарып жатқан жоқ. Бір анығы – талап қылғанға жол көрсететін, демеу болатын жүйе, яғни кәсіпкерлікті қолдау біртіндеп жетілдіріліп келеді. Бұл орайда Қызылорда облысының оңды бастамалары нәтиже көрсете білді. Шағын бизнесті тексеруге жарияланған мораторий, қайтарымсыз гранттар, проценті төмен несиелер, субсидиялар іскер азаматтарды кәсібін кеңейтуге ынталандырып отыр.
Жігерлі жастар жетерлік
Арал. Еліміз бен шет мемлекеттерге балық өндірісімен танымал болған Арал халқы басқа да кәсіптердің көзін тапқан. Соңғы кездері ауданда пластикалық есік-терезе дайындау, жиһаз жасау, тігін шеберханасы тәрізді кәсіптер өркендеп келеді. Оған қоса, сауда-саттық саласында да әжептәуір ілгерілеушілік байқалады.
– Қаңтар айындағы есеп бойынша тіркелген кәсіпкерлік нысанының саны төрт мыңнан асты. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3600-ден астам еді. Соған қарап былтырғы жұмыстың қарқынын байқауға болады. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы мал шаруашылығын дамыту үшін құны 163 млн теңге болатын 55 жоба қаржыландырылды. Бұл жобалар ауданның барлық елді мекендерінде жүзеге асып жатыр. Өткен жылдың ең ірі жобаларының бірі – «Sulpak» тұрмыстық заттар дүкенінің ашылуы. Аудан халқы енді тұрмыстық техника алу үшін облыс орталығына ат арытып бармайтын болды. Сауда үйінде ауданның 36 адам тұрақты жұмыс істеп жатыр, – дейді аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Сержан Әуесов.
«AiSaNa» – біріккен жобалар жемісі
Аудан орталығында орналасқан «AiSaNa» сұлулық салоны арулардың бас қосатын орнына айналған. Тың идеяларын ортаға салған бойжеткендер біріге отырып, ғимаратты жалға алды. Сұлулық салоны көрсететін қызметтердің қыр-сырын зерттеп, әрқайсысы әр түрін меңгеріп алды. Мәселен, Әйгерім Жарылқасынова – визажист. Оны арнайы іздеп келетіндер бар. Ол – ғимаратты жалға алып отырған қыздардың топ жетекшісі.
– Сұлулық салонын қыздардың қызығушылығымен аштық. Мұнда тоғыз қыз жұмыс істейді. Әрлеу, сәндеуге қатысты барлық қызметті көрсетеміз. Өзім осы жұмыспен 23 жасымнан айналысамын. 252 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздім. Бұл қаражатқа қажетті құрал-жабдықтар сатып алдым. Келушілер қатары күн сайын артып жатыр. Демек, сұранысқа ие кәсіп. Осындағы қыздар өз арамыздан біреуімізді алты айда бір мәрте тәжірибе жинақтауға жіберіп тұрамыз. Астана, Алматы тәрізді үлкен қалалардағы салондармен байланыстамыз, – дейді Ә.Жарылқасынова.
Заманауи ғимараттың иесі – Мақсұт Аязбаев. Ол өз қаражаты есебінен 5 млн теңгеге шаштаразға қолайлы нысан салыпты. Бүгінде сұлулық салонында кісі аяғы арылмайды. Мамандар кәсіптің көзін таптық деп қуанып отыр.
Кофе бұрышы
Арал жастарында тың идея жетерлік. Аудан тұрғыны Нұрталап Нұрханұлы «Arzan market» дисконт орталығында кофе даярлау бұрышын ашты. Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының бірінде оқыған оған бұл идея студент кезінде келіпті. Оның «осы жобаны туған жерімде жүзеге асырсам» деген мақсаты орындалды. Өзі де бұрын-соңды бариста қызметінде болыпты. Былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы 505 мың теңге қайтарымсыз қаржы иеленіп, арнайы құрылғы сатып алды.
– Жобаны толық іске асыруға 800 мың теңгедей қаражат кетті. Мұнда кофенің 6 түрін дайындаймын. Бағасы 250-450 теңге аралығында. Енді ғана ашып жатырмын. Келушілердің көңілі тоқ. Әлі бұл істі одан әрі дамытуға мүмкіндік те, мақсат та бар, –дейді жас кәсіпкер.
Қазір осы маңайдан өткен-кеткеннің қолынан кофе ыдысын көресіз. Сауда орталығын асықпай аралайтындар қолдарына кофесін ұстап, еркін жүр. Осыған қарап орталыққа қажет қызмет екенін байқайсыз.
Сапалы қызметке сұраныс бар
Ауданда «Қуаныш» медицина орталығы жұмыс істейді. Халық денсаулығын басты орынға қойған бұл нысанда жеті қызмет түрі бар. Тоғыз орындық емдеу мекемесіне алыс ауылдардан да келушілер көп.
Орталықта физиотерапиялық емдеу бағасы 800-3000 теңге аралығында, процедуралық қызмет 100-300 теңге арасын қамтыса, ультрадыбыстық зерттеу 1500-4000 теңге шамасында. Басы ауырып, балтыры сыздаған жұртшылық мұндағы бағаның қалтаға қонымды екенін, кезек күтіп, уақыт жоғалтпайтын ерекшелігін де жеткізді. Орталықта білікті мамандар жұмыс істейді. Айтгүл Ильясова 46 жыл медицина саласында еңбек еткен. Үш ай бұрын ашылған медициналық орталықта гинеколог-дәрігер.
– Ашығын айту керек, қазір әйелдер денсаулығына мән бермейді. Ауру асқынып, жанына батқанда ғана келеді. Мәселен, жүкті әйелдер екі апта сайын тексеріліп тұру керек. Оны да естен шығаратындар бар, – дейді дәрігер бізбен әңгімесінде.
Орталықта күндізгі емдеу бөлімі жұмыс істейді. Таңертеңгілік жұмыс уақытында барғандықтан, дәрігерлердің бізге мойын бұрар уақыты да болмады. Дәрігер-провизор Қуаныш Шыңжанов:
– Болашақта «Invivo» зертханасын ашпақпыз. Онда қан сынамаларын зерттейміз. Негізінен қазір ауруды анықтау, кеңес беру, емдеу істерімен айналысудамыз. Қайсыбір істе болмасын алда айқын мақсат тұру керек. Сол сияқты бізге қазір қажеттісі – кең көлемді зертхана. Осы мақсатта жұмыс істеудеміз, – деді.
Сексеуілдегі серпін
Аудан орталығынан алпыс шақырымдай жердегі Сексеуіл кенті де ажарлана түскен. Мұнда заманауи үлгідегі сауда нүктелері мен қызмет көрсету, ойын-сауық орындары салынған. Жыл сайын кәсіпкерлік нысандарының да саны артып келеді. Он екі мыңдай халқы бар кентте 430-ға жуық кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп тұр. «Қазір жұмыс істемей тұрғандарын тіркеуден шығарудамыз. Алда үлкен мақсат бар» деді әңгіме арасында кент әкімінің орынбасары Азамат Үмбетәлиев.
– Біздегі кәсіпкерліктің басым көпшілігін дүкен, монша, шаштараз тәрізді халыққа қажетті нысандар құрайды. Өткен жылы 24 азамат жобасын сәтті қорғап, қайтарымсыз қаражат алды. Былтыр кілем жуу орталығын ашқан жерлесіміз 1 млн 500 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болды. Мемлекеттік бағдарламаларды иеленгендерден бөлек, өз қаражатына кішігірім дүкенін супермаркетке айналдырып жатқандар да кездеседі, – деді А.Үмбетәлиев.
Жүрдек көлік күре жолды қақ жарып жүйткіп келеді. Терезеден сыртқа көз тастадым. Жол бойында сервистік нысандар менмұндалап тұр. Қазалыға дейін мұндай бірнеше нысан бар. Жанар-жағармай құю бекеті де жетерлік. Сайып келгенде, мұның өзі күнбатыстағы аудан хал-ахуалының қаншалықты екенін аңғартып тұрғандай.
Дәулет ҚЫРДАН,
Арал ауданы.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |