« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Сейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов бизнес өкілдерімен кездесті. Жиынға жас кәсіпкерлермен қатар салаға қатысты мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер мен бірлестіктер, қаржы ұйымдарының басшылары қатысты.
Өңірде 2018 жылдан бастап ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту, жұмыссыздықты азайту, салық базасын құру, жергілікті бюджетті нығайту мақсатында жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үшжылдығы жарияланғаны белгілі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылы шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесін 35 процентке жеткізу міндеті қойылды.
Кездесуде облыс әкімі аймақтың ірі кәсіпорындарында шығарылатын өнім көлемін ұлғайтып, сол арқылы ілеспе өндіріс орындарын құру қажеттігін айтты.
– Біздің басты мақсатымыз – облыста шағын және орта бизнесті дамыту. Елбасы да, Мемлекет басшысы да шағын және орта бизнесті дамытуға аса мән беріп отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, көптеген жеңілдіктер жасалуда. Елімізде 12 мемлекеттік бағдарлама бар, сол бағдарламалардың барлығында кәсіпкерлікті дамытуға арналған арнайы бағыттар бар. Бірақ оларды тиімді пайдаланып отырған жоқпыз. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында күрішті егіп, сатумен ғана шектелмей, күріш лапшасын, күріш майын, күріш сабанынан қап шығаратын ілеспе кәсіпорындар ашылуы тиіс. Елімізден экспортталатын күріш өнімдері қайта өңделіп, бірнеше есе бағада өзімізге импортталады. Бұдан бөлек, өңірімізде асылтұқымды мал өсіріп, шұжық және сүт өнімдерін өндіріп, еліміздің ішкі нарығынан айтарлықтай орын алған кәсіпорындар жетерлік. Бірақ, бұл шаруашылық аясында жүн, тері өндірістері мүлдем дамымаған. Елімізде қолданыстағы заңнамаларға енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдан бастап полиэтилен өнімдері қолданыстан шығарылмақ. Осыған сәйкес, оны алмастыратын өнімдер шығаратын өндіріс көзін дамыту қажет, – деді облыс әкімі.
Жиында өңірдің кәсіпкерлік саласына қатысты өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Сонымен бірге жеңіл өнеркәсіп, білім беру, медицина, цифрландыру, сауда және туризм салаларындағы проблемалар баяндалды.
Мәселен, шиелілік Айзат Әбсадықова 2018 жылы 900 мың теңге көлемінде облыс әкімінің грантын ұтып алып, кондитерлік цех ашқан. Бүгінде цех қарқынды жұмыс істеуде. Кәсіпкер енді макарон және жайма цехын ашуды мақсат етіп отырғанын, осы орайда тағы да қандай жеңілдіктердің барын сұрады. Бұл орайда мамандар «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында қайтарымсыз грант алу конкурсына қатыса алатынын айтып, жан-жақты мәлімет алу үшін тиісті мамандарға жолығу қажеттігін жеткізді.
Шиелілік Мөлдір Дүйсенова да кәсібін кеңейту үшін кеңес сұрады. Ол – «Самғау» оқу орталығының меңгерушісі. Мөлдір орталығын бастауыш білім беретін үлкен оқу ордасына айналдырғысы келеді екен. Осы мақсатта жаңа ғимарат құрылысын жүргізу үшін жер алу жөнінде қандай жеңілдіктердің барын, заңдылығын сұрады. Ал, қызылордалық Жанар Әділова туризм саласында кәсібін жүргізіп жүр. Ол аймақта туризм саласын дамыту бағытында өз жоспарымен бөлісіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Жанар өңірде әлеуметтік туризмді, оқушылар туризмін дамытуға мүмкіндіктің мол екенін де айтады. Сондай-ақ, «Байқоңыр» ғарыш айлағының өзін дұрыс пайдалана алмай жүргенімізді, шетелдіктердің оған деген қызығушылығының зор екенін өз пайымдауларына арқау етті.
Кездесуді қорытындылаған облыс әкімі өңірде кәсіпкерлікті дамытуға басымдық бергеннен кейін, өзге аймақтармен салыстырғанда алдыңғы қатарда болуды, ол үшін мемлекет тарапынан қолайлы жағдайлар жасалып отырғандығын айтып, алып-сатудың күні өткенін, енді өнім өндіретін кездің келгенін ескертті.
– Біздің басты міндетіміз – бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдай жасау. Осы орайда кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар әрқашан жалғасын тауып, жылдан-жылға күшейетін болады. Біз әрдайым бірлескен жұмыстар мен өзіміздің тарапымыздан бұған қатысты мәселелерді шешуге, қолдау көрсетуге, қандай да бір тың идеяларды талқылап, қолдауға дайынбыз, – деді облыс әкімі.
Айнұр БАТТАЛОВА.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |