Олжас Сүлейменов: «Қызылорда әсем қалаға айналыпты»

«Болашақ» университетінде Қазақстанның халық жазушысы, «ХХ ғасыр адамы», халықаралық «Невада-Семей» ядролық қаруға қарсы қозғалыс президенті, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменовпен кездесу өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов қатысты.
Ұлт мақтанышының Сыр еліндегі сапарына сәттілік тілей отырып, университеттің ғылыми жетекшісі Бақберген Досмамбетов оқу ордасының бүгінгі жетістіктерін айтып өтті. Сонымен қатар жаңадан пайдалануға берілген университет ғимаратының ерекшелігіне тоқ­талып, аймақ жастарымен қоса, көрші облыстар, тіпті Өзбекстан республикасынан да студенттер бар екенін тілге тиек етті.
Өз кезегінде ақын университет пен колледж жастарына және профессор-оқытушыларға ыстық ықыласын білдірді.
– Құрметті достар! Осыдан 4-5 жыл бұрын Қызылордада болдым. Сол жылдармен салыстыра қарап отырсам, қалада көп өзгеріс, артықшылық, әдемілік бар. Жаңа үйлер, зәулім ғимараттар, үлкен көпірлер. Сіздердің мынадай әсем ғимаратта білім алуларыңыз. Мұның бәрі – біздің елдің алға ба­сып, жылдан-жылға қарыштап да­муының бірден-бір белгісі. Бүгінгі ұйымдастырылған кездесуге риза­шылығымды білдіремін, – деді Олжас Сүлейменов.
Сондай-ақ, ақын «Невада-Семей» қозғалысының 30 жылдық мерекелік медалімен унверситет ұжымын және ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Ғалия Әлібекованы марапаттады.
Жалпы бұған дейін де білім беру ордасында «Мәртебелі мейман» жобасы қолға алынған болатын. Онда Қазақстанның экономикалық және рухани қалыптасуында, даму тарихында сүбелі үлес қосқан, еңбегі сіңген танымал тұлғалармен кездесу ұйымдастырылып отырады. Кездесуде жастар мен жазушы арасында диалог болып, Олжас Омар­ұлының шығармашылығы мен өмір жолына қатысты өздерін қы­­зық­тырған сауалдарға жауап та алды.
Тағылымды шара соңында уни­верситеттің ғылыми кеңесі ше­шімімен ғалым, ұстаз, саясаткер, ақын Олжас Сүлейменовке «Бола­шақ» университетінің Құрмет­ті профессоры атағы берілді.

Ержан Қожасов.
НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2020 г. 1 437 0