« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бүгін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда қаласындағы бірқатар мәдени нысанның тыныс-тіршілігімен танысып, сала өкілдерімен кездесті.
Аймақтар арасында электронды архив құру ісін бірінші боп 2010 жылы біздің өңір бастап берді. Құжаттарды сандық жүйеге көшіру, арнайы бағдарламамен жұмыс істеу үшін 33 млн теңгеге жуық қаржы бөлініп, ақпараттық технология бөлімі ашылды. Облыстық мемлекеттік архивтегі құнды дүниелердің бүгінде 17 проценті цифрлық форматқа ауысты. Оның қатары жыл сайын 2 млн-нан астам сарғайған парақпен толығып отыр. Баға жетпес жәдігерлердің қағаз түрінде басылғанын ескерсек, олардың сақталу мерзімі шектеулі. Мәселен, ХХ ғасырда өндірілген қағаздар 150-200 жылдан кейін тоза бастайды. Сондықтан архивті электронды форматқа ауыстыру негізінде жүйелі жұмыс жалғасады.
Аймақ басшысы жайлы, әсем әрі еңселі қонысқа жайғасқан архившілердің жағдайына қанығып, жаңа үлгідегі ғимараттың мүмкіндігін бағамдады. Мұнда мобильді стеллаждар, желдеткіш жүйелер, автоматты өрт сөндіру құралдары орнатылған. Қоймаларда температура мен ауа ылғалдылығын өлшеу құралдары бар. Құжаттар реставрациялық кабинеттерде нормативке сәйкес сақталып-өңделеді, тігіліп-түптеледі. Архившілер тарих таңбаланған парақтарды шаң-тозаңнан бұрынғыдай қолмен емес, арнайы құрылғының көмегімен тазартады.
– Біздегі ең көне жәдігер – 1890 жылғы мешіт пен шіркеудің тіркеу кітаптары. Ол араб, орыс, латын тілдерінде жазылған. Қызылорда қаласының 1949 жылы жасалған бас жоспары да сақтаулы тұр, – деді мекеме басшысының міндетін атқарушы Жанат Алтынбаева.
Жылына 20 мыңға жуық адам архив қызметіне жүгінеді. Оның арасында ТМД елдерінен де бар. Былтыр барлық сұраныстың 90 проценті электронды үкімет порталы арқылы орындалды. Ендігі кезекте Ресей мен Татарстаннан, Ташкент, Орынбор қалаларынан Сыр өңіріне қатысты құжаттарды әкелу міндеті тұр.
Облыс әкімі Т.Жүргенов атындағы шығармашылық үйінде «Сыр Медиа» ЖШС-нің, облыстық ішкі саясат басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу және ақпараттық талдау орталықтарының жұмысымен танысты.
Дін мәселелерін зерттеу орталығы 2014 жылы құрылған, ондағы 36 қызметкердің 15-і – теолог. Мамандар деструктивті діни ағымдардан жапа шеккендерді қоғамға қайта бейімдеуге, осындай келеңсіздіктердің жолын кесуге үлес қосып келеді. Ал аймақтың әлеуметтік, экономикалық салаларындағы фактілер мен құбылыстарды зерттеуде ақпараттық талдау орталығының ролі ерекше. Бұл өзекті мәселелер, түрлі түсініспеушілік пен наразылықтың алдын алады.
Бірқатар басылымды бір шаңырақ астына біріктірген «Сыр Медиа» ЖШС-нің ақпарат кеңістігіндегі маңызы туралы аймақ басшысына серіктестіктің бас директоры Аманжол Оңғарбаев айтты.
– Онжылдық тарихы бар медиабірлестік құрамында әуелгі жылдары «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» газеттері болды. 2013 жылдың басында жаңа ғимаратқа көштік. Сол жылдан бастап қатарымызға қалалық, аудандық ресми басылымдар қосылды. Содан бері редакциялардың қаржылық, материалдық-техникалық әлеуеті күшейді. Бүгінде «Сыр медиа» – газеттерді жаздыру, басу, тарату қызметін қатар жүргізіп отырған республикадағы бірден-бір іргелі ұжым. Бұл – мемлекеттік-ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру бағытында қолға алынған бастаманың жемісі, – деді Аманжол Сақыпұлы.
Облыс әкімі жаңа үлгідегі технологиямен жабдықталған баспахананы аралады. Қазір мұнда жергілікті басылымдар ғана емес, алыс-жақын аймақтардың 30-дан астам газеті басылып, жер-жерге тарайды.
– Бұқаралық ақпарат құралдары – қоғамның барометрі. «Ешкім газет оқымайды, телеарна көрмейді» деген сөз бекер. Жыл басында елді мекендерді аралағанымда ауыл адамдары үшін негізгі ақпарат көзі осылар екенін білдім. Әлеуметтік желі жеделдігімен ерекшеленсе де, ел мен өңір жаңалығын шынайы әрі нақты көрсетуде газет-журнал мен телевидение бәрібір маңызын жойған жоқ, – деді аймақ басшысы.
Өңірдің мәдени өмірімен танысу одан әрі С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында жалғасты. «Қанат жайған руханият» атты шығармашылық көрме осы күні алғашқы көрерменін қабылдады. Ол суретшілердің Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, Абай Құнанбайұлының – 175, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған туындыларын қамтиды.
– Одан бөлек, келушілер хакім Абайдың бұған дейінгі жинақтарына енбеген «Жаңа закон» өлеңімен, «Қозы Көрпеш-Баян қыз» поэмасымен, Омбы облыстық мемлекеттік архивінен 1959 жылы табылған ақын қолжазбасының фотокөшірмесімен таныса алады. Сырдария аудандық музей қорында сақтаулы тұрған Абай тұтынған шкаф та қызықтырмай қоймайды, – деді галерея меңгерушісі Перизат Ашанова.
Аймақ басшысы мұнда қылқалам шеберлерімен жүздесіп, көрмеден алған әсерімен бөлісті.
– Осындай орындарға жиі келіп тұрған дұрыс. Әсіресе, балалар экскурсиясын ұйымдастыру олардың таным көкжиегін кеңейтуге көмектеседі. Картинаны көріп қана қоймай, жүрекпен сезіну керек, – деді облыс әкімі.
Шығыс ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби мен қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абайдың өскелең ұрпаққа ой салар шығармалары Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапхана көрмесінде де көрініс тауыпты. Аймақ басшысы ғұламаларды жастарға танытудағы кітапхананың ролін атап өтті. Айта кетейік, қазіргі күні кітапхана заман талабына сай компьютерлік қажеттілікпен жабдықталған. Ақпараттық мәдени орын кез келген жастағы оқырманның сұранысын қамтып отыр.
Кітапхана базасында, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі алаңында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жергілікті зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітова сырбойылық 20 қаламгер одақ құрамында екенін жеткізді. Сонымен қатар, филиалдың ұйытқы болуымен атқарылған игі істерге тоқталды.
– Талантты жастардың қабілетін шыңдау, талабын ұштау мақсатында «Сыр толқыны» фестивалін ұйымдастырдық. Үздіктерді қаржылай марапаттау олар үшін үлкен демеу дер едім. Шара аясында жазуға құштар оқушылардың тырнақалды туындыларын шағын жинаққа топтастырдық, – деді ол.
Кездесуде ақын-жазушылар кітап шығару, мерейтойларды мазмұнды түрде атап өту, қаламгерлердің басын қосатын ауқымды шараларға қатысу мүмкіндігін қарастыру сынды түрлі ұсыныс айтты. Аймақ басшысы руханият пен мәдениеттің дамуына барынша қолдау болатынын жеткізді.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы».
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |