Дефектолог не дейді?

Бала тілінің кешеуілдеп шығуы – өзекті мәселе. Сондықтан тілінде мүкісі бар балалар дәрігерлер мен логопед мамандардың жіті бақылауында болады. Әсіресе, қазір балабақшада қызмет ететін логопед пен дефектологтарға артылар жауапкершіліктің жүгі ауыр. 

Бұған біз қаладағы «Сыр жұлдызы» бөбекжай-бақшасында көз жеткіздік. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде жауапты саланы меңгерген Сымбат Қуатбаймен тілдесіп, дефектологияның қыр-сыры мен негізгі түйткілдері жайлы пікір алмас­тық.

– Әлсіздік салдарынан «Даун синдромы», неврологиялық гидроцефалия, микроцефалия секілді туабітті хромосомалық  аурулар, гендік тұрғыдан да тұқым қуалайтын аурулар салдарынан баланың тілінде кемістік пайда болады. Тіпті, тілі шықпайтын кездер де кездеседі. Осындайда біздің мамандардың атқарар қызметі орасан зор, – дейді маман.

Көбіне ата-аналар баласының сөйлеу тілінің кешеуілдеуіне  мән бермейді. Бізде бала ерке болғандықтан жөнді сөйлей алмайды, кейін дұрыс­талып кетеді деген түсінік қалыптасқан.

Одан арылу қажет және баламен бала тілінде сөйлес­пеу керек. Ретсіз өбектемеген  жөн. Анық сөйлемейтін баланы аңғарған ата-ана неғұрлым ерте маман көмегіне жүгінсе, соғұрлым жақсы нәтижеге жетеді.  Бізге қазір мектеп жасына дейінгі балалар келеді. Дислалия, жалпы сөйлеу тілінің кешеуілдеуі,  сөйлеу тілі дамымауының І, ІІ, ІІІ дәрежесі, дизартрия, алалия, тұтықпа секілді диагноздармен. Әр балаға жеке жұмыс жоспарын дайындап, олармен міндетті түрде артикуляция­лық жаттығулар жасаймыз, – дейді Сымбат.

Кейіпкеріміз осы уақытқа дейін  бірнеше баланың сөйлеу қабілетін қалпына келтірген екен. «Тіл мүкісі бар баланы қанша уақытта емдеуге болады?» деген сұрағымызға  ол былай жауап берді.

– Негізінен бала қаншалықты көп күйзеліске түссе, жетілу процесі кешеуілдейді. Кей отбасында баласы 1 жасқа толмай жатып, екінші сәби дүниеге келеді. Мұндайда бала қыз­ғаншақтыққа, күйзеліске түсіп, нәтижесінде томаға-тұ­йық болып, психикалық дағдарысты бастан кешеді. Соның әсерінен тіл мүкісі пайда болуы мүмкін. Ал, оның толық түзелуіне ұзақ уақыт кетеді. Ол баланың жеке, физикалық, психикалық даму ерекшелігіне байланысты. Аз уақыт дегеннің өзі 3 айға, ал ұзақ уақыт 3 жылға созылуы мүмкін, –   дейді логопед.

Жас маман пластилинмен жұмысқа ерекше мән береді екен, ал, ол – құнды жаттығу, дайын массаж. Сонымен қатар кейіпкеріміз сүйек мүжудің де пайдасын айтты. Бұл кезде ауыз қуысының бұлшық еттері ширайтын көрінеді. Ғылымда дәлелденбегенмен,  бұл да  жаттығу жасаудың тиімді түріне жатады.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

НЕГІЗГІ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2020 г. 1 133 0